Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда коронавирус жұқтыру өсімі тоқтатылды – ДСМ

Қазақстанда коронавирус жұқтыру өсімі тоқтатылды – ДСМ

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында "Халыққа медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру" тақырыбы аясында өткен онлайн брифинг кезінде ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өзіндік медиа орталығы іске қосылды. Оның негізгі міндеті – қоғамдық орта, БАҚ пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайту. Министрлікке келіп түскен арыз-шағымдарға жедел жауап беруге әзірміз. Біздің мақсатымыз – министрліктің ішкі және сыртқы байланысын дамыту. Біз Денсаулық сақтау министрлігі арқылы халықтың үнін тыңдайтын мемлекет үлгісін көрсеткіміз келеді, - деді ол.
Сөз барысында елдегі эпидемиологиялық жағдайға тоқталған ресми өкіл Қазақстандағы вирус жұқтыру өсімінің тоқтағанын айтты.
Қазақстанда коронавирус жұқтыру өсімі тоқтатылды. Ел бойынша жағдай айтарлықтай жақсарды. Атқарушы билік жағдайды қатаң бақылауда ұстап отыр. Медициналық қауымдастықтың санитарлық-эпидемиологиялық қызметі өзіне жүктелген міндетті толық көлемде орындап жатыр. Осылайша, еліміз ең күрделі кезеңді артта қалдырды десек болады. Бірақ, жеткен жетістікке қуанып, босаңсуға болмайды. Ендігі міндетіміз – індетті жұқтыру мен өлім-жітім көлемін тоқтату. Осы ретте барша қазақстандықтарды санитарлық ережелерді мұқият сақтауға шақырамыз, - деді ол.
Ресми дерек бойынша, Қазақстанда 2020 жылдың 13 наурызы мен 10 тамызы аралығында 99 442 адам коронавирус жұқтырған. 
Жазылып шыққан науқастар саны – 72 523 (72,9%). Стационарларда 4713 адам ем-дом қабылдауда және 20 937 адам амбулаторлық жағдайда емделуде. Ауырып жатқандар арасында 246 адамның жағдайы нашар және 69 адамның жағдайы өте нашар деп бағаланған. Жалпы, 70 науқас өкпені жасанды желдету аппаратымен жатыр. Соңғы тәулікте COVID-19 вирусын 741 адам жұқтырса, 23 адам қаза тапты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша 1 тамыздан бастап коронавирустық инфекция және соған ұқсас белгілері бар пневмония деректерін статистика қатарына қостық. Осыдан кейін еліміз індеттің таратылу көрсеткіші бойынша әлемдік рейтингте бір сатыға ғана көтерілді. Бұған дейін 27-ші орында тұрса, қазір 26-шы орында. Бірақ, бұл көрсеткішке қарап, жігерді жасытуға болмайды, біз үшін маңыздысы - күресті күшейтіп, жағдайды одан әрі жақсарту, - деді Бағдат Қожахметов.


10 тамыз 2020 ж. 538 0