«Елбасы медалі» жобасы басталды
Елімізді талантты жастарды қолдауға арналған «Елбасы медалі» жобасы басталды. Аталмыш жобаға 14-29 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз конференциясында облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова мәлімдеді деп хабарлайды kyzylorda-news.kz.
«Елбасы медалі» жобасының басты мақсаты – еліміздің барлық аймақтарынан дарынды ұл-қыздарды іздеу, олардың бойында жауапкершілік, қайсарлық, мақсатқа жету сынды қасиеттерге тәрбиелеу. Сондай-ақ, қатысушыға өзін-өзі дамыту үшін 7 бағыт ұсынылған. Олар: спорт және дене шынықтыру, дарын мен дағды, еріктілік, туристік саяхаттар, кітап оқу, ұлттық мұра және еңбек тәжірибесі. Яғни, әр деңгейде қатысушының жасы бойынша талап орнатылған. Сонымен қатар, қатысам деушілер онлайн платформада тіркеледі, қалаған деңгейін таңдап, табыстың жеті жебесіне сай келетін 7 бағыт бойынша тапсырмаларды орындайды», – деді Ақзира Бақтыбайқызы.Бағдарлама үш деңгейден тұрады. Олар қола, күміс және алтын. Қола деңгейі 14 жастан, күміс деңгейі 15 жастан, алтын деңгейі 16 жастан. Бағдарламаға қатысуға ниет білдірушілер me.fpp.kz сайтында 20 маусымға дейін өтінім беру керек.