Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ананың емес жалынның құшты құшағы

Ананың емес жалынның құшты құшағы

Білмеймін тіпті, озбырлық кімге таныттық,
Қараңғы түнде өрт кетті үйді жарық қып.
Қас-қағым сәтте өтіп те кетер білдірмей,
Жалған тіршілік осындай екен жарықтық.

Қиналып барам, қиналдым әке, қайдасың,
Тағдырға көнем маңдайға жазып қойғасын.
Бес құлыныңның құлқынын ойлап қам жеген,
Сендерді халық кінәлі емес деп ойласын.

Шырқырап қызың, шыбын жан көкке ұшады,
Пейіште мені періште енді құшады.
Анашым, сенің құшағың ыстық деуші едім,
Тым ыстық екен жалынның мына құшағы.


Қамқоршым, әкем, тарта бермеңіз нала-мұң,
Тілекшім анам, жасқа малынған жанарың.
Бәріміз бірге тұратын бақи тірлікте,
Жұмақ төрінен бір зәулім сарай саламын.

Өкініштінім енді естімейсіз іңгәмді,
Жердің бетін мен көрген аз-ақ күн қалды.
Тірлікте елдің бірлігі болсын деп кетем,
Өйткені, бізді ажалдың өзі бірге алды.

Білмеймін тіпті, озбырлық кімге таныттық,
Қараңғы түнде өрт кетті үйді жарық қып.
Қас-қағым сәтте бесеуін бірге алатын,
Жалған тіршілік осындай екен жарықтық.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.
05 ақпан 2019 ж. 989 0