Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » “600 метрлік шпаргалка”: әлем студенттері туралы 10 қызық дерек

“600 метрлік шпаргалка”: әлем студенттері туралы 10 қызық дерек

1. Сәттілік сыйлайтын шоколад
Жапон студенттері емтиханға өзімен  бірге міндетті түрде шоколад алып кіреді екен. Себебі шоколад сәттілік сыйлайды, соның арқасында емтиханды үздік бағаға тапсырамын деп санайды.

2. Ең ұзын шпаргалка

Литвадағы Шяуляй университетінің физика-математика факультеті студенттері 600 метрге жететін шпаргалка жасап шығыпты. Оны 68 студент 16 сағат бойы дайындаған. Ұзындығы университеттің жатақханасынан оқу орнының орталығына дейін жеткен деседі. Кейін студенттер шпаргалканы университет деканына тапсырыпты. Бұл – Гинннес кітабына енген әлемдегі ең ұзын шпаргалка.

3. Тәтті ұйқы бөлмесі

Студент шақта жастардың достарымен бірге жиналып, гитарамен ән айтып, таңға дейін қыдырып, ұйықтамай өткен күндері қаншама?! Есесіне сабақ уақытында маужырап отырады. Францияның Нант қаласындағы бір университет бұл мәселеге бей-жай қарамапты. Оқу орны шаршаған студенттер мызғып алуы үшін университтен арнайы ұйқы бөлмесін ашқан екен. Әрине, шылым шегуге, музыка тыңдауға, қатты сөйлеуге, құшақтасуға және сүйісуге тыйым салынған.

4. 1-курс студентінің қарызы

Әйгілі Йель университетінде әлі күнге дейін ерекше әрі қызық дәстүр бар. Университеттің жоғарғы курс студенттері бірінші курс студенттеріне өз жазбаларын, конспектісін таратады. Бұл үшін “балмұздақтар” оларға қарыз болады. Бірақ оны өтеу үшін ақша төлеудің қажеті жоқ. Оның орнына борышкердің көзін жап-жасыл түске бояйды. Кейін ол бір күн немесе бірнеше сағат бойы жоғары курс студентін арқалап, тасып жүреді.

5. Адалдыққа негізделген емтихан

АҚШ-тағы әйгілі Принстон университетінде студенттер жазбаша емтихандарын аудиторияда оқытушыларсыз тапсырады екен. Себебі олар бірінші курсқа түскенде “Адалдық кодексі” бойынша салтанатты түрде ант қабылдап, жоғары дәрежелі азамат ретінде емтихандарда алдамауға уәде береді.

6. Рим Папасына тарту

АҚШ-тың Джорджтаун университетінде өте қызық әрі күлкілі дәстүр бар. Университет студенттері Healy Hall мұнарасындағы сағаттың тілін ұрлап, Ватикандағы Рим Папасына жолдайды екен. Университет әкімшілігінің мұны жасамау туралы өтініші мен талабына қарамастан, сағат тілі бес-алты жылда бір рет жоғалып отырады.

7. Арқаға жазылған мекенжай

19-ғасырда Ресей мейрамханаларында, ішімдік ішуге арналған мекемелерде мас студенттердің арқасына олардың мекенжайы жазылып тұрады екен. Ол туралы Чехов: “Сол кездегі танымал “Стрельна” және “Яр” мейрамханаларының швейцарлары мас студенттерден үйдің мекенжайын сұрап, оны студенттің арқасына бормен жазған. Содан кейін такси ес-түссіз студенттің артындағы ақпаратқа сәйкес үйіне жеткізетін” деп еске алады.

8. Сәтсіздік бананы

Вьетнамдағы мектеп оқушылары мен студенттерін емтихан алдында ешқашан ешқалай банан жегізе алмайсыз. Себебі олар оны өте тайғақ жеміс санайды. Ал бұл елдегі “тайғақ” сөзі “сәтсіздік” сөзімен үндес.

9. Айқай арқылы стрестен құтылу

Бір қызығы, бұл дәстүр шетелдің біраз университетінде танымал. Сессия кезінде студенттерге кампус жанында 5-10 минут бар даусымен айғайлауға рұқсат беріледі екен. Мұндай әдіс емтихан уақытындағы стрестен құтылуға көмектеседі дейді.

10. Студент несиесі

Норвегияда жоғарғы оқу орындарында тегін білім алуға болады. Оған қоса, мемлекет студенттерге шәкіртақы төлейді. Ең қызығы, студенттерге қажет зат алу үшін несие де беріледі екен.
Автор: Наргиза Аршидин 
baribar.kz
17 қараша 2020 ж. 480 0