Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ана қадірі

Ана қадірі


  Үйге жүгіре кірген қызына Жанат: – Нұршат сабағыңды қашан оқисың? Күні бойы ойнадың ғой, –  дегені сол еді, жасы онға таяп қалған Нұршат: –Жанат қойшы сабақ, сабақ дей бермей. Сен айтпасаң да менің сабағым жақсы, – деп дүрсе қоя берді. Бұл дауысты естіген әжесінің ішкі бөлмеден «Нұршатыма кім сөйлеп жатыр? Неге ренжіп тұр екен? Сөйлеме балаға, ойнасын емін-еркін» деген ызғарлы үні естілді. Бауырынан шыққан баласының беттен алып сөйлегені Жанардың жүрегін шаншып өтті. Бірақ бұған еті де үйреніп қалғандай.  Десе де ол «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер деген осы шығар» деп іштей күбірлеп, әрі қарай шаруасына кірісіп кетті.
  Иә, Жанат та отбасында ерке қыз болып өсті. Оның ешкім бетін қаққан емес. Бар айтқаны болатын. Жанат өмірге келгенде анасы екінші курска енді өтіп жатқан студент еді. Ал әкесі қалада жұмыс жасайтын. Әжесі Жанатты 6 айлық кезінде алып қалып, анасы мен әкесін қалаға жіберді. Міне содан бастап Жанат әжесін «мама» деп өсті. Ол жылдар қиын-қыстау кезең болатын. Ауылда жұмыс көзі жоқ еді. Содан Жанаттың ата-анасы қалада өмір сүруді жөн деп тапты. Кейінірек Жанатты да өздеріне алғысы келген. Бірақ әжесі:
  – Жанат – менің қызым, онда шаруаларың болмасын, – деп шорт кесті. Қатал ененің сұсынан сескенді ме, анасы Жәмила да көңілі құрғыр қимаса да қызын ауылға қалдырып, өмірін қалада жалғастырды. Жылдар өтіп жатты. Жанат әжесінің жанында алаңсыз бақытты балалық өмір кешіп өсіп келеді. Атасы бақи өмірге кеткелі Қамаш апаның да тауы шағылып, жалғыздықтан көңілі жүдеу тартқан еді. Жанат оның сол солғын тартқан жүзіне күлкі үйіртті. Содан да болар, әжесі жалғыз ұлынан туған тұңғыш немересінің атын «Жанат» деп қойған еді. Жанат мектепке барды. Қанша ерке болса да сабақты жақсы оқыды. Өте алғыр бала болып өсті. Өзі де ажарсыз емес еді. Қартайған шағында Қамаш апаға кәдімгідей қолғанат болды. Соған әже де балаша қуанып, мәз болатын. Бар зейнетақысын Жанаттың алақанына салатын. Зулаған уақыт кімге ерік берген? Жанаттың да мектеп бітіретін мезгілі жетті. Енді оны алда үлкен өмір есігі күтіп тұрды. Бұл кезде Қамаш әженің денсаулығы сыр беріп, қарттық жеңген шағы еді.
  – Апа...
  – О не құлыным?
  – Мен осы қалаға оқуға бармай-ақ қоям ау...
  –Е-е, не боп қалды?
  –Мен кетсем сізге кім қарайды? Өзіңіз бір күн ауру, бір күн сау болып отырсыз. Ел-жұрт күліп жүрер маған, науқас шешесін тастап оқуға кетті деп.
  – Ой, балам-ай, мені ойлаған жүрегіңнен сенің. Қорықпа, апаң әзір өлмес. Аңсар ағаң да тура сендей кезінде «апа сізді тастап кете алмаймын» деп жүріп ақыры ауылға келуді қойды ғой. Анау жеңгең де ауыл десе ат-тонын ала қашады. Мұнда келгісі жоқ жарықтықтардың, – деп бір күрсініп алды.
  Жанат өзінің Аңсар мен Жәмиланың қызы екендігін мектеп бітірген кезде бір-ақ білді. Оған дейін өзінің туған ата-анасын аға-жеңге деп жүрді. Қолына аттестат алып қуанып тұрған немересіне Қамаш апа сол сәтте ғана бар шындықты жайып салды. Бәлкім, мойнына қарыз қылғысы келмеді ме, білмедім. Сонан соң көп өтпей-ақ әжей бақилық болды. Бұл қаза бәрінен де Жанатқа ауыр тиді. Ес білгелі әжесінен ажырамаған жан ата-анасын адам құрлы көрмеді. Оларды тыңдамайтын. Бәрін өз білгенінше жасайтын. Әсіресе анасына қарсы тұратын. Оған: –Жәмила, бәріне сен кінәлісің. Аңсар ағаны ауылдан сен алып кеттің, сөйтіп апам жалғыз қалды. Сен де ертең жалғыз қаласың, мына балаларың сені де тастап кетеді, – деп бауырларының көзінше анасына ойына келгенін айтып, табалаумен болды. Қызымен сағынысып қауышқанда, осындай ауыр сөздер есту Жәмиланың да жанына қаяу салды.
  –Е-е, Жаратқан, менің қандай күнәм үшін сонша қинап жатырсың? Осы қызымнан жырақта сағынышпен талай жылдарымды өткізіп едім. Енді қауыштым ба дегенде бұл да мені табалап, адам санағына алмайды. Өзегіңді жарып шыққан өз перзентіңнен ауыр сөз есту қандай қиын еді, – деп жылайтын.
  Жанат анасын қабылдай алмағанымен, әкесі Аңсардан бата алмайтын. Өзі заң қызметкері болғасын ба екен, Аңсардың жүзі де салқынқанды еді. Бұл үйдегі тәртіп қатал болды. Жанат өзі армандаған медициналық институтты тәмәмдап диплом алды. Жұмысқа да бірден орналасып кетті. Сөйтіп жүріп жолдасы Бекзатпен танысты. Біраз уақыттан соң  ақыры отбасын құрды. Ерке өскен Жанат қатал ененің уысына түсті. Енесі әрбір ісін мұқият қадағалап, үйдің мызғымас ережелерін сақтауды қатаң талап етіп отыратын. Бірақ оның отбасылық өмірі жаман болған жоқ. Ауқатты, абыройлы жанұяның келіні атанды. Көп өтпей-ақ тұңғышы дүниеге келді. Қыз бала еді. Енесі «Нұршатты өз бауырыма аламын» деген кезде Жанаттың жүрегі аласұрып қоя берді. Кенет өзінің анасына жасағаны есіне түсіп, ақылы енді кіргендей болды. Қанша бергісі келмесе де қатал ене ерік берген жоқ. Нұршатты өз бауырына басып өсіріп келеді. Нұршат та анасын өз есімімен атайды. Жанат бұған ренжімейді. Оның жанын құлазытатын бір ғана нәрсе бар. Ол – анасының қадіріне жете алмағаны. Оны тоғыз ай құрсағында көтеріп өмірге әкелген, ақ сүтімен сусындатқан қасиетін өзі ана атанғанда ғана түсінді. Бірақ бәрі кеш еді. Бұл кезде Жәмила бір жыл бұрын жол апатынан көз жұмған еді. Анасының қазасын естігенде «анашым» деп жылады. Бірақ тірлігінде анасының нұрлы жүзіне қарап осы сөзі айтып, мойнына асылмағанына, оның ана жылуын сезініп бала махаббатын бермегендігі өзегін әлі күнге өртейді. "Сонша неге анама салқын болдым екен" деп әлі күнге деп қынжылады. Өзінің қызына да айтып түсіндіргісі келеді. Бірақ...
  Кейде адамның өз өмір жолының өткелдерін тағдырға әкеп тіреп қоятын әдеті бар. Маңдайға жазылғаны осы болар деп көндіге салады. Алайда, әр адам өз тағдырын өз қолымен жасайтынын естен шығарып жатамыз. Әңгімедегі ана өмірі де жұмырбасты пенденің қолымен жасалған дүние секілді көрінеді кейде...
Назерке  Марат.
11 қыркүйек 2019 ж. 1 050 0