Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » COVID-19: денсаулық министрлігі жағымды жаңалықты бөлісті

COVID-19: денсаулық министрлігі жағымды жаңалықты бөлісті

Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусты жұқтыру өсімінің тоқтатылғанын мәлімдеді.
«Қазақстанда коронавирусты жұқтыру өсімі тоқтатылды. Ел бойынша жағдай айтарлықтай жақсарды. Атқарушы билік ахуалды қатаң бақылауда ұстап отыр. Медициналық қауымдастықтың санитарлық-эпидемиологиялық қызметі өзіне жүктелген міндетті толықтай орындап жатыр. Осылайша, еліміз ең күрделі кезеңді артта қалдырды десе болады», – деді министрліктің ресми өкілі Бағдат Қожахмет орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, жеткен жетістікке қуанып, босаңсуға болмайды. Ендігі міндет – індетті жұқтыру мен өлімді тоқтату. 
«Осы ретте барша қазақстандықтарды санитарлық ережелерді орындауға шақырамыз», – деп атап көрсетті Қожахмет.
Министрлік өкілі бүгіннен бастап әрбір дүйсенбі сайын брифинг өткізетінін де жеткізді. Осылайша, денсаулық сақтау министрлігі арқылы халықтың үнін тыңдайтын мемлекетті көрсеткіміз келеді дейді.
Айта кетейік, соңғы тәуліктің ішінде республика бойынша коронавирус жұқтырған 741 адам тіркелді. 23 науқас қайтыс болды. Жалпы, осы уақытқа дейін 99 442 қазақстандық коронавирусқа шалдыққан. Осы уақытқа дейін 1 269 науқас көз жұмды. 
Бұдан бөлек, 1 тамыздан бастап коронавирусқа ұқсас пневмониялар да есепке алынады. Бірақ  статистика бөлек көрсетіледі. Оған сәйкес, 10 тамыздағы жағдай бойынша коронавирустық пневмонияға шалдыққан 13 280 адам тіркелген. 9 күннің ішінде 164 науқас көз жұмды. Ал соңғы бір тәуліктің ішінде 159 пациент анықталып, 12 пациент қайтыс болды. 
«Қазіргі уақытта коронавирустық инфекциядан 25 650 адам ем қабылдауда. Олардың ішінде 105 бала бар. Стационарларда 4 713 науқас жатыр. 20 937 адам амбулаториялық жағдайда емделуде. Жалпы, науқастардың арасында 246 адамның жағдайы нашар. Соның ішінде 69 науқастың өте ауыр хәлде. 70 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған», – дейді министрлік мамандары.
sputniknews.kz​​​
11 тамыз 2020 ж. 497 0