Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Коронавирус пен тұмау: денсаулық министрлігі күзде не болатынын болжады

Коронавирус пен тұмау: денсаулық министрлігі күзде не болатынын болжады

Қазақстанда жыл сайын вирустық инфекциялар мен тұмауға 1 миллионға жуық адам шалдығады. Күзде оған коронавирус та қосылуы мүмкін. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахмет мәлімдеді.
«Биыл күзде коронавирус күшейеді деген болжам бар. Сол кезде жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаудың маусымы басталады. Соның аясында коронавирустың жаңа толқыны болады деген болжам бар», – деді Қожахмет орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, соңғы 5-7 жылдың ішінде Қазақстанда қазан мен наурыз аралығында ЖРВИ мен тұмауға шалдыққандардың жалпы саны 600 мыңнан бастап 1 миллион адамға дейін барған.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде ең пессимистік болжамдар негізге алынады. Соның арқасында денсаулық жүйесін барынша дайындап қоюға мүмкіндік бар.
Министрліктің ресми өкілі дәрі-дәрмектің қорына да тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, «СК-Фармация» ЖШС жалпы құны 8,7 миллиард теңге болатын 91 түрлі дәрі-дәрмекті аймақтарға жіберді. Бұл препараттар орташа есеппен 40 мың науқасқа жетеді. Бес күннен кейін, яғни 15 тамыздан бастап тағы екі айға жететін қор әзірленеді.
Ал  амбулаторлық деңгейде, яғни, үйде ем алатын науқастарға арналған тегін дәрінің бес түрін сатып алу жұмыстары аяқталуға жақын. Ол препараттар 1 миллион пациентке жетеді. Тегін дәрілердің ішінде «Парацетамол», «Ибупрофен», «Ривароксабан», «Апиксабан» мен «Дабигатран» деген препараттар бар. Бұның барлығы емхана арқылы таратылады.
sputniknews.kz
11 тамыз 2020 ж. 508 0