Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Денсаулық саябағында» серуендейміз

«Денсаулық саябағында» серуендейміз

Қала күнінің мерекелік шарасы «Денсаулық саябағының» ашылуымен басталды. «Алаштың анасы, бақыттың қаласы – Қызылорда» атты мерекеде лентасы қиылған жаңа саябақтың ашылу рәсіміне облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты. 
Аймақ басшысы заманауи талапқа сай са­лынған жаңа алаңды аралап, құрылысшылардың қажырлы еңбегі екенін айтып, алғысын білдірді. Енді қала тұрғындары мен қонақтары осы әсем саябақта еркін серуендеп демалады.   
«Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған саябақ 35 гектар аумаққа орналасқан. Бұл саябақты абаттандыруға «Бақ-Береке - 2030» ЖШС мекемесі тартылған. Жоспарға сай саябақтың 10 мың 450 шаршы метр аумағы көгалдандырылған. Саябақ ішіне 20 мың 717 дана ағаш көшеттері мен 60 мың 855 дана гүл егіліп, қазір жайқалған жасыл желекке айналған. 30 мың шаршы метрді құрайтын жаяу жүргінші және 4819 шаршы метр вележол, 6 спорттық ойын алаңы салынған. Сонымен қатар 11 мың 895 метрді құрайтын аяқ су каналы жүргізілген. 1502 метр аумақты алатын қоршау жұмыстары да мерзімді уақытта аяқталып отыр. 394 дана түнгі жарықшамдар орнатылып, 356 дана орындық пен арнайы қоқыс жәшігі қойылған.
– Барлығы халықтың игілігі үшін жасалынды. Абырой ортақ, ел ортақ. Жұмысты сапалы орындауға бар күш-жігерімізді жұмсадық. Қала – ортақ үйіміз. Мереке құтты болсын. Елі­міз өркендеп, жеріміз жайқала түссін. Біздің ниет осы, – дейді «Бақ-Береке – 2030» ЖШС директоры Айбек­ Ерназаров.
Шаһар шырайын артыра түскен саябақ мереке аясында тіпті құлпыра түскен. Енді мұнда келген әр адам осындай келбеті келіскен қаланың жетістігін сезіне алады. Алдағы уақытта бұл аумақ одан әрі дами түсіп, көркейту-көгалдандыру жұмысы жандана бермек.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
27 қыркүйек 2020 ж. 575 0