Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек дауларын сотқа дейін реттеудің маңызы зор

Еңбек дауларын сотқа дейін реттеудің маңызы зор

Қай қоғамда болмасын, жұмыс беруші мен қызметкер арасында еңбек заңнамасын қолдануға, келісімдердің, еңбек және ұжымдық шарттардың, жұмыс берушінің актілерінің талаптарын орындауға немесе өзгертуге қатысты даулы проблемалар туындап отырады. Қазіргі нарықтық экономика және жекеше кәсіпкерлік жағдайында еңбектегі жанжал - жиі құбылыс.
Осындай еңбек дауларын ушықтырмай реттеудің заңнамалық механизмдерінің бірі - Еңбек кодексінде көзделген дауды келісу комиссиясымен реттеу болып табылады.
Еңбек кодексіне сәйкес, жеке еңбек даулары бойынша алдымен келісу комиссияларына, содан кейін ғана сотқа жүгіну тәртібі көзделген. Яғни, заң талабына сәйкес, жұмыскерлердің немесе бұрын еңбек қатынастарында тұрған адамдардың не жұмыс берушінің келісу комиссиясына жүгінуі олардың арасында туындаған жеке еңбек дауын сотқа дейін реттеу тәртібінің міндетті сатысы.
Келісу комиссиясы жұмыс беруші мен жұмыскерлер өкілдерінің бірдей санынан тепе-тең негізде ұйымдарда, оның филиалдары мен өкілдіктерінде құрылатын, тұрақты жұмыс істейтін орган болып табылады. Ол, еңбек қатынастарын, еңбек қатынастарымен тікелей байланысты қатынастарды реттеу кезінде еңбек заңнамасын қолдану процесінде туындайтын мәселелер бойынша, әлеуметтік әріптестік, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі жеке еңбек дауларын қарайды.
Еңбек кодексінде келісу комиссиясына немесе сотқа жеке еңбек дауларын қарау бойынша жүгіну үшін мынадай мерзімдер көзделген: жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша – жұмыс берушінің еңбек шартын тоқтату туралы актісінің көшірмесі келісу комиссиясына тапсырылған күннен бастап бір ай, ал сотқа жүгіну үшін – реттелмеген даулар бойынша не еңбек шартының тарабы келісу комиссиясының шешімін орындамағанда жүгінген кезде келісу комиссиясы шешімінің көшірмесі тапсырылған күннен бастап екі ай; басқа еңбек даулары бойынша – жұмыскер немесе жұмыс беруші өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап бір жыл.
Еңбек кодексінің 159-бабының 4-тармағы бойынша келісу комиссиясына түскен өтініш берілген күні тіркеледі. Келісу комиссиясы дауды өтініш тіркелген күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде қарауға және дау тараптарына шешімнің көшірмесін оны қабылдаған күннен бастап үш күнде беруге міндетті. Комиссияның шешімі, жұмысқа қайта алу туралы дауды қоспағанда, онда белгіленген мерзімде орындалуға тиіс. Ал, жеке еңбек дауын қарау бойынша келісу комиссиясының не соттың жұмыскерді бұрынғы жұмысына қайта алу туралы шешімі дереу орындалуға жатады.
Егер жеке еңбек дауының тарабы келісу комиссиясының шешімімен толықтай немесе оның бір бөлігіне келіспейтін болса, жоғарыда айтып өткендей, дау реттелмеген болып есептеледі және келісу комиссиясының
шешімімен келіспейтін тарап келісу комиссиясының шешімі орындалмаған жағдайдағы сияқты, еңбек дауын шешу үшін сотқа жүгінуге құқылы.
Заңдағы бұл норма тараптарға жеке еңбек дауларын қысқа мерзімде, соттан тыс шешуге мүмкіндік береді. Және мұның сөзсіз жағымды тұстары көп. Даудың тез әрі тиімді, оңтайлы шешілуіне, тараптардың материалдық шығынының азаюына, адамның моральды түрде шаршамауына, сонымен қатар еңбекте тараптардың бұрыңғы қарым-қатынасты сақтап қалуында маңызды рөл атқарады.
Татуластыру рәсімдерінің қолданылу аясын кеңейту мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының бастамасымен 2019 жылғы ақпан айынан бастап «Еңбек дауларының және жария-құқықтық қарым-қатынастан туындайтын даулардың алдын алу» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның мақсаты жеке еңбек дауларының кәсіподақ өкілінің қатысуымен келісім комиссиясында қаралуы және шешілуі, яғни еңбек дауларының соттан тыс және сотқа дейін реттелуін көздейді. Медиация институтын дамытуда бұл жобаның берері мол. Өйткені, татуластыру рәсімдерін қолдану аясын кеңейту, халықтың соттан тыс дауды реттеу мүдделілігін анықтау медиацияның негізгі мақсаты.
Осы орайда, кәсіподақ ұйымдарына еңбек шартының талаптарына дауды медиатордың қатысуымен реттеуді енгізу, сондай-ақ еңбек даулары бойынша татуластыру рәсімдерін насихаттау ұсынылады.
Камшат Садуақасова,
Арал аудандық сотының төрағасы
27 мамыр 2020 ж. 816 0