Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қазақтың ұмыт болған дәстүрлері

Қазақтың ұмыт болған дәстүрлері

Көңіл шәй Ертеде қазақ халқы үшін шай беру дәстүрі ерекше мәнге ие болған және шай берудің бірқатар түрі болыпты. Бұл туралы марқұм этнограф-жазушы Сейіт Кенжеахметұлы "Қазақ халқының салт-дәстүрлері" атты кітабында жазған. Негізі қазақтардың шай беру дәстүрінің кейбір түрі еліміздің кей өңірлерінде қазір де бар, алайда олардың мән-мағынасы мен мақсаты туралы білетіндер аз. Көңіл шай Адам өмірінде қуанышты да, қайғылы да жайлар болады. Басына іс түскенде, тұрмыста кездесетін қиын жағдайда, ренішті, күйінішті кездерде адамдар бір-біріне көңіл білдіріп, қиыншылыққа ортақтасып, ақыл-кеңес береді. Ашулы сәтте басу айтады. Міне, осындай кездерде ауылы аралас ағайын-туыс көңіл білдіріп, дастарқан жайған. Аталған жағдайларда жайылған дастарқан "көңіл шай" деп аталған. Осы жерде көңіл білдіру мен көңіл айтудың арасын ажырата білу керек. Көңіл білдіру жоғарыдағыдай. Ал көңіл айту - қазалы жағдайда қолданылатын ғұрып. 

Күзем шәй 

Ертеде қазақтар істің басталар сәтінде де, ол аяқталған соң да оны атаусыз, ескерусіз қалдырмаған. Мысалы, күзем алынып болған соң, әр үй бір-бірін шәйға шақырып, көңілді кеш өткізген. Оның аты "күзем шәй". Малды ауыл осы дәстүрді жалғастыра түссе, бұл да жастарды еңбекке тәрбиелеудің бір көрінісі болар еді. 

Келін қолынан шәй ішу 

Келін түсіргеннен кейін тойға келгендер тарқап, үй иелері оңаша қалған кезде жақындар келін қолынан шай ішуге жиналады. Келгендерге келін қолынан әзірленген дастарқан жайылып, келін шәй құяды. Бұл дәстүрдің екі мағынасы бар. Біріншіден, келіннің үй шаруасына, дастарқан берекесіне ыңғайын байқау. Жас келін мұндайда кесені сылдырлатпай, баппен шай құя отырып, өзін танытады, шеберлігін, ыңғайын байқатады. Екіншіден, келін қолынан ене шалқып, ата шалқайып отырып қызыл күрең шәй ішу - бір үлкен жетістік, қуаныш. "Біздің бала ержетіп, келін түсірді, ата-ене атандық, қолымыз ұзарды", - деп мақтанады, өзгелер алдында бедел, мәртебеге ие болады. Келін болып түсіп, ата-ене алдында шай құйып отырған жалғыз қызын көріп, бір құдағи: 

Шәй құйып қызым сызылды-ай, 
Көңілім қатты бұзылды-ай. 
Құдағи отыр қайқиып, 
Құдам отыр шалқиып, - деп көзіне жас алған екен. Сөйтіп, келін түсіру тойының аяғы оның қолынан шай ішумен аяқталып, жас адам осы үйдің өз адамының бірі қатарында өмірге араласып кетеді. 

Сейіт Кенжеахметұлының "Қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары" атты кітабынан қазақтың шай беру дәстүрінің тағы бірнеше түрін келтірді. 

Тәтті шәй 

Кейде ата-ананың келісімінсіз, қызды алып қашып үйленетін кездер де болады. Мұндай жағдайда жігіт жағынан құдалардың аяғына жығылуға, яғни, кешірім сұрап, келісімге төрт-бес адам барады. Олар арғы-бергі жақтан сөз қозғап, ата-бабалардың салған жолы деп дәлелдеп, қыздың ата-анасы мен туысқандарының бетін бері қаратып, жігіттің ауылына шақыратын болған, оларға кең дастарқан жайған. Бұл рәсім "тәтті шай" деп аталады. Демек, бұл атына сай, құда-құдағилардың танысу, білісу, келісім, ынтымақ шайы. Мұнда жақсы тілектер айтылып, алдағы той жайы әңгіме болады. Тәтті шай ренжіскен адамдарды татуластыруға беріледі. 

Бейсенбі, жұма шәй 

Бейсенбі, жұма шайлары бір отбасының адамы қайтыс болғанда осы күндерде аруаққа бағышталып жайылатын дастарқан. Бұған жақын туған-туыстар, жанашыр адамдар келеді, дұға оқылады. Марқұмның жақсы істері мен мінез-құлықтары да айтылады. Көңіл айтуға кешіккен адамдар да осы күндері келуге тырысқан. 

Шашу шәй 

Қазақ әр науқандық шаруашылық кезінде немесе жаңа іс басында бас қосып, үй иесі осындай атпен аталатын қазан асады, шай дайындайды. Мұндай шашулар сиыр бұзаулап, уыз пісірілгенде, малға ен салғанда, қой қырқымы, жылқы күземі аяқталғанда және тағы да басқа науқандық шаралар кезінде жасалған.
reactor.inform.kz
23 қараша 2018 ж. 2 287 0