Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Вальс «королі»

Вальс «королі»

15 тамыз – қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Ән әлемінде өзінің өшпес ізін қалдырған композитордың туғанына биыл 90 жыл. 1930 жылы 15 тамызда Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында  дүниеге келген Шәмшінің әкесі болашақ ұлы сазгер дүниеге келерде түс көрген. Түсінде ұлының көлде аққу құс болып жүзіп жүргенін көреді. Бұл ән айдынындағы Шәмшінің тағдырынан хабар берген аян болса керек...
Айы-күні жетіп, анасы Сақыпжамал босанып, сәбидің есімін Жәмшит қояды. Анасы Естайдың «Қорланын» үнемі әлдиіне қосып отыратындықтан болар, Шәмшінің өмір бойы сүйіп айтатын әні «Қорлан» болыпты. Ол өнер жолынан бұрын әуелі Қапланбектегі зооветтехникумды тәмамдап, кейін Сахалиндегі әскери училищені бітіреді. Кейін елге келген соң Ташкент қаласындағы Хамза Ниязи атындағы музыка училищесін, содан соң Қазақтың Құрманғазы атындағы консерваториясының композиторлар дайындайтын факультетінде оқыған. Бірақ Шәмші диплом ала алмай, өмірінің соңына дейін әуесқой сазгерлер қатарында жүрген. Ол – дипломсыз талант, алайда сауатсыз композитор емес. Ол бар қазақтың жүрегіне жол тапқан ұлы композиторға айналды. Ән әлемінің королі атанған Шәмші жайында
айтылар сыр да, қызық дерек те көп. Солардың
бірқатарын оқырман назарына ұсынамыз.
«Ұлы Шәмші көз жасынан ұялмай ұзақ жылады»
Шәмшінің әкесі он саусағынан өнер тамған ұста, зергер болғанымен, әншілікке әуестігі болмаған. Бұл қасиет нағашыларынан дарыса керек. Анасы Сақыпжамалдың әуезді үні ауыл арасындағы той-жиындарда жиі естіледі екен. Көпшілік ортада көмейден күй төгетін, тамылжытып ән салатын өнері болыпты. Бала бойына сіңген қасиет кейін ізденіс арқылы ұлы өнерге жол салды. Шәмші жайлы жылы естеліктер жиі айтылады. Соның біріне көз жүгіртсек...
«Иә, Шәмшінің өмірі оңай болған жоқ. Әндерінің кең тарауы өз жемісін әкеліп, «Қазақ КСР өнеріне еңбек сіңірген қайраткер» деген атақ аламын ба деп үміттенді. Себебі бұл атақ ел таныған, бірақ, билік танымаған сазгерге өмірлік зейнетақысын қамтамасыз етер еді. Бірақ 1989 жылдың жазында қазақ халқының ең сүйікті композиторына «Қазақ КСР еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» деген атақ берілді. Әрине екі атақтың арасы жер мен көктей еді. Бұл хабарды вальс падишасы Шымкент қаласына жақын Ленинск, қазіргі Қазығұрт ауылында қазақ халық әндерін жинаушы, жасы кіші досы Райымқұл Темірбектің үйінде отырғанда газеттен оқып біледі. Сосын, тамаша әндерімен елін 35 жыл қуантып келген сазгердің көздерінен парлап жас ақты. Шәмші жылады. Ұлы Шәмші көз жасынан ұялмай ұзақ жылады», - деп жазады әдебиет, өнер зерттеушісі Бердалы Оспан «Шәмші туралы сыр» атты мақаласында. Бұл естеліктен композитордың өнер адамына тән сезімталдығын анық аңғаруға болады.
Шәмшінің жары Жәмила Қалдаяқова қалада орыс мектебінде білім алған. Шәмші екеуі үш-төрт жыл қыз-жігіт болып жүргеннен кейін, шаңырақ құруға шешім қабылдапты. Ол кезде композитордың жары 27-де болған. Шәмші «Жәмиланы әдейі қартайтып алдым» деп әзілдеген екен. Кейін ұлдары Қасым мен Мұхтар дүниеге келген. 
 
«Ағамнан бата алмадым деп
қатты өкінемін»
Композитордың жалғыз қарындасы Райхан Қалдаяқованың сөзінше сазгер массажды жақсы көрген екен. 
«Әлі есімде ағам қайтыс боларынан бұрын маған: «Па шіркін, сенің қолың шипалы! Ахани, маған массаж жасап берші. Адамның ауруын қайтаратын қасиетің бар, осы сенің. Менен бата алып, адам емдесеңші», –деген еді. Мен: «Аға, қойыңызшы қай-қайдағыны айтпай», – деп күлетінмін. Қазір неге ағамнан бата алмадым деп қатты өкінемін. Құдайдың өзі ағамның аузына салған ба, 1992 жылдан бастап дене жараларын емдеп келемін», – деп өткен күнді еске алады Райхан Қалдаяқова.
Қазақ ән әлемінде Шәмшінің орны ерекше. Сазгердің 300-ге жуық әні бар. Шәмші әндеріне басқа түгіл ағылшынның өнер қайраткері Роберт Файлер таң қалып: «Мен қазақтың ұлы композиторымен танысқаныма қуаныштымын. 300-ге жуық ән шығару деген – ұлы ерлік! Сізге ескерткіш орнату керек», – деген екен.
 
«Менің музыкаға қызығушылығым осыдан басталды»
Шәмші Мұхтар Шаханов, Сабырхан Асанов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Зәкір Шүкіров, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың дарынды ақындарымен жұмыс жасаған. Композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқовтың айтуынша, Қазақстанның түкпір-түкпірінен Шәмші Қалдаяқовпен амандасу үшін келетін кездері болған. 
«Біздің үйге адамдар өте көп келетін. Ал ақындар келген кезде музыка әлеміне сүңгіп кететіні соншалық, біз туралы мүлде ұмытатын. Тіпті немен шұғылданып жатқанымызды сұрамайтын. Ал мен бала болсам да кедергі жасамауға тырысып, даладан келген кезде, ақырын басып, бөлмеме кіріп кететінмін. Сондықтан болар, оның әрбір нотаға түскен әні бала кезімнен миыма сіңіп, мәңгі есімде қалды. Менің музыкаға деген қызығушылығым осыдан басталды десем болады», –  дейді Мұхтар Қалдаяқов.
Мұхтар Әуезов өмірден озар тұсында университет студенттері алдында сөйлеген әйгілі сөзінде Шәмші саздарын Ақан, Біржан өнерпаздығынан кейінгі бір «жыл келгендей жаңалық»  сезіндіретін үздік құбылыс ретінде бағалаған. Жұрт аузында «бүкіл қазақ еліне ән салдырған Шәмші» атануының сыры сонда. Сазгер әндері, әсіресе, 60-70-жылдардағы жастардың аузында жүрді. Халық арасында әсіресе  отаншылдық, елшілдік туралы «Менің Қазақстаным» туындысы айрықша болды. 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысушы ұл-қыздар Алматы алаңдары мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұрандай шырқап шықты. 2005 жылдан «Менің Қазақстаным» туындысы Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны болып бекітілді.
Ұлы композитор 1991 жылдың 16 қарашасында ауырып, ауруханаға түсті. Сол жылдың 29 желтоқсанында сазгерге «Қазақстанның Халық әртісі» атағы берілді. Халқын сүйген, халқы сүйген сазгер 1992 жылдың 29 ақпанында көз жұмды.
Әзірлеген  М.ЖАСҰЛАН
15 тамыз 2020 ж. 853 0