Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тегін ПТР тест кімдерге тиесілі?

Тегін ПТР тест кімдерге тиесілі?

Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Ләззат Ақтаева ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг кезінде ПТР-тестті кімдер тегін тапсыра алатынын айтты.

Бүгінде елімізде тәулігіне 28 000-нан астам тест жасалып жатыр. Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, клиникалық және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша тесттен міндетті түрде өтуі керек тұлғалар контингенті жасалған. Яғни, коронавирус инфекциясын жұқтырғандар және вирус тасымалдағыш адамдар, ЖРВИ, тұмау және пневмония белгілері бар пациенттер, коронавирус инфекциясы бар науқастармен байланыста болған адамдар, жедел ауруханаға жатқызылатын науқастар тегін ПТР тестілеуден өтуі керек. Сонымен қатар, медицина қызметкерлері, әскери қызметкерлер, мемлекеттік шекарадан өткен тұлғалар да ПТР тестті тегін тапсырады, – деді ол.
Министрдің міндетін атқарушы брифинг барысында «КВИ тесті расталған науқастарды ауруханаға жатқызбауы мүмкін бе?» деген сауалға жауап берді.
Бұған дейін, біз егер пациенттен вирустың симптомсыз түрі анықталған болса, онда ол үйде амбулаториялық ем қабылдап, дәрігердің бақылауында болатынын айтқан едік. Егер науқаста аурудың жеңіл түрі байқалса, бұл кезде де ол үйде медициналық бақылауда болады. Яғни, оны бастапқы медициналық-санитарлық көмек (БМСК) дәрігерінің телефон арқылы бақылауы (үш күнде 1 рет), қажет болған жағдайда бейнеқоңырау шалып кеңес беру шаралары жүргізіледі. Осындай қоңырау шалу кезінде жинақталған мәліметтер (науқастың ауру белгілері) негізінде коронавирус инфекциясының өршуі немесе бәсеңдеуі анықталады, – деді Ақтаева. 
Сонымен қатар, Ләззат Ақтаева КВИ жұқтырған пациент нақты қайда емделетініне тоқталды.
Егер коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастың жағдайы орташа ауыр деңгейде болса, онда ол инфекциялық стационарда ем қабылдайды. Медициналық ұйымдар пациентті бір-біріне бағыттамауы керек. Егер пациент провизорлық стационарда жатып, оны инфекциялық стационарға ауыстыру керек болған жағдайда ғана бағыттауға болады. Кез келген медициналық мекемеден екіншісіне ауыстыру процесі екі мекеменің келісімі арқылы ғана жүзеге асырылуы тиіс, – деді ол.
baq.kz​​​
19 маусым 2020 ж. 615 0