Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұмауға қарсы вакцина салу басталды

Тұмауға қарсы вакцина салу басталды

Биыл пандемияға байланысты былтырға қарағанда тұмауға қарсы вакцинациялау ерте басталды.
Жыл сайын екпе 1 қазаннан салынатын еді. Осы жылы 15 қыркүйектен қолға алынды. Жалпы, облыс бойынша биыл 90 000 вакцинаға сұраныс берілген. Халықтың 11,4 процентін қам­туға мүмкіндік бар. Вакцинаны бірінші кезекте медицина қызметкерлері, созылмалы аурулары бар науқас балалар мен ересектер, қарттар үйі мен сәбилер үйінің балалары, жүкті әйелдер алады.
Осы ретте облыстық денсау­лық сақтау басқарма­сының басшысы Сәбит Пазылов көпшілік­пен бірге  №3 емханада тұмауға қарсы вакцина салдырды.
– Егу 15 қыркүйектен 10 қазанға дейін жалғасады. Біз ұсынып отырған тұмауға қарсы вакцина Ресейден шыққан. Осы сәтті пайдалана отырып, егу – тұмаудың алдын алуға таптырмас мүмкіндік екенін айтқым келеді. Сондықтан халықты вакцина салдыруға шақырамын. Бүгін өзім де осы вакцинаны қабылдадым, – дейді ол.
Тұмауға қарсы екпені салды­руға қала тұрғыны Әділбек Жақ­сы­лықов та келді. Мамандар алдымен оның дене қызуы мен қан қысымын  өлшеп, тексеруден өткізді. Содан кейін екпе бөл­месіне барып, вакцина салдырды.
–  Былтырдан бастап тұмауға қарсы вакцина алып жүрміз. Биыл 15 қыркүйекте басталды дегенді естіген болатынмын. Бү­гін салдырудың сәті түсті. Өткен жылы қараша айында алған едім. Қыста тұмаумен ауырған жоқ­пын. Меніңше, вакцинаның пайдасы көп. Тұмаудың алдын алады, – дейді ол.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы вакцинаға қарсылық танытып жатқан тұрғындарға да кеңесін айтып өтті.
– Қай дәрінің де кері әсері болуы мүмкін.  Соған байланысты кері пікір туындайды. Жалпы, біз пайдаланып отырған вакцина бірінші рет қолданылып тұрған жоқ. Тиімділігіне көз жеткізілген, – деді ол.
https://syrboyi.kz/
17 қыркүйек 2020 ж. 708 0