Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Жаспен жуылған хат

Жаспен жуылған хат

Көкжиекті сәулелетіп нұрымен,
Таң да атты бірі өтіп бірінен.
Ана жатыр төсегінің үстінде,
Сай сүйегін сырқат сорған түнімен.
Баласының сезді сұмдық түрінен,
Күмілжуді байқады ана үнінен.
Келінінің шықта даусы ас үйден,
-Кетеміз бе, кетеміз бе, шынымен?
Ұлы келді анасына:
-Немереңіз, келін және балаңыз,
Бір жұмаға шетел асып барамыз.
Телефоннан хабар беріп тұрамын,
Алтын анам, үзілмейді арамыз.
Дауылдаған түсіп көңілі сабаға,
Немересін иіскеді кәрі ана.
-Қолыңды жай, ақ батамды берейін,
Келініме, немереме, балама.
Кеш те келді, кетті үшеуі сапарға,
Бір қасірет жасырулы сапарда.
Ана қалды арада күн өтпестен,
Сағыныштан жылап та алды жатарда.
Күндер сырғып уақыт керуен көшеді,
Сағыныш-ай, салқын лебің еседі.
Телефоны шыр етеді, ана алып:
-Ұлым,-дейді, бірақ өзге дауыстан,
Қайта үміті өшеді.
Қайда күндер кешегі?!
Он жыл өтті бар төзімді тауысқан,
Ұлын іздеп селт еткен әр дауыстан.
Анасы жүр әр адымы қысқарған,
Бар күлкісі қайғысымен ауысқан.
-Мұндай жауыз қылып па едім баланы,
Түсінбей ме жанымдағы жараны?
Әлде бір жайт болды ма екен сапарда,
Мүмкін емес, жо-жоқ,-дейді қарт ана,
Өз ойынан өзі шошып қалады.
-Құлыным-ау, сен қайдасың,
Қайдасың сен, осы менің жағдайым,
Тым құрыса бір иіскетші немеремнің маңдайын.
Келін қайда, қарттық жеңген шағымда,
Бір қасық су тамызбай ма қақсығанда таңдайым.
Өмір заңы, ала алмайсың жалтара,
Жеңбей қоймас мұң бір мінсе арқаңа.
Жанын жеген сормен меңдеп сырқаты,
Төсек тартып жатып қалды қарт ана.
Сақта Аллам тіршіліктің сызынан,
Сақта Аллам жүректердің мұзынан.
Бар мейірді көрмей туған ұлынан,
Сырқаттанып жатқанында қарт ана
Рахат көрді көршісінің қызынан.
Жырдың селін төгіп тұрса көмейім,
Жырыммен шетел асып келейін.
Анасынан жырақ кеткен асығып,
Жалғыз ұлдың хәлін айтып берейін.
Кетті үшеуі деген едім жыраққа,
Келеміз деп өткеннен соң бір апта.
Анасының алдамақ боп үмітін,
Келмей қойды, сонда қалды бірақ та...
Жұмыс тапты ие болды мансапқа,
Мансапты жан сірә өзгені аңсап па?
Ана жайлы бәрі естен шығарды,
Ана ойы жүрген шақта сан сақта.
Жылдар өтті. Ана түске кіреді,
Ештеңені елеместен жүр еді.
Қоңыраулап көріп еді ауылға,
Анасының науқастығын біледі.
Сонда барып қайтайық деді жарына,
Орындалмай қойды бірақ тілегі.
Ересек боп қалған ұлын ерітіп,
Ауылына сапар шекті баласы,
Немере де соны қалап тұр еді.
Біз жеткенше аман болсын анашым,
Тілегі сол, «тоқтамасын жүрегі».
Жыр арнасын ескі ауылға бұрайын,
Ана хәлін өлеңменен сұрайын.
Оқиғаның куәгері, баршаңды,
Қарт анадан бір хабардан қылайын.
Ана жатыр, еске түсіп өткен,
-Кетіп барам, енді бәрі кеш,-деді.
-Аманатым, ұлыма бер мынаны,-
деп қамқоршы көрші қызға хат берді,
Хат берді де, «Қош, құлыным, қош!» деді.
Көрісуге тағдыр мұрша бермеді,
Тіршіліктің көп қой сірә кермегі.
Көршілері, ауылдағы туғаны,
Кәрі ананы мәңгі орынға жерледі.
Жанарының жаспен жуған әжімін,
Қарт анасы өз баласын көрмеді.
Жетті ұлы.
Үй құлыпта.
Түсінді...
Көрші қызы аманатты ұсынды.
Қолына алып жылап тұрып оқыды,
Хатты ашып бойтұмардай пішінді.
Жылай берді, жылай берді егіліп,
Жасы сел боп хат бетіне төгіліп.
Қара отауы қаңырап тұр қораптай,
Иесіз қалған шаңырағы сөгіліп.
-Хатымдағы бар жазылған шын әне,
Өзгермейді жылама не, жыла не.
Немеремді алып келіп дұға қыл,
Қырда молам мені сілтеп тұр әне.
Соңғы сөзі осы міне ананың:
-Құлыным-ау, дертіме дерт жамадың.
Кешір, ботам, кетіп барам күте алмай,
Тәңір куә, оны жыл бойы қарадым.
Жыр жаздым ақиқаттың құрап бәрін,
Ананы ұлықтаңдар, шырақтарым.
Айтайық сан ұрпаққа сабақ қылып,
Табанының астында жұмақ барын!
Оңталап Жолдасов
02 тамыз 2018 ж. 1 451 0