Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 42 500 теңгені алатындар қандай шартты орындайтыны белгілі болды

42 500 теңгені алатындар қандай шартты орындайтыны белгілі болды

Кері қайтарылған өтініштерді қайта қараудың бір шарты бар. Табыстан айырылғаны туралы құжаттарды көрсету керек
 Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ақмади Сарбасов 42 500 теңге ала алмаған азаматтардың өтінішін қайта қарау тәртібін түсіндірді.
"Бұған дейін кері қайтарылған өтініштер ғана қайта қаралады. Ол үшін аудандық жұмыспен қамту бөлімі арқылы аудандық штабқа өтініш беру керек. Ал жалдамалы жұмысшылар болса, онда өтінішті олардың жұмыс берушісі тапсыруы қажет", - деді Сарбасов бүгінгі онлайн брифингте.
Оның айтуынша, жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшартпен жұмыс істейтін азаматтар өтінішті өздері бере алады.
"Сосын кері қайтарылған өтініштерді қайта қараудың тағы бір шарты бар. Табысынан айырылғаны туралы құжаттарды көрсету керек. Мәселен, жалдамалы жұмысшылар ақысыз демалысқа шыққанын дәлелдейтін бұйрықты ұсынуы шарт. Ал жеке кәсіпкерлер банк анықтамасын, я болмаса, қаржылай бір есепті беруі керек. Бірақ ол құжатта адамның табысынан айырылғаны анық көрсетілуі қажет", - деп түсіндірді Сарбасов.
Вице-министр барлық құжат жиналғаннан кейін жұмыспен қамту бөлімі оны аудандық штабтың қарауына шығаратынын атап өтті. Ал штаб 42 500 теңге беру, я болмаса, бермеу туралы шешім шығарады. Оң шешім шығарылса, өтініш халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының филиалына жолданады.
"Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының филиалы барлық талапты ескере отырып, төлемді беруге немесе бермеуге құқылы. Ал өтініш берген адам аудандық штаб, я болмаса, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының филиалы шығарған шешіммен келіспесе, облыстық штабтан өтінішті қайта қарауды талап ете алады. Облыстық штаб оң шешім шығарса, өтініш әлеуметтік төлемді тағайындауға жіберіледі", - дейді Сарбасов.
26 мамыр 2020 ж. 542 0