Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » "Ақыры беріп жатыр екен, ала саламын" деген болмайды – министр 42500 теңге туралы айтты

"Ақыры беріп жатыр екен, ала саламын" деген болмайды – министр 42500 теңге туралы айтты

BAQ.KZ тілшісі. Бүгін  Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42500 теңге туралы толық түсіндіріп берді.

42500 теңге - мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлем. Оны жұмыс істеп жүріп, төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандар ала алады.Бұл өтініштерді екі портал арқылы қабылдаймыз (42500.enbek.kz және egov.kz). Бүгінгі таңдағы мәлімет бойынша 1 млн 284 мың адам тіркеліп үлгерді. ЭЦҚ қолданудың қажеті жоқ. Оны SMS құпиясөзі арқылы растауыңызға болады. Enbek.kz порталында сұрақтар болған.  Enbek.kz сайтында "Тек  жұмыс берушілер тіркеле алады екен, өзін-өзін жұмыспен қамтыған тұлғалар жоқ" деген сұрақ болған. Қазір тәртіп енгізілді.  Жеке тұлғалардың да өтініш беруіне болады. Сондай-ақ бүгін Telegram bot іске қосылды, - дейді Біржан Нұрымбетов.
Ол осы ретте елді толғандырып жүрген - бұл әлеуметтік төлем кімдерге тиесілі деген сауалға жауап берді.
Біріншіден, жалпы бәріңізге айтарымыз - 42500 теңге ресми және бейресми жұмыс істеп жүріп, табысынан айырылғандарға тағайындалған. Біріншіден, бұл тізімге мекемеде, компанияда еңбек етіп жүрген жалдамалы қызметкерлер кіреді. Ол орта және шағыс бизнестің қызметкерлері және карантин енгізілген елді мекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері. Оның ішінде мәжбүрлі түрде ақысыз демалысқа жіберген соң болса төленеді. Бірақ үйде жатып қашықтан жұмыс істегендер бұл санатқа кірмейді. Мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік ұйымдарға бұл төлем берілмейді. Әлеуметтік төлем берілетін келесі топ – өз бетімен жұмыс істеп жүрген жеке тұлғалар. Олардың арасында ресми және бейресми жұмыспен айналысып жүргендер бар. Сондай-ақ екі күн бұрын енгізілген бұйрық бойынша тағы бір cанат – мемлекеттік ұйымдардан басқа, коммерциялық емес заңды тұлғалардың (коммерциялық емес ұйымдардың) жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген қызметкерлері қосылатын болды, - деді министр.
Екіншісі, өзің-өзі жұмыспен қамтыған жеке тұлғалар. Олардың өзі ресми түрде салық төлеп жүрген бейресми деп бөлінеді.
Ресми жұмыс істеп жүргендер – жеке кәсіпкерлер, адвокат, нотариус, сот орындаушы мен медиатор, фрилансер сияқты жеке практикамен айналысып жүргендер. Олар төтенше жағдайға дейін тиісті әлеуметтік жарна аударған болса, өтініш беруіне болады. Олардың қатарына төтенше жағдайға дейін бірыңғай жинақтық төлемді аударған адамдар да жатады. Бейресми жұмыс істеп жүргендер – ешқашан еңбек шартын жасамаған, салық төлемеген, әлеуметтік төлем төлемеген, тіпті бірыңғай жинақтық төлемді де төлемеген адамдар. Мемлекет басшысы осындай адамдарға да 42 500 теңге төлену керек екенін, бірақ ол үшін алдымен бір рет мәртебесін рәсімдеу керек екенін айтты. Мәртебені бір рет рәсімдеу деген – бірыңғай жинақтық төлемді төлеу. Оны бір рет төлесеңіздер, 42 500 теңгені ай сайын аласыздар. Бейресми жұмыс істеп жүргендер БЖТ-ны төлегеннен кейін келесі күні аталған портал арқылы өтініш бере алады. Бірақ "ақыры беріп жатыр екен, ала саламын" деген болмайды, - дейді Біржан Нұрымбетов.
https://baq.kz/
06 сәуір 2020 ж. 726 0