Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Қайсар ана

Түн. Айнала мүлгіген тыныштық. Тек жаңа ғана орнынан қозғалған пойыз перронының уілі осы бір жайбарақат уақыттың шырқын бұзғандай. ...Ауыржүгін арқалаған әйел қараңғы жолмен үйіне қарай бет алып келеді. Оның осылай жүк тасып, пойыз вагондарын жағалап, сауда жасап жүргеніне біраз жыл болды. Жабырқаған ананың жүрегін жоқшылық тіпті жүдетіп жібергендей. Тұнық ойға тұншығып келе жатқан Дәметкен өзінің жолдасынан қалған шаңырағына қалай жеткенін де білмей қалды. Үй іші де суық, қараңғы. Қаңыраған үйде көрпе-төсегі мен бірді-екілі ыдыс аяғынан басқа ештеңе жоқ. Дәметкен пештің бұрышына барып сұлай кетті. Сөйтті де, жанарынан жас тамшылап өткені мен бүгінін ойға оралтты. Бір сәт өзінен жырақта жүрген балаларын сағынып, жүрек құрғыр шаншып өтті.
– Әттең, дүние-ай! Барлығының да қадірін білмеппіз-ау! Мені қинайтыны жоқшылық емес, жүрегімді сыздататыны – балаларымның жан-жақта тарыдай шашырап жүргені ғой. Боталарым қазір не істеп жатыр екен? Қарындары аш емес пе? Ешкім ренжітіп қоймады ма өздерін?
Дәметкенді бұл ой күн сайын мазалайды. Ол ауқатты отбасында өмірге келді. Ата-анасының көз қуанышы, ерке қызы болып өсті. Содан да болар, жолдасы Берікті жолықтырғанда оның тұрмыстық жағдайына мән берген жоқ. Жүрек қалауымен тұрмыс құрды. Берік те оны көзі тірісінде жылатқан емес. Балаларымен бақытты өмір кешіп жатқан еді. Кенеттен ауыр дерттің тырнағына іліккен Берік бақилық өмірге аттанды. Бұл кез тоқырау тобықтан алған ауыр кезеңмен тұспа-тұс келді. Бұған дейін ерінің тапқан табысын үнемді жаратып, балаларын бағып, тамағын әзірлеп отыратын Дәметкенге тұрмыстың тауқыметі сезіле бастады. Осы кезде ағасы мен інісі: «Сен жұмыс жаса. Қазір заман оңай болып тұрған жоқ. Әлеуметтік көмек былай тұрсын, дәрігерлер мен мұғалімдердің айлық алмағанына 6 айдан асып барады. Елдің бәрі пойызға шығып, сауда қылып жүр. Біз саған азын-аулақ ақша берейік. Соны айналдыр. Ал балаларға алаңдама, біз қараймыз» деді. Осылайша Дәметкеннің көз қарашығы 3 баласы өзінен жырақта өмір сүре бастады. Ағасы Алматыда, інісі Шымкентте тұратын еді. Үлкен қызы Гүлден мен кенжесі Ерден інісінің қолына барды. Ал ортаншы ұлы Ерұлан ағасының тәрбиесінде. Оларға жиі баруға мүмкіндігі де болмайды. Тіпті арасында дауыстарын естіп жұбанатын телефон да жоқ еді. Бұндайда өзін іштей «Міне, аз қалды. Аз ғана уақыт. Содан соң бәріміз әкелерің салған осы үйде бас қосамыз» деп іштей күбірлеп жанын жұбатады.
Бұл кезде өзгелердің қолында өмір кешіп жатқан балаларға да оңай соқпады. Қанша туыс, бірге туған болса да, өз үйіңде шалқып жүргенге не жетсін, шіркін! Қарындары тоқ, киімі бүтін. Бірақ жүректері жабырқау, жанарлары мұңды. Әсіресе кіші ұлы Ерденге қиын болды. Таң атса, ерте оянып алып, қас қарайғанша жолды тосып отыратын. Сондағысы анам келіп қалса, көре алмай қалармын дейді. Тіпті бала болып ойнамайтын да еді. Ал бойжетіп келе жатқан Гүлден жеңгесінің қабағын бағады. Үйдің тірлігін өз мойнына алды. Таң атқаннан кеш батқанға дейін белі бүгілмей барлық шаруаны тындырады. Арасында сабағын оқып, оқуына да барып келеді. Мектепте алғыр. Өте жақсы оқиды. Арманы асқақ қыз болашақта білікті маман болып, жалғыз анасы мен қос бауырының қамқоршысы болуды ойлайды. Ортаншы ұлы Ерұланның халі мүлде басқа. Ол анасының қасында, әкесінің барында өте ерке өскен еді. Ешкім бетінен қақпайтын тентек болды. Оның бал-бұл жанған жанары солғынданып, мөлдіреген мұңға батқалы қашан. Кеш болысымен ұйқысы келмесе де қараңғы бөлмеге кіріп алып, төсегінде жатып: «Е, Алла, анамды аман сақтай гөр! Бауырларымды жылатпа» деп Жаратқанға жалбарынады.
Осылай күндер өтіп жатты. Бірде Дәметкен пойыздан түспек болып жатқанда аяғы шалынып, қозғалғалы тұрған пойыздың астына құлайды. Оны бәрі өлді деп ойлайды. Бірақ балаларының тілегі болар, екі рельстің ортасына түсіп аман қалады. Тағы бірде ауыр жүк сөмкесі төбесіне түсіп, басынан қатты соққы алады. Осыдан кейін «дүние табам деп жүргенде, балаларыма қауышуға зар боп қалармын» деп бәріне қолды бір сілтеп, азын-аулақ ақшасына балаларына базарлық алып жолға шығып кетеді.  Жүрегі алып-ұшып, інісінің үйіне жақындай бергені сол-ақ еді «анашым» деген таныс дауыс естіледі. Бұл Ерден еді. Қуаныштан құстай ұшқан бала анасының құшағына құлай кетіп «анашым, сен бе, сен ақыры келдің ғой. Бұл түсім емес қой, шын ғой. Маматайым, жұпар иісіңді сағындым» деп егіліп қоя берді. Екеуі көше бойында сағыныштарын баса алмай құшақтасып ұзақ тұрды. Сонан соң ғана үйге енді. Гүлден сабақтан келіп жатқан еді. Анасын көріп, көңілі алай-түлей болып жатса да, қайсар қыз сыр білдірген жоқ. Жай ғана «мама» деп күлімсіреп мойнына асыла кетті. Сағынысқан жандар түнде құшақтасып жатты.
– Анашым!
– Ау, қызым...
– Бізді өзіңмен бірге алып кетші. Ағам мен жеңгем жақсы қарайды. Дегенмен сенсіз бізге қиын. Ерден де күн сайын себепсіз жылайды. Тамақты да жөндеп ішпейді. Бізге көп нәрсе керек емес, тек сен қасымызда болсаң болды
– Е-е-е, балам-ау! Мені сендерсіз жетісіп жүр дейсің бе? Мен де тірі өлік сияқтымын. Бірақ бұл қалай болар екен. Өзің білесің, өткен жылы пештен шыққан өрттен дүниеміздің бәрі жанып кетті. Үй қаңырап бос тұр. Көп жөндеу жүргізу керек. Суық үйде ауырып қалмас па екенсіңдер?..
– Мама, бізге бәрібір өзіміз-ақ жөндеп алмаймыз ба? Мен бауырларыма қараймын. Сізге де көмектесем. Бірге болсақ, бәрін де жеңеміз ғой...
Осы әңгімеден кейін қызының есейіп, қолғанат болуға жарап қалғандығын аңғарған ана жүргені езіліп қоя берді. Неде болса бірге көрейік деп, балаларын қолына алуға бекінді. Үйге қайтатынын естіген балалар жүгін әп-сәтте жинап алып, жолға шығуға асықты. Қуаныштан алып-ұшып өз үйлеріне де жетті. Бұлардың халін түсінген көршілері мен жақын-жуық дос­тары қолдан келгенше үйлерін жөндеуге көмек көрсете бастады. Әп-сәтте  қаңыраған үй іші шаттыққа толды. Қос қанаты ұлдары мен қарашығы қызы анасына қолғабыс болды. Ол пойызға шығып кеткенде, үй ішін мұнтаздай қылып отырды. Үйге шаршап келген ана балаларын көргенде, бар шаршағанын ұмытып кететін. Олар мектепті жақсы оқып, армандарын айта бастағанда, өзінің балаларымен болашағы кемелденген әлемдегі ең бай жан екендігін шын сезінді.
Н.Бақыран
25 маусым 2019 ж. 1 638 0