Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада карантин талаптарын сақтамағандарға айыппұл салынады

Қызылордада карантин талаптарын сақтамағандарға айыппұл салынады

Төтенше жағдай аяқталып, карантин талаптары жеңілдетілгені сол еді қызылордалықтар қауіпсіздікті ұмытып кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».
Тұрғындар арақашықтықты сақтамақ түгіл бетперде мен қолғап та кимейді. Көпшілігі қазіргі карантин жағдайына мән бермейді немесе маска тағуға ерінеді. Санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға жауапты мамандар тұрғындарға індеттің таралуы әлі жойылмағанын ескертіп әлек. Бірақ адамдардың оған құлақ асып жатқаны шамалы.
Тұрғындардың айтары осы. Күн ысыды, халық бетпердені лақтырып тастады. Томағасы сыпырылған қырандай көшеге лап қойды сосын. Бетпердесіз кіруге болмайды. Осындай ескертпе жазу әр сауда кешендері мен базар маңдайшасында ілулі тұр. Бірақ оны көзге іліп, талапты орындап жатқан сатушы мен сатып алушы санаулы.
«Келгенде маскамен жүріңіздер, маскамен кіріңіздер деп айтылып жатыр. Халықтың әрқайсының түсінігі әр түрлі ғой. Олардың бәріне біз жауап бере алмаймыз. Бірақ түсіндіруге тырысып жатырмыз», – дейді сауда үйінің директоры Гүлшат Алтайбаева.«Кәсіпкерлермен, сатушылармен, жеке тұлғалармен сауда орындарында санитарлық ағарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Хабарламалар таратылып жатыр. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша нысандардың жұмыс жасау алгоритмдері жасалған. Осы алгоритм бойынша тексерулер жүргізіледі», – дейді қалалық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау басқармасының бас маманы Баян Жиенбаева.  
Қоғамдық көліктерге адамдар сығылысып мініп алған. Үлкен автобустардың кондукторы жолаушыларды арақашықтық сақтап отырғызуға тырысып бағады. Ал «ГАЗель», Спринтер жүргізушілерінде ондай мүмкіндік жоқ. Қорғаныш құралын кимегенсің деп жолаушыны желкелеп түсіріп жіберуге құқығы тағы жоқ.
Жағдайды реттеу үшін жергілікті билік бірқатар шара қолданбақ. Мобильді топтар талапқа бағынбағандарды жауапкершілікке тартуға кірісті. 
«Қалада арнайы 10 мобильді топ құрылып, санитарлық қаулыда көрсетілген талаптарды бақылау мақсатында мониторингтік топ құрылған. Заң талаптарын орындамаған кәсіпкерлік нысандарға заң аясында тиісті жауапкершіліктер қаралатыны ескертіліп жатыр», – дейді қала әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов.
Сонымен қатар салынатын айыппұл көлемін арттыру көзделіп отыр. Карантин ережесін өрескел бұзған автобустар жолаушылар тасымалы қызметінен алынып тасталады.
22 мамыр 2020 ж. 658 0