Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » АҚСҮЙЕК (Кешігіп жазылған хат)

АҚСҮЙЕК (Кешігіп жазылған хат)

Сол кез басталды бәрі. Жылда халықты мектеп алаңына жинап, Қайсар ағам айдайтын тырқылдақ көк трактордың телешкісін сахнаға айналдыратын Наурыз мерекесі сол кез басқаша өткен. Әйтеуір, оқуда жүрген біз көктем мерекесінде елге келгенде "жастар кеші" деген пайда болды.Сахна-телешка бар еді әлі. Тіпті, оның үстіне жайып жүрген, мектепке жақын Күләш апамның қызыл кілемі де өзгермеген. Әншілер де, бишілер де ауыл адамдары. Қыдыр ата болатын да жылдағы бір әнебір жігіт. Тазша бала мен Алдар көсені де сомдап жүрген сол баяғылар. Үш би болып киініп, төрге шығып, бата беретіндер де біз көрген ауыл "әртістері".
Міне, енді осыған Жастар кеші деген қосылған. Бұл 21-нен келесі 22-ші наурызға қараған түнге ұйымдастырылыпты. Сірә, ауыл әкіміне мерекені өзгеше өткізу жайлы төтеннен біреу ой салса керек. Мектеп маңындағы футбол алаңына алтыбақан құрылып, киіз үй бір күн бұрын тігілген. Идея тұнып тұр. Алдымен сахнада жоғары сынып оқушылары әзіл айтып, өнерлі студенттер ән салды. Ойын ойнатылып, жұмбақ жасырылды. Би биленді. Би демекші, мұндайда бізден бөлек, жастау аға-жеңгелерде қалыс қалмаушы еді. Жер тепкілеп аяқ-қолын сермегенде, үріккен қойдай өзің де қыбыжықтап, шетке ығыса бересің.
Айтпақшы, мұндайда ауылдағы бизнес өкілдерінің де саудасы қызып жатады. Үйінен дүкен ашқандар бүкіл затын осында әкеп, жайма базарға айналдырады. Бір-ақ күн ғой. Наурыз жылына ғана келеді. Жігіт біткен өзіне жақын тұтқан бойжеткенге бар тәттісін осында алуға ұмтылатын. Кейбір ересектеулер жасы кішілеріне доң айбат танытатын кезде осы кез. Қалай дейсіз бе?! Өзіңнен екі-үш жас үлкен, сақа жігіт көзі шатынай, даусы тарғылдана сөз бастайды.
– Інім, мейрамыңмен!
– Рақмет, братан. Олай демеске амалың жоқ. Үндемесең "жақтырмай тұрсың ба" деген әңгіме үдей түсері анық.
– Ал, нең бар?! Осылай дейтінін әлдеқашан біліп тұрасың. Көңілің түссе, әлгі ауыл саудагерлерінен шыны сылдырлатып, бері қарай тасып әлексің. Бір-екі шапалаққа шыдаймын десең, "мейрамға нең барына" құр қос алақаныңды жайып тұруға әбден болатын...
Сондай қызықты уақытта сені көрдім. Қалаға кеткен қыз біткеннің ажарлана түсетіні қалай?! Ол сұрақты ойлағанмен, шынтуайтында жауабын іздемейтінмін. Әйтеуір, бұрын да, сол кез де ұнайтының рас еді.
Білмеймін, сонша жылдан кейін неге жаздым бұл естелікті. Білетінім, сенің бәрін сезетінің. Кездескенде жымиып қарайтының. Ара-тұра қалжыңдасып та қалатынбыз. Рас, екеуміз екі қалада оқысақ та, ауыл дейтін ғажап мекенде кездесіп қала бердік.
Есіңде ме, сол Наурызда алғаш рет ауыл жастары ақсүйек ойнады. Мен де, сен де сол дүбірге қосылдық. Бізден үлкен, сотанақтау менің нағашым Дархан қарулы қолымен тайдың тоқпан жілігін шиыра лақтырған. Қараңғыға ұшқан сүйекті жапатармағай іздеуге көштік. Расы сол, менің сүйек іздеуге құлқым жоқ еді. Бар ойым – сенімен тілдесу. Бұлай жүре бергенше ұғынысу еді бар арманым. Бірақ, әнебір күлегеш құрбың сықылықтап соңыңнан қалар емес. Кіндігі бірге адамдай басқан ізіңді санап ол да жүр. Менің де діңкемді құртатын осы.
Иә, сол кеште әйтеуір кездескенбіз. Көлбеңдеп көлеңкеңдей қалмай келген мені байқап үлгердің-ау. Күлегеш құрбың әлдене демек болғанда, оған оңаша қалдыруды сұрағансың. Бұның бәрі сенің есіңде болуы тиіс.
Не дейтінімді айтқызбай түсінген көңілің неткен жүйрік еді сенің. "Ә" деп аузымды ашқанша "бәрін білем" дегенсің.
– Сен жақсы жігітсің, Ержан, – дедің күлімсіреп тұрып. –Өлең жазасың. Көп кітап оқисың. Бірақ...
Иә, сол кез біраз нәрсе айтқансың. Бірі есімде, енді бірі есте жоқ. Әйтеуір, келіспейтініңді санам қабылдамай әлек. Ауыр оймен алыса бергенмін. Жалғыз ауыз сөз айттың. Сол ғана жаңғырық болып жатталып қапты.
– Кешіктің ғой, – дедің үнсіз күрсініп. Сөйттің-дағы да еңсем еңкіш тарта берген менің тоңазыған бетімнен "шөп" еткізіп сүйген күйі жүгіре жөнелдің. Құрбыңның артынан. Ал мен көктемнің түнгі салқынын енді сезгендей, қалшылдап тоңғаным есімде.
Сол жазда өз туған ұяңнан ұштың. Ұзатылып кеттің. Одан бері талай жыл өтті. Жақсы келін, жақсы жар атандың. Сырттай тілекші екеніңді де білетінмін. Сені сыйлар бір көңілім болса, ол да осы естелік хат шығар.
Ал мен ше? Әлі алаңсыз іздеп келем. Жүрек жоғалтқан "Ақсүйекті"...
Ержан Қожас
17 қараша 2020 ж. 604 0