Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарбала

Қарбала

«Ертең көктем лебі біліне ме екен?» деп жүрген шақта, ақпан айының ең соңғы күні жапалақтап қалың қар жауған. Жерде, көк те аппақ. Дүние тегіс түбітті ақ шәлі жамылып алғандай.Күн жұма еді.
Әкесі Әміртай үй іргесінің қарын күреуге шыққанда, төртінші сыныпта оқитын баласы Еркебай да жылы киініп, сыртқа шыққан. Жабысқақ қарды ұстап көрген Еркебай жүзі жымың етіп, дереу домалата бастады.
Домалақтарының үлкен болғаны сондай әкесінің көмегімен бірінің үстіне бірін әзер қойды. Әп-сәтте көзі көмір, мұрны сәбіз, төбесіне темір телпек киген аққала жасап алды. Тірі адамнан аумай қалды.
– Көке, менің досымды көрдің бе? – деп шаттана дауыстады Еркебай қар күреп жатқан әкесіне.
Белін жазған Әміртай бір сәт көз тоқтата қарады да:
– Ау, аты кім мұның? – деді маңдай терін сүртіп жатып.
– Аты – Қарбала – деп қалды Еркебай еш ойланбастан.
... Қарбаланы досындай көрген Еркебай оның жанында күйбеңдеп, айналшықтап біраз жүрді. Тіпті ауық-ауық оған қарап сөйлеп те қояды.
– Қарбала, сен нені жақсы көресің? – деп оның бетіне үңіле қараған . Қарбала үндемеді. «Сен нені жақсы көресің, досым-ау, мен де соны жақсы көремін» дегендей сыңай байқалады түрінен.
– Мен атқа мінгенді жақсы көремін. Шіркін, әнеугүні каникулда атамның ауылына барғанда Сұркөжекке құмарым қанғанша міндім ғой. Сұркөжек десе, Сұркөжек қой... Атаммен еріп, қоян аулағаным ше? Тұзақпен бес қоян ұстадық... құм ішінде қоян деген биқыл... – деп Еркебай майын тамызып әңгіме бастады.
Қарбала үнсіз тұрып оның әңгімесін қызыға тыңдады. Мұнан соң Еркебай кішкентай күрегін алып, әкесіне көмектесіп кетті. Тек анда-санда төрінде бұған мөлие қарақарап тұрған аққала – Қарбалаға қолын бұлғап қояды.
***
Еркебай оқыс көзін ашып алып, төсегінен ұшып тұрды. Үй сыртында біреу сықыр-сықыр басып жүргендей ме, әлде әлсіз дауыстағандай болды. Терезе пердесін ысырып, сыртқа көз юіберген.
Ай сүттей жарық екен. Қыбыр еткен жан жоқ. Көзі аула төрінде тұрған бүгін өзі жасаған аққалаға түскен. Соған тесіле қарады. Өз көзіне өзі сенбеді. Қасы керіліп, аузын ашып қалды. Аққала қолын сәл бұлғап, мұны шақырды. Аппақ денесін баяу қозғап, бір-екі қадам жасап, бері қарай жүргендей де болды. Еркебай жылдам киінді де, аяғының ұшымен басып, тысқа шықты.
Күндізгі аяз жоқ. Оңтүстіктен жып-жылы жел соғып тұр. Қарасұр аспаннан бауыры жер сүзіп тұман түсіп келе жатқандай. Айнала құлаққа ұрған танадай тып-тыныш.
Қимылы ширақ Еркебай жүгіріп, аққаланың жанына барды. Мәссаған, кереметті қара, аққалаға жан бітіпті. Жүзі ашық аппақ бала бұған әдемі күлімсіреп қарады.
– Қарбала, тоңып қалдың ба? Жаурасаң жүр. Үй деген жып-жылы, – деді Еркебай.
Мен ешқашан тоңбаймын, – деп баяу үн қатты Қарбала.
– Жалғыздықтан ішіп пысқан шығар. Қазір қасыңа достар жасайын, – деп Еркебай бір уыс қарды жұмарлап, домала бастап еді,
– Менің досым сенсің, – деді оған Қарбала қиыла қарап. – Таңертең наурыздың жылы лебі кіреді, қыстың кәрі сынады. Мен бүгін түнде солтүстікке кетіп үлгеруім керек...
– Қалай кетесің?
– Түн ауа қала сыртымен Зымыстан көкем ақ шанасын ызғытып, ақ бурасымен шауып өтеді. Соған жетіп үлгерсем, келер қыста қайта келемін.
– Ал үлгермесең ше? – Еркебай оның көңілсіз, мұңды түріне бір түрлі аяушылықпен қарады. Жылағысы келгендей ме?!
– Еріп қара суға айналамын. Ерімеу үшін туған жеріме Зымыстан көкеме ілесіп жетуім керек...
– Сенің туған жерің қайда, Қарабала?
– Алыс солтүстікте... мұз таулар елінде.
– Арктикада ма? – деп сұрады кітаптан оқығаны еске түскен Еркебай.
– Иә...
– Ендеше бұл жаққа, Сыр еліне неге келесің? – деді досының сырын білгісі келген Еркебай.
– Зымыстан көкемнің бұйрығымен жылда желтоқсан, қаңтар, ақпан айларында осында жетеміз. Ақ қар, алапат боран, қызылшұнақ аяз арқылы жер-дүниені тазартып, қайта сілкіп, жаңаша өң береміз. Келер көктемге мол нәр суын қалдырамыз. Соған сендер егін егіп, бақша саласыңдар. Күрпіген өзен-көлге шомылып, балық аулайсыңдар.
– Дұрыс-ей, – деп Еркебай басын изеді құптап. – Су болмаса, ештеңе де болмас еді. «Су – тіршілік көзі» деген апай.
– Еркебай, асығайық! Зымыстан көкем көзді ашып жұмғанша өтіп кетер, – деді Қарбала қозғалақтап. – Тұла бойым жылып, көзім жасаурап барады...
Еркебай жылдам жүгіріп барып, қорадан шанасын алып шықты. Қарбаланы отырғызып, үлкен көше бойымен қала сыртына қарай томпаңдай жөнелді.
– Шіркін, тезірек жетсек екен, – деп қояды Қарбала алды жағына ұмсына қарап қойып.
Жіпсіленіп босаңси бастаған жолмен шананың жүруі де оңай емес. Еркебай ентігіңкіреп, шаршайын-ақ деді. Бірақ досының жайын ұққандықтан, еш кідірмеді. Үш-төрт көшені айналған соң, қала сырты да көрінді. Қала ішіндей емес, сырт жақ суықтау, қатқылдау көрінді. Ызылдап соққан жаяу борасынның белгісі бар. Еркебайдың тұла бойы аздап түршігейін деді.
–Зымыстан көкем әне көрінді, әне.. Мына боран-соның дем алысы.. деп Қарбала шаттана, масаттана айқайлап жіберді.
Ақ көке.. Ақ көке... – деп қолын бұлғады Қарбала. – Мен мұндамын...
Сөйткенше бір әлеуетті күш Қарбала мінген шананы жібінен іліп алып, ұшырып ала жөнелді. Еркебай жападан-жалғыз селтиіп тұрып қалды. Мұздаған қолының саусақтарын уқалап-уқалап жіберді.
Қарбала мінген қол шана құстай ұшып заулап барады. Артына мойын бұрған Қарбала:
–Келер қыста кездескенше, – деп-ақ үлгірді де, қара көк көкжиекке сіңіп жоқ болды.
Аяғын тықырсыз басып бөлмесіне кірді де,Еркебай төсегіне қисая кетті.
Көпке дейін көз алдынан әуелі мұңайған , сосын шаттанған Қарбаланың монтиған сүйкімді бет-пішіні кетер емес. Сөйтіп, жатып көзі ілініп кетті.
Ауызғы бөлмеде өзара сөйлескен дауыстан оянып кетті. Таңертеңгі шайларын алдына алған әкесі мен шешесі ғой. Үндерінде әлденеге таңырқағандайс ыңай, қалып бар.
–Кеше Еркебай жасап, Қарбала деп ат қойған аққалам зым-қайым жоқ. Жан бітіп кетті ме? – деген әкесінің тарғыл даусы естілді.
–Қайдағыны айтасың-ау! Ақтөстің қарғысы ағытылып кетті. Сол бұзып тастаған да... – деп жауап қатты шешесі.
Еркебай орнынан ытқып тұрды. Терезе әйнегіне жабыса, сыртқа үңілді. Кеше Қарбала тұрған ауланың төрі бос. Ешкім болмағандай.
Еркебайдың бойы сергіп, жүрегі жылып қоя берді. Сосын қабырғадағы күнпараққа қараған. «Бір наурыз» деген жазу көзіне оттай басылды.
Ерғали Абдулла
 
02 желтоқсан 2020 ж. 651 0