Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » 42 500 теңгені алу ережесі жарияланды

42 500 теңгені алу ережесі жарияланды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шектеу шараларын енгізуге байланысты табысынан айырылғандара біржолғы әлеуметтік төлемді беру ережесін жариялады. 

42 500 кімге беріледі?

Біржолғы төлем шектеу іс-шараларының енгізілуіне байланысты шілде айында кірістен айырылу жағдайында бір рет тағайындалады және бір ең төмен жалақы мөлшерінде белгіленеді. 
Біржолғы төлем келесі санаттарға тағайындалады:
  1. екінші деңгейдегі банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың және олармен бірге жұмыс істейтін заңды тұлғалардың, мемлекеттік заңды тұлғалардың (шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорындардың жұмыскерлерінен басқа), акциялары және жарғылық капиталындағы үлесінің жүз пайызы мемлекетке тиесілі заңды тұлғалардың жұмыскерлерін қоспағанда жалақысы сақталмай, демалысқа шыққан жұмыскерлерге; 
  2. жеке кәсіпкерлерге;
  3. жеке практикамен айналысатын адамдарға;
  4. азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғаларға;
  5. Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 774-бабына сәйкес бірыңғай жиынтық төлем төлеуші болып табылатын жеке тұлғаларға.

42 500 кімге берілмейді

Халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық және қалалық штабтар барлық өтінішті қарайды. Штабтардың құрамына мүдделі мемлекеттік органдар, өңірлік кәсіпкерлер палатасы және кәсіподақ өкілдері кіреді. Шектеу шараларының енгізілуіне байланысты табысынан толық айырылмаған адамдарға біржолғы төлем берілмейді. Атап айтқанда: 
• жұмыс берушінің, жеке кәсіпкердің, жеке практикамен айналысатын адамның немесе азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт бойынша кіріс алатын жеке тұлғаның қызметі шектеу шараларының енгізілуімен шектелмеген жағдайда; 
•  жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген адамдарды қоспағанда, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысындағы немесе әлеуметтік демалыстағы адамдарға; 
• еңбек заңнамасына сәйкес тоқтап тұрудың енгізілуіне байланысты жұмысынан босатылған адамдарға;
•  ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында бірыңғай жиынтық төлемін аудармағандарға;
• азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыстарды орындаудан (қызметтер көрсетуден) кіріс алатын, ағымдағы жылғы бірінші жартыжылдықта өздері үшін міндетті зейнетақы жарналары (бұдан әрі – МЗЖ) түспеген  жеке тұлғаларға; 
• зейнетақы төлемдері, мемлекеттік жәрдемақылар мен атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, қордан төленетін әлеуметтік төлемдерді алушыларға, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылмаған адамдарға және «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жұмыс күшінің құрамына кірмейтін, шектеу іс-шаралары енгізілген кезеңде алғаш рет бірыңғай жиынтық төлемін төлеген адамдарға; 
• толық мемлекеттің қамсыздандыруындағы қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріндегі адамдарға;
• біржолғы төлем алушының жоғалтылған кірісі қалпына келтірілген жағдайда тағайындалмайды.

Өтініш қалай жіберіледі

Шектеу іс-шараларын енгізуге байланысты кірісінен айырылған адамдардың тізімін және олардың тиісті талаптарға сай болуын жұмыс беруші айқындайды. Сондай-ақ, өз атынан өтініш береді. Ал жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатындар, азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кіріс алатын жеке тұлғалар мен бірыңғай жиынтық төлем төлеуші болып табылатындар өтінішті өздері жібереді. 
Өтініш беруші ұсынылған ақпарат пен мәліметтердің дәйектілігін жауап береді. Біржолғы төлем тағайындау туралы өтінішті бірнеше жолмен жіберуге болады. Олар:
– «Электрондық үкімет» веб-порталы;
– Enbek.kz порталы; 
– адамдар үшін – электрондық үкіметтің telegram-bot-ы және  42500.enbek.kz aitu-bot порталы арқылы; 
– екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары мен интернет-ресурстары; 
– осы ереженің 5) тармақшасында көрсетілген адамдар үшін проактивті қызмет арқылы көрсетіледі. Бұл жағдайда әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш талап етілмейді. Бір жолғы төлем тағайындауға келісім алу үшін ұялы телефонға СМС хабарлама жіберіледі;
Өтініштер 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін қабылданады. Біржолғы төлем тағайындауға өтініш тіркелген күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктермей жіберіледі.
kyzylorda-news.kz
 
22 шілде 2020 ж. 389 0