Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сөзге ұста, шәкіртке ұстаз

Сөзге ұста, шәкіртке ұстаз

Дарын – адамға Алладан берілетін үлкен сый. Өзгелерден болмысы ерекше, өнері өзгеше бұл жандар көпшілік арасында айрықша көзге ұрып-ақ тұрады. Бір ғана емес, бірнеше өнермен машықтанып, дараланып тұратын жандарға жету көп жағдайда талпынғанның да қолынан келмей жататыны жасырын емес.
Осындай өнерлі жан бір кездері Төбебұлақ атанған шалғайдағы Құланды ауылында тұратын Жанат Қазтоғанова бүгінгі тақырыбымыздың кейіпкері болмақ. «Әу» демейтін қазақ жоқ. Бір кездері домбыраны қолына алып, термелетіп кететін ұлттың соңғы кездері осы бір жыршылығы, ақындығы, әншілігі кенже қалып бара жатқандай көрінеді. Қала тойларының өзінде санаулы ғана адам асабалық етіп, келіннің бет көрімдігін алып жатады. Ал шалғай ауылда осындай өнерлі адамдардың табылуы қиын сәттер болып та жатады. Тіпті, келіннің бетін ашатын ақындардың сонау алыс ауылдарға барғысы жоқ. Бірақ шаңыраққа түскен жас келіннің дәстүр бойынша бетін ашу–қазақ халқының салты. Салттан аттауға болмайды. Не істеу керек? Міне, осы сауалдың шешімін тауып, ердің міндетін арқалаған, дәстүрге сай жоралғы жасау міндетін мойнына алған Жанат болды. – Мен ол кезде небары алтыншы сыныпта оқитынмын. Мектеп қабырғасында домбырамен ән салып, терме орындап жүрдім. Бірақ бет ашамын деп мүлде ойлаған емеспін. Өнерімнің барын білгендіктен, менің қолымнан келетініне ауылдастарым сенді. Мен де тәуекелге бардым. Осылайша бетті ер адамның ашатынын білсем де, ауылдастардың өтінішімен жоралғыны өткіздім. Шынашақтай қыздың бұл қадамына жұртшылық сүйсініп қараған сәті әлі есімде. Кейіннен тағы да осындай жағдайларда босағадан жаңа аттаған келінді күттірмеу үшін, тағы да қолыма домбыра алдым. Тіпті, ауылдың кейбір үлкендері «ердің міндетін атқара алатын өзіңдей немере-шөбере сүйер ме екенбіз, өзің келіп келінімнің бетін аш» деп те қолқа салатын да болды, – дейді Жанат. Міне, осылайша оннан аса келіннің бет көрімдігін алған. Ауыл арасында «келіннің бетін кім ашты?» деп те сұрайтын кездер болғанын айтты. Бала күннен бері қазақтың қара домбырасын қолына алып, қос ішекті бабымен шертуді меңгерген мұғалім бұл істі әлі күнге ұмыт қалдырмаған. Мектеп оқып жүріп-ақ жұртшылықтың көзайымы айналған көрінеді. Жанат Қазтоғанова өз сөзінде: – Қабілет пен қызығушылық әрбір адамның бойында болатын дүние. Адам баласы өзі құлшыныс танытқан өнері болсын, мейлі ғылымы болсын, алғашқы екеуімен ұштастыра білсе, көздеген мақсатына жете алады. Ал дарын–Алладан берілген, қанға сіңген ерекше сый. Менің ойымша, кез келген жанда оқумен келген мамандық пен қанмен келген қабілет болады. Менің мамандығым–ұстаздық. Дегенмен, өнерді де менің өмірімнің бір бөлшегіндей көремін. Бірақ, музыкалық сауатымның жоқтығынан ыңылдап салған әуендерімді нотаға түсіруді білмеймін. Бірақ, кей кездері көпшілік алдында Құландының топырағынан шыққан Сансызбай Құттыбаев, Төлеумұрат Ақжолов, басқа да ақын ағаларымның өлеңдеріне өзімше ән құрап, домбырамен орындап та беремін, – дейді. Өзі айтып өткендей, Жанат Молдағалиқызы қазірде сол ауылдағы №77 орта мектебінде мектеп директорының бағдарлы оқыту ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Талай түлекті түлетіп ұшырған тарихы терең білім ордасы қашанда білікті мамандар мен ұлағатты ұстаздардың мекеніне айналған. Солардың бірі болып жүрген Жанат білім саласында да, қоғамдық іс-шараларда да өз белсенділігін барынша танытып, еңбегіне лайық бағасына бөленген. Аудандық білім бөлімі басшысының, аудан әкімінің, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталуы да – еңбегінің еленгенінің айқын көрінісі. Иә, ұстаздық еткен жанның өз ұрпағының да, ел ұрпағының да болашағына алаңдамайтыны болмайтын шығар. Тәрбие мен білімнің қайнар көзіне айналған ұстаздар үшін ол бұлжымас заңдылық. Жанат Қазтоғанова бүгінде екі ұлдың анасы. Мұғалімнің шаңырағынан шыққандықтан болар, екеуі де негізгі мектепті үздік куәлікпен тәмамдады. Сөзге ұсталық, балаға ұстаздық етіп жүрген өнерлі жанға еңбек жолында табыс тілейміз.

Оңталап ЖОЛДАСОВ.
07 наурыз 2019 ж. 1 469 0