Биыл талапкерлерге жатақханалардағы орын автоматты түрде беріледі

«Біз қазір қабылдау комиссиясы үшін электронды нұсқада келген өтініштерді қалай өңдеп, келген сұрақтарға қалай бірден жауап беру туралы оқу курстарын өткізіп жатырмыз. Біз 1 маусымға дейін ЖОО мен колледждердің осындай ішкі жұмыстарын толық бітіріп, құжат қабылдауға толық дайын болуымыз керек», - дейді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Оның айтуынша, құжаттарды электронды түрде қабылдау кең қолданысқа ие.
«Колледждерде тамақтану, жатақханадан орын алу мәселесі бар. Осындай қызмет түрлерінің әрқайсысына бөлек-бөлек өтініш жазып, жекелей құжат жинау керек болатын. Енді абитуриент құжат тапсырғаннан кейін ақпараттық жүйеден оның әлеуметтік мәртебесі, мекен-жайы көрсетіледі және тамақтану қызметі мен жатақханадан орын бірден беріледі», - дейді ол.