Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қырыққабат несімен пайдалы?

Қырыққабат несімен пайдалы?

Ақ қырыққабат - елімізде ең танымал көкөніс түрі. Алайда, жаңа піскен қытырлақ көкөністің көптеген пайдалы туыстары бар - қызыл қырыққабат, брокколи, кольраби, теңіз, түрлі-түсті, кале, пекин, савой, брюссель, қытай және басқалары. Сізге қырыққабаттың барлық пайдасы туралы айтып береміз.

Егер сіз қырыққабаттың қаншалықты пайдалы екенін әлі білмесеңіз, онда таң қалатыныңыз сөзсіз. Бала кезінен таныс бұл көкөніс құрамында барлық дерлік дәрумендер, тіпті асқазан жарасына ем болатын ерекше U дәрумені , фитонцидтер, ферменттер және минералдар да бар.
Қырыққабат ежелгі Египетте өсіріле бастады деп саналады. Ол кезде қырыққабат ауқатты адамдарға арналған тағам ретінде белгілі болған және тәтті тағам ретінде ұсынылған. Қазіргі заманда қырыққабат ас үйдегі басты көкөніс ретінде танымал. Одан төмен калориялы дәрумендік салаттар жасайды, оны бұқтырады, қайнатады, ашытады және қайнатпа мен тұнбалар дайындайды.
Қырыққабаттың әр түрінің өзіне тән пайдалы қасиеттері болады. Брокколи - қатерлі ісіктің алдын алуға көмектесетін құнды өсімдік. Бұл қырыққабат өзінің қабынуға қарсы және антиоксидантты қасиеттерімен танымал, құрамында атеросклерозбен күресуде маңызды және жүрек-тамыр жүйесі ауруларына көмектесетін омега-3 май қышқылдары бар. Брокколидің талшықтары асқазан мен он екі елі ішектің жарасының пайда болуына әсер ететін хеликобактериялардан шырышты қабықты қорғайды екен.
Түрлі-түсті қырыққабат диеталық деп саналады, оның құрамында С дәруменінің рекордты концентрациясы бар, ағза оны оңай сіңіреді және қорытады. Брюссель қырыққабатын жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастардың рационында жиі кездестіруге болады. Жасыл жапырақты қырыққабат минералды тұздарға, калийге, кальций мен темірге бай. Өзіндік дәмге ие теңіз қырыққабатының құрамында йод, фосфор және натрий бар, ол йод жетіспейтін қала тұрғындарының мәзірінде болуы керек.
Біздің елде ақ қырыққабатты сүйіп жейді. Оны кез-келген көкөніс дүкенінен табуға болады, оның бағасы қол жетімді және тағам дайындауда танымал. Қырыққабат аз калориялы өнім, 100 г көкөністе бар болғаны 28 калория болады.
Қырыққабаттың ағзаға қаншалықты пайдалы екенін адамдар көп біле бермейді, ал оның пайдасы мақтауға тұрарлық. Ол асқорыту жүйесіне жақсы әсер етеді, зат алмасуды ынталандырады, ағзаны тазартады, токсиндер, қалдықтар мен холестеринді шығарады.
Ағзадағы С дәруменінің жетіспеушілігін анықтау қиынға соқпайды. Тез шаршау, үнемі суық тию, тәбеттің жоғалуы және ұйқыдан оянғаннан кейін қайтадан ұйықтағысы келу - осы маңызды дәруменнің жетіспеушілігінің көрсеткіштері. Адамдар үшін С дәруменінің негізгі көзі - өсімдік тағамдары. Бар-жоғы 100 г жасаң немесе ашытылған ақ қырыққабат 69 мг С дәруменін береді екен. Күнде осы дәмді көкөніс қосылған тағамдарды тұтыну арқылы сіз С дәруменінің қажет мөлшерін ала аласыз.
Жасаң қырыққабаттың жапырағы жұмсақ тіндердің көгеруі, буындағы уақытша ауырсыну, кеудедегі сүттің тоқырауы кезінде көмектеседі. Дәрілік мақсатта қолдану үшін қырыққабат жапырағын жақсылап жуып, оның шырынын шығару үшін бірнеше рет оқтаумен жүргізіп немесе пресс астына қойыңыз, содан кейін сығылған қырыққабат жапырағын қабынған жерге басу керек. Ұзақ уақыт бойы әсер ету үшін жапырақты таза шүберекпен жауып, байлап, түнге қойып қойыңыз.
Қырыққабат жүктілік кезінде өте пайдалы. Ол ағзадағы артық сұйықтықты кетіруге және ісінуді кетіруге көмектеседі, бұл соңғы триместрдегі көптеген болашақ аналар үшін маңызды болып табылады.
Әрине, қырыққабат сұлулық саласында да қолданылады. Таза қырыққабат жапырақтарынан үй жағдайында теріні сергітетін әрі ылғалдандыратын маска жасауға болады екен. Шырыны шыққан қырыққабат жапырағын бетіңізге қойыңыз, 20 минуттан кейін алып тастап, ылғалдандырғыш крем жағыңыз. Жасаң қырыққабат шырынын сергіткіш лосьон ретінде де пайдалануға болады.
Қырыққабатты өз мақсаттары үшін тек әйел адамдар ғана емес, ер адамдар да пайдаланады. Қырыққабаттың көңілді кештен кейін пайдасы туралы оның көмегімен таңертең есін жиғандардың барлығы дерлік білетін шығар. Егер ішімдікті ішу кезінде қырыққабатты жесе, онда адам тез арада масаймайды екен. Таңертеңгі уақытта жасаң қырыққабат салаты, тұздалған немесе ашытылған қырыққабатты тұтыну мастықтың салдарынан арылуға көмектеседі.
Қалқанша безінің аурулары бар, іш қуысы мен кеудеге жасалған оталардан кейін, панкреатит кезінде қырыққабатты тұтынуға тыйым салынады. Ақ қырыққабат шырынын ішу асқазанның қышқылдық деңгейі жоғары болғанда  ұсынылмайды. Асқазан жарасы мен гастрит кезінде ашытылған қырыққабатты сақтықпен аз мөлшерде жеген дұрыс.
https://stan.kz/



11 қыркүйек 2020 ж. 1 721 0