Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада агросаланы автоматтандыру арқылы өнім өндіру көлемі артуда

Қызылордада агросаланы автоматтандыру арқылы өнім өндіру көлемі артуда

Сыр елінде агросаланы автоматтандыру процесі қарқынды жүруде. Еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортының көлемін арттыру үшін Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландырудың тиімділігі зор.
Аймақта агроөнеркәсіптік кешенін цифрландыру мақсатында егіншілік саласы бойынша «нақты егіншілік» элементтерін енгізу және мал шаруашылығы саласы бойынша «ақылды фермалар» құру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге Шиелі ауданында «Ақмая» шаруа қожалығының базасында «нақты егіншілікке» арналған «Akmaya Smart Farm» цифрлық платформасы жасалып, жоба іске асырылды. Жоба аясында шаруашылықтың 800 гектар егіс алқабына цифрландыру жұмыстары жүргізіліп, алынған деректер өңделді.

Өңделген деректер негізінде алқаптың электрондық картасы және алынған топырақ үлгілері бойынша топырақтың агрохимиялық картограммалары әзірленген.

Шаруашылықтың қолда бар барлық ресурстарына кешенді аудит (техника, қызметкерлер, егіс алқаптары мен олардың пайдалану тарихы, өнімділігі, дақыл сорттары және т.б.) жүргізілді. Жоғарыда аталған барлық деректер «Akmaya Smart Farm» цифрлық платформасына жинақталды. Нәтижесінде шаруашылықтың өндірісі артып, тыңайтқыштарды оңтайлы пайдалану есебінен 14 млн. теңге қаржысы үнемделді.

«Ақмая» пилоттық шаруашылығы аймақтағы барлық фермерлер үшін демонстрация алаңына айналып, әрбір фермерге өз табысын қалай арттыруға болатыны, көбірек түсім алуы, тәуекелдерді басқаруы, техникамен жұмыс істеуі мәселелерін шешуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, облыста «Мағжан и К» ЖШС-мен елімізде бірінші сандық күріш өңдеу зауытының құрылысы бойынша жоба іске асырылды.

Ауыл шаруашылығы техникаларының бірыңғай мемлекеттік тізілімін қалыптастыру мақсатында «Автопоиск» бағдарламасы іске қосылып, жобалық деңгейде қызмет көрсетуде. Мұнан бөлек, күріштің егістік алқаптарының жай-күйін ғарыштық мониторингілеу жобасы басталған. Жоба өз кезегінде жерді қашықтықтан зондтау, күріш егісі алқабының электронды карта-сұлбасын әзірлеп, мониторингілеу арқылы күріш себу мерзімдерін және нақты егілген көлемін анықтауға, егіс алқабындағы жылу ресурстарының жиналу динамикасын зерделеуге, күріш егістігінің ластануы мен тұздануын спутниктік бағалауға мүмкіндік береді.

Мал шаруашылығы бағытында жылжымалы станок-фиксатор, ауыспалы жүктемелік, автоматты суарғыш жылытатын құрылғылар, баламалы энергия көздері және GPS-навигаторлары пайдаланылуда. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерінің электронды саудасын жүйелендіру және агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында «Агробиржа» электрондық сайты жұмыс жасауда.
syr-media.kz
26 қараша 2020 ж. 345 0