Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Авторлық құқық заңмен қорғалады

Авторлық құқық заңмен қорғалады

Еліміз тәуел­сіздік алған кезден бастап-ақ автор­лық құқыққа ерекше мән бере бастады. Себебі, авторлық құқық қорғалмаған мем­лекет дүниежүзілік қара тізімде тұрады екен. Авторлық құқықтың қоғам, мемлекет өмірінде араласпайтын жері жоқ. Тіпті, халықаралық келісімшарттар жасалғанда да алдымен авторлық құқықтың қорғалған не қорғалмағанына баса назар аударылады. Дегенмен, авторлық құқық саласындағы сауатымыздың кемшін екендігі рас. Соның салдарынан түрлі заңсыздықтар орын алуда. Алайда заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтыны анық.
Біздің елімізде авторлық құқықты қорғаудың мемлекеттік негізі 1973 жылы Бүкілодақтық Авторлық құқық жөніндегі Агенттіктің Қазақстандағы бөлімшесі жұмыс істеген күннен бастау алады. Аталған бөлімшеде Қазақстан авторпары мен орындаушыларының, олардың шығармаларының аса мол деректері жинақтала бастады. Авторлық құқықты қорғаудың жаңа бір кезеңі еліміздің тәуелсіздік алуымен тікелей байланысты. 1992 жылы Бүкілодақтық Авторлық құқық жөніндегі Агенттіктің қазақ бөлімшесі негізінде Қазақстанның Авторлық және сабақтас құқықтар жөніндгі мемлекеттік Агенттігі құрылды.
Авторлық құқық мақсатына, мазмұны мен маңызына, берiлу әдiсi мен нысанына қарамастан шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып ғылым, әдебиет және өнер туындыларына қолданылады. Авторлық құқықтың екі түрі бар: мүліктік және мүліктік емес. Мүліктік құқық туынды авторына өзге біреулер қолданған кезде қаржылық табыс алуға мүмкіндік береді. Ал мүліктік емес құқық деп туындыға автор болуға және сол туындыға автордың беделіне нұқсан келтіретін өзгерістерді енгізуге қарсы тұруға мүмкіндік беретін құқықты атайды. Авторлық құқық туралы заңдардың көпшілігінде: автор не авторлық құқықты иеленуші туындыға өзгеріс енгізуге рұқсат етуге немесе керісінше рұқсат етпеуге құқылы деп көрсетіледі.
Жалпы алғанда, авторлық құқық белгілі бір өнер авторын өз туындысының иесі деп тануға, туындыға қол сұғушылыққа қарсы əрекет етуге, туындыны жариялауға немесе жарияламауға мүмкіндік беретін, яғни уақытпен шектелмейтін жеке құқықтар. Автордың өз туындысын өз қалауы бойынша кез келген əдiспен пайдалануға жəне оны пайдалануға бергені үшін сыйақы алуға еркі, яғни мүлiктiк айрықша құқықтарға ие. Қазіргі уақытта авторлық құқықты өрескел бұзып, автордың еңбегін, маңдай термен жеткен жетістігін өзгенің пайдалануы, əсіресе, музыка, кино туындылары саласында, кітап шығару ісінде қарақшылықтың кеңінен етек жайғаны жасырын емес.
Авторлық құқық объектiлерiн, мəселен, аудио-бейне таспаларды заңсыз пайдалануға, табыс табу мақсатында контрафактiлiк даналарын дайындауға, сондай-ақ, контрафактілік дүниелерді сатып алуға заңмен тыйым салынған, тек заңды түрде сатып алынған туындыны табыс табу мақсатынсыз бірлі-жарым дана етiп көшiрмелеуге жол берiледi.
Елімізде «Қазақстан авторлары қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Бірлестік авторлардың мүліктік құқығын басқару, яғни авторлардың атынан олардың туындыларын пайдалануға рұқсат берумен, авторлық сыйақыларын жинаумен, жиналған сыйақыны бөлу және төлеумен айналысады. Сонымен қатар авторлардың шағымымен немесе өз бастамасымен де авторлардың бұзылған құқығы үшін сотқа жүгініп, өтемақы талап етеді. Авторлардың мұрагерлері де қоғам мүшесі болып саналады. Мүшелікке келісімшарт негізінде қабылданады. Авторлық шарт – автор немесе оның мұрагері мен баспа, театр, киностудия және басқалар арасында әдебиет, ғылым немесе өнер шығармаларын қолдану жөніндегі шарт. Авторлық шарт азаматтық заңнамамен айқындалады.
Авторлар қоғамына мүше болған автор қайтыс болғаннан кейін де оның құқығы 70 жыл бойы сақталады. Туындысынан түскен қаржы оның балаларына, туыстарына беріледі. Авторлардың құқығы – ешкімнің араласуына болмайтын құқық. Оны ұрлап алуға да, өзгертіп алуға да болмайды. Авторлардың құқығы көзі тірісінде және қайтыс болған соң 70 жыл бойы қорғалады. 70 жылдан соң ол халықтық мұра болып кетеді. Мысалы, атақты «Қорлан» әнінің авторы Естайдың қайтыс болғанына 70 жыл болғанда газетке жазып, Естайдың мұрагерлері ізделді. Екібастұз қаласында тұратын бір журналист жігіт хабарласып, Естайдың 80 жастағы немересін танитындығын айтқан. Сол негізде немересімен хабарласып, құжат­тары сұратылып, «Бұдан былай авторлық құқығы тоқтайды, қорғалмайды» деп, сол уа­қытқа дейін жиналған 1 миллионнан астам теңгесі берілген.
Қазіргі кездегі ақпараттық жүйелердің қарқынды дамуы әлемдік ақпараттың негізгі көзі болып табылады. Мәліметтер мен ақпараттардың өлшеусіз ағылуы интернет жүйесіндегі авторлық құқықты қорғаудағы құқықтық реттеудің аса қажеттілігін көрсетіп отыр. Еліміздің ғылым мен мәдениетінің дамуына орасан үлес  қосатын Авторлық құқық пен зияткерлік меншік құқығын қорғауды ел болып қолға алып, болашақ ұрпаққа саналы түрде түсіндіру – баршамыздың міндетіміз
З.Айтжанова,
Арал аудандық әділет басқармасының басшысы,
 ҚР Заңгерлер одағының мүшесі
29 сәуір 2020 ж. 2 329 0