Синоптиктер қыстың қандай болатынын айтты
Қазақстан бойынша 2020 жылғы қараша 2021 жылғы наурыз айларына арналған консультативтік маусымдық ауа райы болжамы ұсынылды.
Қараша айында қысқы ауа райына дайындық өтеді
Айдың бірінші жартысында Республиканың солтүстік бөлігінде, шығысында және орталығында қысқы ауа райы күтіледі. Қараша айында жауын-шашын (көбінесе қар), қарлы боран, сондай-ақ көктайғақ пен тұман жиі болады. Айдың бірінші жартысының ең суық күндерінде термометр бағанасы түнде -10-23°C, күндіз -2-10°C дейін төмендейді. Суық ауа массалары жылыға ауысқанда термометрлердің бағаналары +5+12°С белгісіне жетеді.
Еліміздің оңтүстік бөлігінде жауын-шашын (жаңбыр, жылбысқы қар) айдың екінші жартысында күтіледі. Таулы жерлерде ертерек болуы мүмкін. Бұл жағдайда температура фоны түнде -5-12°С дейін, күндіз -1+5°С дейін төмендейді.
Бір ай бойы жылы күндер аязды күндерге ауысуы күтілуде, көбінесе елдің солтүстік жартысында.
Осылайша, Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы норма шамасында, елдің солтүстік-батыс жартысында – нормадан 1°С жоғары, оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығыстың таулы және тау бөктерлі аудандарында - нормадан 1°С төмен болады деп күтілуде.
Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шамасында, еліміздің солтүстік-шығыс жартысында және оңтүстік-шығыс аймақтарының таулы, тау бөктеріндегі аудандарында нормадан көп, республиканың оңтүстік-батыс жартысында нормадан аз болады деп болжанады.
Қараша айында қар жамылғысы пайда болады. Көпжылдық мәліметтерге сәйкес, қар жамылғысы қалыптасуының орташа күні:
солтүстік және шығыс аймақтарда - қараша айының ортасында,
Қазақстанның орталық бөлігінде - қарашаның екінші жартысында,
еліміздің батысы мен оңтүстік-шығысында – қарашаның соңында және желтоқсанның бірінші жартысында,
республиканың оңтүстігінде және оңтүстік-батысында - желтоқсанның үшінші онкүндігінде.
2020-2021 жылдары қыс өткен жылғы қыстың сценарийі бойынша, яғни жылы және жауын-шашынға мол болады деп күтілуде.
Өткен жылдың қысында Қазақстан аумағына Атлантика аудандарынан жылы және ылғалды ауа массаларын әкелетін батыс тасымалы жиі жүзеге асырылды. Жер бетіндегі қабатта белсенді циклон мен атмосфералық фронттардың жиі өтуі байқалды. Осыған байланысты республиканың басым бөлігінде мол жауын-шашын жауды. Бұл процестің ең үлкен әсері елдің солтүстік-шығысында және орталығында байқалды. Бірқатар терең циклон өте қолайсыз ауа райын туындатты: боранмен жиі және қатты қар жауды, олардың ұзақтығы 12-25 сағат, көріну қашықтығының нашарлауы 50 м дейін жетті, жел 30-35 м/с дейін күшейді.
Алдағы қыста Қазақстан аумағы бойынша температуралық фон климаттық нормадан 1-2°С жоғары, тек еліміздің оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығыс аймақтарының таулы және тау бөктерлі аудандарында – норма шамасында күтілуде.
Желтоқсан мен қаңтар айларында еліміздің басым бөлігінде ауа райы жауын-шашынды болады. Тек батыс өңірлерінде – аз күтіледі, ақпан айында жауын-шашын мөлшері елдің басым бөлігінде нормадан көп, ал оңтүстік-батыс жартысында норма шамасында болжанады.
Көктемнің басы, атап айтқанда наурыз жылы және жауын-шашының мөлшері аз болады деп күтіледі. Қазақстан аумағының басым бөлігінде орташа ауа температурасы нормадан 1-2°С жоғары, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында нормаға жуық болжанады. Жауын-шашын мөлшері басым бөлігінде нормадан аз, қиыр солтүстікте және Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарының оңтүстік-шығыс бөлігінде норма шамасында, Шығыс Қазақстан обласының тауларда нормадан көп болжанады.
Ескертпе: маусымдық болжам ауа температурасы мен жауын-шашынның климаттық нормасынан ауытқуды білдіреді. Яғни нормаға қатысты ай жылы немесе салқын, жауын-шашынды немесе құрғақ болады. Болжамның бұл түрінің қателіктері болуы мүмкін. Сонымен қатар суық және жылы толқындардың басталу мерзімдері ығысады. Сондықтан маусымдық болжамды консультативтік болжам ретінде пайдалану керек. Ол кейіннен айға, онкүндікке, аптаға арналған ауа райы болжамдарымен нақтыланады.
baq.kz