Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирус: Ауыр немесе жеңіл түрі екенін қалай анықтауға болады?

Коронавирус: Ауыр немесе жеңіл түрі екенін қалай анықтауға болады?

ҚМҮББУ микробиология, вирусология және жалпы иммунология кафедрасының профессоры Раушан Тьесова-Бердалина онлайн брифинг барысында вирустың ауыр түрін қалай анықтауға болатынын айтты.

Коронавирустың ауыр түрін анықтау соншалықты қиын емес. Егер дене температурасы 38 градустан түспей қойса және ЖРВИ белгілері білінсе, ол сырқаттың ауыр түрі. Одан бөлек жөтел, ентігу пайда болып, тәбет жоғалса, бірден дәрігерге жүгіну қажет. Сондай-ақ, созылмалы ауруы бар адамдарда сырқат ауыр жүреді. Қант диабеті, артериялық гипертензия, жүрек ауруы бар адамдардың жағдайы КВИ кезінде қиындай түседі, - дейді ол. 
Сонымен қатар, ол симптомсыз науқастар вирус тасымалдаушы екенін жеткізді.
Адамдарда аурудың белгісі білінбеуі мүмкін, дегенмен олар вирус тасымалдаушы бола алады. Оны тек зертханалық талдау арқылы ғана анықтай аламыз, - дейді профессор. 
Сөз арасында ол маска тағудың пайдасы жайлы айтып өтті.
Маска - медициналық құрал. Ол сонау 14 ғасырдан бері қолданылып келеді. Оба, басқа да жұқпалы аурулар кезінде қолданыла бастаған. Содан бері өзінің тиімділігін көрсетті. Коронавирус тыныс жолдары арқылы жұғатындықтан маска таққан жөн. Науқас түшкіріп, сөйлеген кезде, ол ауаға тарайды да 20-30 минуттан кейін айналасындағы заттарға қонады. Сондықтан қоғамдық орындарда, автобуста маска тағу керек, - дейді ол.
Брифинг барысында дәрігер денсаулықты нығайту үшін көбірек қозғалып, таза ауада жүру керектігін айтты.
Қазір карантин жағдайы болған соң адамдардың көпшілігі үйінен шықпай отыр. Кейбірі офисте жұмыс істейді, яғни қозғалыс аз. Бұл адам денсаулығына кері әсер етеді. Азаматтарға таза ауада серуендеп, көбірек қозғалуға кеңес беремін. Одан бөлек, дұрыстап ұйықтап, нәрлі тағамдарды қабылдаған жөн, - дейді Тьесова-Бердалина.
06 тамыз 2020 ж. 552 0