Зәуре
Телефонның оятқыш қоңырауы безек қақты. Зәуре әдеттегіше төсегінен сүйретіле тұрып, тіршіліктің қамына кірісті. Күздің суық желі өктемдік алып тұрса да, Зәуре жеңіл киінген. Ондағысы – қазір дамылсыз қимылдасам, денем қызып қалар дегені болар. Алдымен қорадағы сиырдың шөбін беріп, бауырына бұзауын салды. Сиырын сауып, майда жандықтарды өріске қосты. Бұл – Зәуренің соңғы 10 жылдарғы күн сайын қайталанатын тірлігі. Кейде осы бір бітпейтін сүреңсіз тірліктен безіп кеткісі де келеді. Бірақ қайда бармақ? Кімді паналамақ? Жетімдік жүдеткен жанын кім түсінбек?!
Зәуре 6 жасында ата-анасынан айырылды. Енді ғана мектеп табалдырығын аттаған қызға бұл ауыр соққы болды. Артынан ерген бауыры да жоқ. Жалғыз қалған Зәурені әжесі қамқорына алды. Әжесі кенже ұлының қолында тұратын. Зәуре тұңғышының қызы еді. Әжесі барда жаман өмір сүрген жоқ. Өз қанатының астына алған әжесі қыздың санасына жақсы тәрбие сіңірді. Ал жеңгесі қаршадайынан үйдің бар тірлігін істетіп, ширақ етіп өсірді. Бұл 15 жасқа келгенде, әжесі бақилық болды. Қиындық осыдан басталды. Бұрындары іштей жақтырмаса да, сырт көзге сыр білдірмейтін Батима жеңгенің тілі тие бастады. Өктемдеп сөйлеп, үйдің бар тірлігін қаршадай қыздың мойнына асып қойды. Өзі күні бойы үй жағалап өсек айтудан қолы бір босамаса да, күйеуі жұмыстан келер уақытта жанталаса келіп, Зәуренің тындырған тірлігіне көңілі толмай жекіріп жататын. Үй жинау, кір жуу, тамақ істеуді қоспағанда, бала бағу да Зәуренің міндетіне берілген-ді. Іштей бәрінен шаршағанда Зәуре қыз өзін былайша жұбататын: «Аздан соң мектеп бітіріп, үлкен қалаға оқуға кетемін. Сосын осы азаптың бәрінен құтыламын. Сол жақта жаңадан өмір бастаймын». Осылай армандап жүріп өзіне артылған міндетті атқарып тастайтын. Мектепті жақсы оқыды. Мектепті бітірер шақ та таяп қалды. Зәуре бұл кезде бар ынтасын оқуға аударды. Енді жеңгенің жұмсағанынан мектептегі қосымша сабақты сылтау етіп қашып жүрді. Мұндайда жеңгесі:
– Қайда барасың, мектебің таусылмай кетті ғой. Оқыма. Үйдің тірлігін кім жасайды, сонда?
– Жеңеше, болмайды қалуға. Келген соң бәріне үлгірем. Жасап тастаймын ғой, – деп құтылатын.
Мектеп бітірер шақ та жетті. Тестілеуден жоғары балл жинаған Зәуренің қуанышында шек жоқ. Армандаған мамандығы дәрігер болу еді. Алматыға барғысы келетін. Жадыраған жаздың жаймашуақ күндерінің бірі еді. Бұлақ басында кілем жуып жатқан. Машинамен бір топ бейтаныс жігіттер жанына келіп тоқтады.
– Сұлу қыз, Егізбай атаның үйі қай жерде айтып жіберші,– деді.
Басында тосылып қалған Зәуре не жауап қатарын, не үнсіз құтыларын білмей ұзақ тұрды.
– Ау, қарындас, сізге айтып тұрмын?
– Аааа, анаууу тұрған көк шарбақ қой,– деп саусағымен нұсқады.
– Рақмет, деп шуласқан жігіттер жанынан өтіп кете барды. Зәуре бұларға қарап ұзақ тұрды. Араларында бір жігіт те Зәуреден көз алмай барады екен. Оны жаңа аңғарды. Жанарын тез бұрып әкетіп, жұмысын жалғастырды.
Бүгін кешке сыныптастар жиналып, бас қоспақ болған. Бәрі әр қалаға оқуға аттанбақ. Сол себепті бас қосып, отырыс жасауды жөн деп тапты. Зәуре қатты барғысы келді. Бірақ ағасы мен жеңгесінен қалай сұранады?
– Зәуре, осы жолы келетін шығарсың енді.
– Иә, ылғи да сен келмей қаласың ғой, құрбым.
– Не болса да бұдан кейін тап осындай кездесу болмас, сондықтан тегіс жиналайық,– деп сыныптастары тұс-тұстан жамырасып жатыр. Зәуре басын изеп келіскен ишаратын білдіргені болмаса, ішінен қалай кетсем екен деген ой мазалап жатты. Сол үшін кілем, паласты жуып, үйдің бүкіл тірлігін ретке келтіріп, әлек болып жүр. Кеш те таяп қалды. Зәуренің жүрегі дүрсіл қағып, қалай сұранамын деген ой мазалап жатыр. Жеңгесінің жібермейтіні анық. Неде болса ағама айтайын деп шешті. Жұмыстан келіп, газет оқып, жайланып жатқан ағасының жанына келіп:
– Аға?
– Мммм....
– Мен сізден сұранғым келген.... Бүгін сыныптастар бас қосып жатыр еді... Енді аздан соң бәріміз оқуға кетеміз ғой деп...
– Қайда?
– А?
– Кімнің үйіне жиналасыңдар деймін?
– Келесі көшеде тұратын Мараттың ғой. Ерте қайтам. Уәде беремін.
– Жарайды, Зәуреш, барып келе ғой. Енді жас бала емессің. Ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырататын жасқа келдің. Бірақ бізге жаман атыңды естіртпесең болғаны, – деді.
Қуаныштан жүзі бал-бұл жайнаған Зәуре ағасының мойнынан қысып, құшақтай алды. Бұлардың сөзін ас үйден естіп тұрған жеңгесі Батима сөзге араласты.
– Е,е,е жол болсын. Әрленіп, сәнденіп қайда барасың? Сосын сен қашаннан бері ағаңнан сұранатын болғансың?! Бар киіміңді ауыстыр. Ешқайда бармайсың,– деді өктем дауыспен.
– Тәйт, Бәтеш саған не қара көрініп, жұлқынып тұрсың. Қызым өсті, барып келсін. Жібер, – деп жеңгенің мысын басқандай болды.
Не керек, Зәуре кешкі отырысқа келді. Бәрі көңілді. Ән айтылып, би биленіп, жақсы тілектер ақтарылып жатыр. Сыныптасы Досым өзінің Алматыдан дос баласы келгендігін, оны осы отырысқа қонақ етіп шақырғанын айтты. Достар қарсы болмады. Әне-міне дегенше үйге бейтаныс жігіт кіріп келді. Бәрі оның Досымның дос баласы екендігін бірден түсінді. Зәуре үшін бұл жігіттің жүзі таныс көрінді. Бірақ адам жүзіне тік қарамайтын әдетінен айнымай, назар салып қарамады. Көңілді кештің аяқталар шағы да таяп қалды. Зәуре достарына қайту керек екендігін айтып жатыр.
– Тым кеш болып кетті. Қайту керек. Үйдегілер іздеп жатқан болар.
– Оййй, Зәуре, біраз отыра тұрсаңшы, – деп жатыр сыныптастар.
– Жоқ, қазір ағам ұрысады.
– Жарайды, онда мен жеткізіп салайын, – деп сыныптасы Ерлан Зәуренің ішкі уайымын түсінгендей болды.
Бұлармен ілесе әлгі Алматыдан келген қонақ жігіт те тысқа шықты.
– Зәуре, сен қай жақта тұрасың?
Бұл сұраққа қыз жауап қатқан жоқ. Керісінше жанындағы Ерлан:
– Зәуренің үйі келесі көшенің басында. Жай сұрадың ба?
– Жай, сендермен мен де ауылды аралап келем дегенім ғой.
Бұлар келісті. Үшеуі шамдары жарқыраған көшені бойлап келеді. Ерлан аузы жабылмай әңгіме айтып, бұларды күлкіге қарық қылуда. Арадағы үзілген үнсіздікті пайдаланып қалалық жігіт:
– Мен сені мана көрдім ғой. Бұлақ басында кездескен қыз сен емес пе, Зәуре ,– деді.
Сонда барып Зәуре өзіне тесіле қараған әлгі жігіттің кім екендігін тапты.
– Менің атым Дияс болады,– деп қолын ұсынды.
Зәуре ұсынған қолды еріксіз қабыл алып «Зәуре» деді.
– Зәуре, ертеңгі басқосуға келе аласың ба енді,– деп Ерлан таныстықты тоқтатты.
– Жоқ, ренжімеңдерші, мен еді шыға алмаймын. Жақында Алматыға жолға шығуым керек. Менің жағдайым өзіңе таныс қой, Ерлан,– деді.
Жабырқау жанын жаралап алғандай өзін кінәлі сезінген ақкөңіл сыныптасы Ерлан: – Жарайды, онда Алматыда бас қосып қалармыз,– деп Зәурені жұбатқандай болды. Зәуренің жетімдіктің ауыр тірлігін кешіп жатқан тұрмысы ауылдастарға аян еді. Көбі мұны аяйтын. Өзінің кісі бетіне келмейтін жуастығы тағы бар.
Зәуренің үйі де алыстан көрінді. Даланың шамы жанып тұр екен. Іштей Зәуре қорқып келеді. Бар жағдайдан бейхабар қалалық жігіт қана Зәуреге жалтақ-жалтақ қарайлап қояды.
– Жақсы, жігіттер, рақмет, – деп қолын бұлғап қоштасты да, Зәуре асығыс кіріп кетті.
Ертесіне таңмен жеңгесінің ащы дауысы оятты. Ағасы жұмысқа кетсе есіретін әдетіне басты. Зәуреге деген кешегі ызасымен жекіріп, айтпағанды айтып жатыр екен. Бұған қыз бас ауыртып жатқан жоқ. Әбден үйренген әні ғой. Кешегі көңілді кештің қызықтары есіне түсіп, өз-өзінен күліп алады.
– Айттым ғой, бұл қызға жын көрінген. Неменеңе жетісіп мәз боласың. Тұр да тірлігіңді істемейсің бе одан. Кержалқау, – деп жеңгесі одан сайын бұлқан-талқан болды.
Бүгін түс ауа Зәуре бұлақ басына тағы барды. Қалған кілемдерін арбаға сала барған қыздың алдында Дияс тұр. Дияс мұны көріп, қуанып кетті.
– О, Зәуре, тағы сен бе? Қалайсың?
– Жақсы.
– Мен де жақсымын. Кеше асығыс кіріп кеттің ғой үйіңе. Тіпті дұрыс қоштаспадың да.
– Иә...
– Не жаңалық, Алматыға оқуға бармақсың ба? Қандай оқу орнын таңдап жатсың?
– Иә, білмеймін.
–Ммм жақсы екен... Кел, мен саған көмектесейін
– Жоқ, рақмет.
– Зәуре, қойшы. Немене менімен сөйлескің келмей тұр ма? Менің жаман ойым жоқ. Тек сенімен жақын араласқым келеді. Болғаны сол ғана. Ұялы телефоның бар ма?
– Дияс, мен бейтаныс жігіттермен сөйлесе алмаймын, ренжімеші. Менде телефон жоқ.
– Мен бейтаныс емеспін ғой. Кеше танысқан жоқпыз бар?!
Сонда да...
Өжет жігіт ақыры Зәуренің жанынан шықпай жүріп, әр нәрсені орағытып сұрап, әңгімеге айналдырды. Зәуре болса ұяңдығынан танбай, жігіттің көп сауалын үнсіз қалдырды.
– Зәуре, ата-анаң кім болып жұмыс істейді? Менің мама да, папам да дәрігер. Ауырсаң рахат, екеуі екі жақтан емдеп шығады, – деп күлді.
– Мен жетіммін.
Мұны естіген Диястың өңі сұрланып кетті. Неге ғана сұрадым дегендей, жүзін бұрып әкетіп үнсіз қалды.
– Менің ата-анам 6 жасымда жол апатынан қайтыс болған. Анам мұғалім, ал әкем ауылда дәрігер еді. Мен де әкем сияқты дәрігер болуды армандаймын. Олар қайтқалы аға-жеңгемнің қолында өстім. Жетімдік деген жаман екен. Жан басына бермесін. Кейде ойланам. Бәлкім, ата-анам тірі болғанда өмірім мүлде басқа болар ма еді деп дегенмен, Алланың басыма жазған тағдыры осы екен. Көніп келеміз. Көнеміз де...
– Мен білген жоқпын, ренжімеші.
– Жоқ-а, бәрі дұрыс, – деп ішкі күйзелісін білдіргісі келмеген Зәуре күлімдеді.
Сол күннен бастап Дияс пен Зәуре жиі кездесіп қалатын болды. Кездейсоқ деп ойласа да, Дияс әдейілеп Зәуренің ізін бағып жүретін. Оған қамқорлық танытқысы келді. Зәуре де Диясқа бауыр басып қалғандай. Одан жылылық пен мейірімді сезінді. Дияс Алматыға барған соң да, саған өзім бас-көз болам деп қояды. Бұлардың жиі кездесіп тұратындығы Зәуренің жеңгесінің құлағына тиді. Естігенде шу шығарып, біздің атымызға кір келтірдің деп қаралады. Ағасына әбден жамандап, қызды кінәсіз азғырды. Үй ішінде айқау-шу шықты. Зәурені үйден шығармай тастады. Бұл жағдайды естіген Дияс Зәуренің ағасының алдына өзі келді.
– Аға, Зәуре өте тәрбиелі қыз. Біз жай ғана доспыз. Ол жазғыратындай жаман нәрсе емес шығар.
– Әй, жүгірмек, сен не бетіңмен менің алдыма келіп тұрсың, а? Қайқай, шырағым. Сосын енді Зәуреге жолаушы болма, – деп қуып шықты.
Содан бастап Зәуренің бар арманы көзден бұл-бұл ұшты. Ағасы оқуға баруына да тыйым салды. Жеңгесі қоймай жүріп ауылдағы алыс туысының баласына қосуды ойлап алып қаштырды. Мектепті енді ғана бітіріп, оқуға түсіп, дәрігер болам деген арманы бір-ақ сәтте күл-талқаны шықты. Бұл жігіт өзінен 7 жас үлкен еді. Туа бітті бір аяғында кемтарлығы бар еді. Содан таяққа сүйеніп қалған. Бірақ оқу оқып, білім алған. Ауылда шағын кәсібі бар болатын. Асхаттың өзі жақсы болғанымен, анасы адуынды әйел еді. Ауыл ішінде «Айқайшы» деген лақап аты бар. Жүрген жерінде шу шығарып, жайратып жүретін ененің қаһары Зәурені де қаймықтырды. Келін болып түскен бетте енесі үйдің қатал тәртібімен таныстырды.
– Шырағым, қазан – міне, ошақ – әне. Таң 6-да атады. Сиыр сауылып, мал өріске шығады. Соның бәрі сенің жасайтын жұмыстарың. Балам таңертең ыстық сүт ішеді. Киімін дайындап, тамағын беріп, жұмысқа жібересің. Қалғанын ретімен айтып отырармын. Сосын біз аула ішінің шашылып жатқанын жақтырмаймыз. Бір қиқым да жатпайтын болсын, – деп тапсырды.
Ботадай көздері жаутаңдаған Зәуре азапты өмірдің енді басталғанын түсінді. Жүрегінде бір сезімі жоқ Асхатқа жар боламын деп ойламаған. Енді бүкіл өмірі осы шаңырақты күйбеңімен өтпек. Асхат жақсы жігіт болатын. Зәуренің өзін аса қаламайтынын да түсінді. Бұл апасының таңдауы болды. Ешкімі жоқ жетім қызды баласына жар ету де соның жоспары еді. Сонысынан да Асхат кейде жарын аяп, қолдау көрсетіп қоятын. Өзінің қамқорлығын көрсетті. Осылай Зәуре де Асхатқа бауыр басып кетті.
Тағдырдың дегеніне бойұсынған Зәуренің келіндік өмірі өтіп жатыр. Айқайшы ене адамның баласы ғой деп, аяушылық танытпады. Баланы да тауып, үйдің тірлігін де жайластырып, күйбең тірлікпен күн кешіп жатты. Жүдеу тартып, шаршаған жүзінде әжім іздері де байқалғандай. Олай болуы заңды да еді. Өмірге 4 бала әкелді. Енесі төсекке таңылып қалды. Оның жағдайын жасау да оңай іс емес. Бар шаруа бір өзінің мойнына артылды. Кейде бәрінен баз кешіп, дүниеден түңіліп, басы ауған жаққа кетіп қалғысы келетін. Бірақ бала деген тәтті ғой, шіркін, соларды көргенде өзін жұбатып, күш алатын.
Бүгін де малды өрісіне қосып, үйге асығып келеді. Сан ойлармен алысып келе жатып, жанына жақын келіп тоқтаған машинаның дауысынан селк ете түсті.
– Адамды басамысың, байқамайсың ба? – деп дауысын көтере сөйледі.
– Кешіріңіз, өзіңіз емес пе жолды кесіп өтіп бара жатқан,– деп рөл тізгіндеген жігіт ақталып жатыр.
– Жарайды. Жүре берші.
Кенет әлгі жігіт жақын келіп мұның жүзіне тесіле қарады.
– Зәуре... Сен бе бұл? Екеуі де аңтарылып тұрып қалды. Мені танып тұрсың ба? Мен Дияспын ғой.
Зәуре танып тұрса да сыр білдірмей:
– Жоқ. Мен ешқандай Диясты танымаймын. Танығым да келмейді, қош бол, – деп айналып жүріп кетті. Іштей алабөтен күйге түскен Зәуре бір кездері өмірінде алғаш рет ыстық сезімді сыйлаған жанмен іңкәрлігін жасырып, сезімін тұншықтырған күйі осылай қоштасты.
Н.Маратқызы