Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстандықтар жағымсыз несие тарихын өзгерте алады ма?

Қазақстандықтар жағымсыз несие тарихын өзгерте алады ма?

Қазақстандықтар банктерге 25 трлн теңге қарыз екен. Алайда бұл банк, мемлекеттік холдинг, микроқаржылық ұйымдардың бәрін қоса алғандағы жиындық несие портфелінің көлемі.

Шын мәнінде жеке және заңды тұлғалардың екінші деңгейлі банктерге қарызы 14,3 трлн теңгені құрайды. Әрине, бұл да аз сома емес. Дәл қазір елімізде 7,4 млн адамның басында несие бар екен. Осы цифр біздің несие алуға келгенде қаншалықты белсенді екенімізді айғақтайды. Бұл ретте азаматтар несие тарихы туралы да жақсы білуі тиіс. 
Несие тарихы – сіздің банк әлеміндегі абырой-беделіңіз іспетті. Бұрын несие алу кезінде жалақының аз немесе көптігі рөл ойнаса, қазір несие тарихы ерекше маңызға ие. 
Кей жағдайда несие тарихы қарыз алушының кінәсінен бұзылмайды. Бәлкім, банк қызметкері клиент туралы ақпаратты дұрыс беруді ұмытып кетуі мүмкін. Сондықтан сізде несие тарихына қатысты қиындық туындаса, онда сіздің бұл проблеманы тексере алуға құқыңыз бар. Тәртіп бойынша клиент жылына бір мәрте тегін өз несие тарихымен таныса алады. 
Несие тарихын қайдан білу керек?
Өз несие тарихыңыздың қаншалықты таза екенін білудің бірнеше жолы бар. Алғашқысы – Алғашқы кредиттік бюросы. egov.kz порталында немесе порталдың мобилді қосымшасы арқылы, не болмаса мына көрсетілген мекен-жай бойынша: Алматы қаласы, Самал-3 ықшам ауданы, 25 үй. 
Аталған бюроның кеңсесіне барып жеке куәлігіңізді немесе заңды тұлға екеніңізді растайтын құжаттарды ұсынғаннан кейін 15 минут ішінде несие тарихы туралы ақпаратты аласыз. 
Egov.kz порталында «Салық және қаржы» бөліміне кіріп, одан соң өтінішті толтырып, ЭЦҚ кілтіңіз арқылы қол қойып, одан кейін "Жеке кабинетіңізде» нәтижесін көре аласыз. 
Мемлекеттік кредиттік бюрода – ұйым кеңсесінде немесе почта арқылы; 
Жеке куәлігіңізді алып барып Қазақстандағы 80-нен астам халыққа қызмет көрсету орталығында; 
«Қазпочта» бөлімшелерінде немесе ЭЦҚ кілтіңіз арқылы «Қазпочта» порталында. 
Сұранысты почта арқылы жолдауға да болады. Ол үшін жеке куәлік көшірмесі мен нотариалды куәландырылған өтініш керек. Егер несие есебін бір жылда екінші рет сұратып тұрған болсаңыз онда төлем жасағаныңызды растайтын түбіртекті қоса жолдайсыз; 
«Нашар» несие тарихы қанша уақытқа дейін созылады?
«Кредит бюросы және Қазақстан Республикасындағы несие тарихының қалыптасуы туралы» заңға сәйкес, кредиттік бюро субъектінің несие тарихы туралы ақпаратты соңғы ақпарат алынған күннен бастап 10 жыл бойы сақтай алады. Ешқашан қарыз алушының несие тарихы жойылып кетпейді. 
Несие тарихын түзеуге бола ма?
Жоқ. Бірден несие тарихын керемет етіп түзеп тастау мүмкін емес. Тек сіз оны бірте-бірте жақсартып қалпына келтіре аласыз. Ұзақ жылдар бойы жақсы қаржылық жағдайда жүріп, тұрақты төлем қабілетке ие екеніңізді дәлелдеу арқылы банктің сеніміне ие боласыз. 
Қаржы сарапшыларының айтуынша, несие тарихын жақсартуға кем дегенде 2-3 жыл уақыт кетеді. Өйткені сіз несие сұраған уақытта банкті сіздің соңғы бірнеше жылдағы жағдайыңыз қызықтырады. 
Депозит ашу да несие тарихын жақсартудың бір жолы. Аз-маз сома болса да депозитке сала берсеңіз, бұл сіздің банк алдындағы беделіңізді жақсартады. Келесі жолы несие сұраған кезіңізде несие тарихыңыздың нашар екеніне қарамастан, банк сіздің тұрақты салымшы екеніңізді ескереді. 
2020 жылы шыққан жаңа ережеге сәйкес, егер сіз 2020 жылдың 1 қаңтарында несие бойынша қарызыңызды төлеп бітсеңіз, онда 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап кредиттік бюро сіздің несиеге «сауықтырылған» мәртебесін береді. 
Егер сізге «несие тарихыңызды жақсартып беремін» деп қызмет ұсынушылар болса, оларға ешқашан сенбеңіз. Бұл – алаяқтық әрекет. Сондықтан жоғарыда айтылғандай тек жылына бір мәрте ғана несие тарихыңызды тегін тексере аласыз. Оны жақсарту тек өз қолыңызда. 
24 қараша 2020 ж. 525 0