Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Егер банкте техникалық ақау орын алса не істеу керек?

Егер банкте техникалық ақау орын алса не істеу керек?

Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мамандары мұндайда сабырлық сақтап, бірнеше қарапайым қағидаттарды басшылыққа алуды ұсынады. 

1.Бір ғана банк карточкасын пайдаланбаңыз
Өмірде шұғыл ақша қажет болып қалатын түрлі көзделмеген жағдайлар болып тұрады. Егер шұғыл түрде ақша алу керек болған кезде өзіңізге қызмет көрсететін банктегі техникалық ақау сізді ренжітуі мүмкін. Сондықтан да банктің жұмысындағы ақаулар салдарынан болатын қаржылық қиындықтардан өзіңізді ішінара сақтау үшін «қаржылық қауіпсіздік жастықшасының» болуына көңіл аударған маңызды.
Түрлі банктің кемінде 2 банк картасының болғаны дұрыс, олардың әрқайсысына қаражаттың қорын сақтап қоюға болады. Осылайша, сіз қаржы ұйымдарының бірінде туындаған техникалық қиындықтарды сабырлықпен өткізе аласыз. Сонымен қатар, түскі ас ішу, жолақысын төлеу және аздаған азық-түлік сатып алу үшін ақша шұғыл қажет болып қалатын жағдай үшін қолма-қол ақша түріндегі біраз соманың болғаны дұрыс.
Әдетте, банктегі техникалық ақауға байланысты жағдай біраз сағат, көп болғанда бір күн ішінде шешіледі. Сондықтан «қаржы жастықшасының» болуы сізді көптеген проблемалардан құтқарады.
2. Ресми ақпаратқа ғана сеніңіз
Әрбір қаржы ұйымында барлық жаңалық пен түсіндірмелер жарияланатын сайты, әлеуметтік желілерде ресми беттері бар. Сонымен қатар, әдетте көзделмеген жағдайлар туындаған кезде банктің баспасөз қызметі немесе басшылығы республикалық БАҚ-та ресми мәлімдеме жасайды. Осы ақпаратқа сенуге болады. Ал мессенджерлердегі таратылымдарға немесе жеке тұлғалардың банкке қатысы жоқ мәлімдемелеріне ден қоюдың қажеті жоқ. Осындай ақпараттың жалғаны екенінің ықтималдығы көп.
3. Қырағы болыңыз, алаяқтардан сақтаныңыз
Туындаған техникалық қиындықтарды қаржы алаяқтары пайдалануы мүмкін, олар сізге банктің атынан қоңырау шалуы немесе жазуы және өзіңіздің жеке деректеріңізді карточканың нөмірлерін және үш мәнді сәйкестендіру кодтарын айтуды сұрауы мүмкін. Қандай жағдайда болмасын оларға ешқандай ақпарат бермеңіз және өз жақындарыңызға, әсіресе егде жастағыларға  ескертіңіз. Банк ешқашан жеке деректерді талап етпейді және бірінші болып сөйлесуге бастама жасамайды. Сізге қоңырау шалған нөмірді жазып алып, оны өз банкіңіздің қауіпсіздік қызметіне хабарлаңыз.
Сондай-ақ алаяқтардан жалған ақпараттар әлеуметтік желілер немесе мессенджерлер арқылы таратылуы мүмкін. Бөгде адамдардан келіп түсетін заңсыз нұсқауларды қандай жағдайда болмасын орындамаңыз. Банк барлық кедергілерді дербес жояды және оған осыған қатысты клиенттердің көмегі қажет емес! 
4. Кедергілер жойылғаннан кейін өзіңіздің барлық шоттарыңыз бен деректеріңізді тексеріңіз
Техникалық жұмыстар аяқталғаннан кейін өзіңіздің шоттарыңыздың жағдайын және аталған жеке деректерді міндетті түрде тексеріңіз. Егер проблема немесе қате анықтасаңыз, банкке call-орталық немесе мобильдік қосымша арқылы жүгініңіз. Сізге міндетті түрде көмек көрсетеді және қайта туындаған мәселелерді жояды.
baq.kz

01 қараша 2020 ж. 365 0