Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 192 МЫҢ ТЕҢГЕ – ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІНЕ

192 МЫҢ ТЕҢГЕ – ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІНЕ

Бүгінгі таңда Қызылорда облысында 37 соғыс және 5900 тыл ардагері бар. Ұлы Жеңістің 73 жылдығына орай биыл соғыс ардагерлеріне жергілікті бюджет есебінен 192 мың теңге көлемінде бір реттік көмек беріледі. Ал, тыл ардагерлеріне 30 айлықтық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы төленеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында қызылорда облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеді.
  Сонымен қатар, есту және сөйлеу қабілеті төмен 78 адамға веб камералы ноутбук, ал көз мүгедектеріне сөйлеу синтезаторы бар 156 ноутбук табысталады.
Жалпы, жыл басынан бері көмекке мұқтаж 1511 адамға 89,2 млн теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді. Нақты кезеңде облыста 28 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар.
Баспасөз конференциясына қатысқан облыстық еңбек саласын бақылау басқармасының басшысы Ертілеу Жалғасбаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің облыс бойынша департаментінің басшысы Төреахмет Жолымбетов өз салаларында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы баяндады.
  Сондай-ақ, Елбасының тапсырмасына сәйкес, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы көлемі 8% көтерілді. Мемлекеттік базалық зейнетақы және жәрдемақылардың басқа түрлері 6% арттырылды. Мүгедектерге, асыраушысынан айырылған және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған жәрдемақылар 16 процентке дейін өсті.
  Осыған орай, облыс бойынша 223 мыңнан астам зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың қайта қаралған төлемдері, үстіміздегі жылдың қаңтар айынан көбейтілген мөлшерлерде төленуде.
kyzylorda-news.kz

07 сәуір 2018 ж. 1 205 0