Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаңғыбас ит – қоғамға қауіп

Қаңғыбас ит – қоғамға қауіп

Қазақта естір құлаққа түрпідей тиетін «мысық тілеу» деген сөз бар. Осы сөздің шығу тарихын білесіз бе? Пештің үсті мен мамық төсекте пырылдап ұйықтап жататын мысық жануары жүрген үйінде «менің мазамды алып, умаждайтын бала болмаса екен» деп тілейді екен. Әлгі сөз содан қалған деседі. Ал есесіне «күшік тілеу» деген де сөз бар. Мұны халқымыз жақсы ырымға балап, жылы қабылдайды. Неге дейсіз бе? Өйткені күшіктер «осы үйде маған кірген-шыққан сайын сүйек тастайтын бала көп болса екен» деп тілейді екен. Біздің айтпағымыз мысық тілеу немесе күшік тілеуге байланысты емес. Бірақ осы ит-мысықтардың көптігінен және олардың иесіз қалуынан қоғамға төнер қауіп жайында болып тұр.
Негізі иттің де, мысықтың да қоғамда өзінің алар орны бар. Пайдасы мен зияны қатар жүретін бұл хайуанаттардың азайғандығында емес, көбейгендігінде мәселе көп болып тұр. Қазір қалада қаңғыбас ит-мысықтар жиі кездеседі. Көше-көшені кезіп, қоқыстар мен аулаларды аңдып жүретін қаңғыбас ит-мысықтардың қоғамға, әсіресе адамға зияны көп тиіп жатады. Еңкейген қариядан, ес білмес балаға қауіп төндіретін хайуанаттардың көзін жою науқаны жылда қолға алынады. Десе де олардың түгелдей дерлігін жойып жіберу мүмкін болмай тұрған сияқты. Себебі оларда да айла бар, оларға да жан керек. Өздеріне қауіп төнгенін сезсе, алты қыр әрі асып жан бағады. Ал арнайы бригадаға көзге түскен қаңғыбастарын қырып салу қиындық тудырмайды.
Қазіргі таңда аудан бойынша жыл көлемінде 1898 қаңғыбас ит-мысықтардың көзі жойылған. Олардың 1810-ы иттер болса, 88-і мысық. Атылған ит-мысықтардың өлексесі арнайы полигондарға жеткізіліп, ветеринариялық талаптарға сәйкес залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Мұндай шаралар жылда жалғасын тауып келеді. «Арал аудандық ветеринариялық станциясы» ШЖҚ КМК-ның эпизоотолог-дәрігері Е.Жұмағалиевтің айтуынша, қолға алынатын мұндай жұмыстар облыстан бөлінген қаржыға сәйкес жүргізіледі. Десе де бір Арал қаласының өзінде 1900 дан да көп қаңғыбас ит-мысықтар болуы мүмкін. Оларды қазірдің өзінде көзіміз шалып жүр. Ал солардың бұдан былай дәрменсіз жанға зиянын тигізбесіне кім кепіл?! Біздің алаңдайтынымыз да осы.
Жақында еліміздің солтүстік аймағында 3 жасар баланы иттер талап тастағанын естіп, денеміз түршікті. Сенбейін десең шынайы ақпарат беріліп тұр. Есін біле қоймайтын кішкентай баланың қаңғыбас иттердің ортасына қалай тап болғанын қайдам, туыстары денесін де таппаған. Бұл жаңалық сіз үшін ескіріп те қалған болар. Десе де осы жағдай сіз бен біздің бірімізде қайталанып жатса ше?! Көтере алмай қалып, ішқұса болмасымызға кім кепіл? Құдай бетін аулақ қылсын. «Сақтансаң сақтаймын» деген ғой. Мұндай қайғылы жағдайдың бізде де қайталанғанын қаламасаңыз, көшеңізде немесе жүрген жеріңізде топтасқан иттерді көрсеңіз тиісті орынға хабар бергеніңіз жөн. Себебі мамандар үшін қазіргі уақытта қаңғыбас ит-мысықтарды жою науқаны аяқталды. Енді олар арнайылап оларды аулауды жалғастырмайды. Бірақ сол қаңғыбас ит-мысықтардан жапа шеккен жағдайда 2-12-10 нөміріне хабарласып, көзін жоюды сұрасаңыз болады. Арнайы бригада сіз берген ақпаратқа сәйкес тиісті мекенжайға барып, жағдайды реттеуге жұмыс жасайды. Біз осылай істеу арқылы қоғамға қауіп төндіретін иесіз иттерден арылатын боламыз.
Елімізде ит немесе мысық асырауға ешқандай шектеу жоқ. Тек әркім өз ісі үшін жауап берсе болғаны. Күшігінде асырап, есейгенде оны ас-сусыз қаңғытып жіберуден басталады барлық мәселе. Сондықтан ит-мысық асыраған әрбір тұрғын олардың жауапкершілігін де өз мойындарына алса дейміз. Немесе иттерді өз иелеріне заңдастыратын арнайы заң қолданысқа енуі керек. Сонда ғана әрбір тұрғын жауапкершілікті сезінетін болады. Олай болмаған жағдайда, азулының аузында кеткен әлгі періштенің сұрауы бір Аллаға аян күйінде қала бермек. Кімнен көресіз, қандай жаза сұрайсыз?! Ит атылар, мысық жойылар. Алайда болар іс болып болған соң бармақ тістеп, аласұрғаннан кімге пайда, кімге зиян?! Сол себепті әркім өзінің және жақындарының қауіпсіздігі үшін әрекет ете білуі керек. Мұның барлығы сіз бен біздің сақтығымыз үшін айтылды. Ал одан қорытынды шығару өз құзыретіңізде, қымбатты оқырман!
А.Қарасай
21 қараша 2020 ж. 981 0