«Аралтұз» зауытындағы мыңнан астам жұмысшының құқығы қорғалды

Арал аудандық прокуратурасы мамандары «Аралтұз» АҚ жұмысшыларының еңбек құқығын сақталуы және жалпы экологиялық жағдайына талдау жасады. Талдау нәтижесінде көптеген заң бұзушылық анықталды. Зауытта барлығы 1000-нан астам жұмысшы еңбек етеді. Жалақының орташа мөлшері 70-75 мың теңге. Ал өзге де ұсталымдарды есепке алғанда, қызметкерлердің негізгі бөлігінің жалақысы 60 мың теңгеге жетпейді.
Еңбек ұжымымен кездесу барысында және жеке қабылдау өткізу кезінде негізгі талаптар бойынша жалақы мөлшерін арттыру және еңбек жағдайының қауіпсіздігін жақсарту жөнінде көмек көрсету сұралған болатын. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің актісінде жұмысшыларға еңбек жағдайының зияндылығы немесе қауіптілігі үшін жоғарылатылған мөлшерде жалақы белгіленеді. Бұған қоса, аталған санаттағы жұмысшыларға кемінде алты күнтізбелік күнге созылатын қосымша ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы берілуі тиіс.
