Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Томаға

Томаға

Көктемнің шуақты күні айналаға мейірімін төгіп, ерекше нұрланады. Бұл шақ – күллі тіршілік атаулының қыстың ауыр құрсауынан шығып, жанданатын шағы. Әні, ағаштар да бүр жарып, жасыл күртесін кигендей кейіпке енді. Құстар да сайрай ән салып жүр. Тыстағы осы көріністі терезеден тамашалап отырған Айжан мен Гүлжан өздерінше мәз болып, сықылықтай күліп алады. Олар  осынау тылсым құбылысты тек әйнектің арғы жағынан тамашалап келе жатқанына 30 жылдай уақыт болды. Қайран, қор болған қыз ғұмыр... Торда қалған торғайдай өмір кешіп жатқан апалы-сіңлілі жандардың осы өміріне бойлары үйреніп кеткен.
1985 жылдың күзі болатын. Айжан мен Гүлжанның анасы Фатима үшінші перзентіне жүкті еді. Айы-күні жетіп, перзентханаға барады. Кенет ананың жағдайы күрт нашарлап, талықсып кетті. Босану сәтіндегі мұндай халі баланың да, ананың да өлімімен аяқталды. Әйелі бала үстінен жантәсілім еткен соң, Бек тіпті ішкілікке салынып кетті. Ол отбасында өте қатал әке болатын. Қыздары енді ғана бой түзеп келе жатқан. Үлкені Гүлжан – 5 сыныпта, Айжан 3 сыныпта оқитын. Аналарынан айырылған соң, қос қыздың да тағдыры тәлкек болды. Озбыр әке оларды мектептен де шығарып алды. Үй іші мен биік қоршаулы шарбақтан әрі асып шығуға тыйым салды. Ол кезде екеуі де кіп-кішкентай қыз еді. Әкенің айбатынан сескенген қыздар араққа сылқия тойып келіп, пышағын жалаңдатып: «Жалмауыздар, Фатима сендерді тым еркелетіп жіберді. Енді ол өлді. Мен сендерді қатаң тәртіпте ұстаймын. Болмаса, сендер де ертең бойжетіп бір еркекке еріп, мені жалғыз тастап кетесіңдер. Сондықтан мен екеуіңді де ешкімге көрсетпей ұстаймын. Осыған көнесіңдер! Болмаса...» ,– деп қолындағы суық қаруын өктемдей көрсететін.
Мұндайда қаршадай ғана қос қыз бір-бірін қорғаштап, бұрыштан бұрышқа тығылатын. Қорқыныштан қалш-қалш қаққан қос қыздың мұндай жағдайы тек өздеріне ғана аян еді сол шақта. Бектің туыстары да, Фатиманың төркіні де бірнеше мәрте іздеп келіп, қыздарды алып кетпек болған. Бірақ Бек бой бермей, бәрін де қуып шықты. «Шаруаларың болмасын қыздарымда» деді.
Содан бері жылдар жылжып, айлар алшақтай бастады. Қоршаған орта мен қоғам өмірінен бейхабар қыздар да бой түзеп өсті. Бойлары өсіп, кескін- келбеті өзгергенмен, ақыл-ойы бала күнінен аса алмады. Солай болуы да заңды еді. Өйткені олар адаммен араласып көрмеді. Қоршаған ортада не болып, не қойып жатқанынан хабарсыз еді. Тіпті теледидар көріп, радио мен үнтаспалар да тыңдауына тыйым салған әке қос қыздың тағдырына осылай қиянат қылды. Олар үшін бәрі өздері көрген балалық шақтағыдай болып көз алдарына елестейтін.
Бірде Айжан су төгуге тысқа шықты. Кенет құлағы бір дыбыстарды шалып қалды. Далада әсем ырғақты әуен ойналып, адамдардың дауыстары жарқын-жарқын естіліп жатыр екен. 18-ден енді асқан қыздың албырт ойында «бұл не болды екен» деген қызығушылық пайда болды. Бұлардың үйі қаланың орталығында болатын. Әкесінің үйде жоқтығын пайдаланған қыз жайлап есіктің саңылауынан тысқа көз тастады. Орталық алаңда қалың тобыр халық жиналған. Әсем киімдерін киіп алған. Ән айтылып, би биленіп жатыр. Бәрі керемет! Адамдардың жүздері ерекше мейірімге толы, жарқын. Бәрі де қуанышты, бір-біріне жылы шырай танытып мәре-сәре болуда. Бұл көріністі тамашалап тұрған Айжан да өз-өзінен күліп, қызығушылықпен аңтарылып тұр. Осындай әдемі көріністі үзіп тастауға көзі де қимады. Солай тұрғанда біраз уақыт өтіп кетті. Бір сәтте әкесінің алқынып келе жатқандығын көзі шалып қалған ол, үйге қарай жүгірді. Қызының қарағанын аңғарып қалған Бек те ащы суға тойған масаң күйде ашуға булығып, артынан кірді. Қызының қорқыныштан жаутаңдаған жанарына қарамастан тепкінің астына алды.
– Сен қыз бұзылайын дедің бе? Не көрдің, той-думанға құмартып жүрсің бе?! Наурыз сенің неңді алған!– деп қызын балағаттап, ұрып-соғып, екеуін де бөлмеге қамап, сыртынан құлыптап тастады.
Айжанда ес жоқ. Тек «Наурыз» деген сөз құлағында қалып қойды. Манадан бері тамашалаған әсем көрініс ұлттық мереке – Наурыз екен ғой деген ой түйді. Сөйтті де, бала күніндегі Наурыз мерекесін тойлаған сәттері есіне түсіп кетті.
– Гүлжан...
– Ау, не болды. Қане, қай жерің ауырып тұр? Нең бар еді... Білесің ғой, соңы осылай боларын.
– Оны қойшы. Мен жаңа не көрдім, білесің бе!
– Жоқ. Не көрдің? Жаман нәрсе ме?
– Бүгін Наурыз мерекесі екен ғой. Айнала мүлде басқа. Адамдардың бәрінің жүздері қуаныштан бал-бұл жайнаған. Қала да қатты өзгерген екен.
– Қойшы, рас па! Басқа не көрдің? Наурыз көже ішіп жатыр ма адамдар?
– Жоқ, оны көре алмадым. Бірақ бәрі көңілді жүрді. Мама бұрын ылғи мерекеде көже әзірлеуші еді-ә. Сондай дәмді болатын. Таласып жейтін едік қой.
– Иә, әсіресе, ішіндегі өрік, мейіз сияқты тәттілерінің бәрін сен теріп жеп қоятын едің. Мен талассам, апам сені кішкентай ғой деп мені алдап, саған беруші еді ғой.
– Есімде, қандай күшті еді, иә...
Осылай екі қыз бір-бірін жұбатып, аналарының тәтті көжесін ойға алып, күш жинағандай болды. Бірақ бұлардың төрт қабырғаның ішіндегі өмірі жалғасып жатты. Енді әкесі ішіп келіп қол көтерсе, қарсы тұрып, қорғанатын болды. Өзгеден  көмек болмайтынын сезіп, бірін-бірі қорғайтын күнге жетті.
Мұнан соң да тордағы құстай терезеге телмірген қос қыздың 12 жыл ғұмыры өтіп кетті. Әке жасы да алпысты алқымдап, кәрілік белден алды. Денсаулығы жиі сыр беріп, ауру алқымдады. Бірақ емделуге құлықсыз еді. Бірде көшеде масаң  күйде келе жатып сұлап түсті. Жүрегі ұстап, сол жерде жан тапсырды. Мұның өлі денесін көршілері тауып алды. «Әкелерің өлді» дегенді естіген қыздардың жанарынан бір тамшы да жас тамбады. Бірақ өзектері өртеніп тұрды. Мейлі, жаман болсын, қамақта ұстасын, бәрібір әкенің аты әке, жаныңа жақын жан.
Ел-халық болып Бекті жер қойнына тапсырған соң, ағайындарын қос қыздың ендігі күні не болар екен деген сауал толғандырды. Қарап келсе, қыздардың жеке басын куәландыратын құжаты да жоқ. Өздерінің ақыл-есі де қазіргі жасынан сай емес. Дамуы кешеуілдеп қалған. Бұған дейін әкелері қамақта ұстаса да, аш қылмай тамағын тауып әкеліп беретін. Енді үйді де осылардың атына аударып, құжаттарын да рәсімдеу керек. Мұның бәрі туыстарының алдында тұрған жұмыс болды. Ал Гүлжан мен Айжан мұндайды ойлап жатқан жоқ. Бір-бірімен сыбырласып: «Енді далаға шықсақ бола ма? Ешкім бізге тиіспей ме?» деп күлімдеп қояды.
Мұны аңғарып қалған алыс туыс апаларының бірі шақырып алып:
– Қыздар, сендердің бұған дейін сүрген өмірлеріңнің оңай болмағандығын біз білеміз. Бізді кешіріңдер. Сендерді алып кете алмадық. Қатал әкелеріңнің қаһарынан біз де бата алмадық. Енді сендер еркінсіңдер. Көшеге шығыңдар. Базарға барыңдар, – деп баласын шақырып алып, қыздарды машинамен қаланы аралатып келуді тапсырды.
Тар қоршаудан тысқа қадам алған қыздар  айналадан көздерін ала алмай ұзақ тұрды. Бәрі өзгеше. Мұлде басқаша күйге енген. Терең тыныстап, ауа жұтып алды да, машинаға жайғасты. Жолдармен жүйткіп келеді. Айжан мен Гүлжан терезеден көздерін қалт еткізбей, қаланың таңғажайып көрінісін тамшалап отыр.
– Аға, терезе ашыла ма?
– Әрине, бірақ күн салқын, суықтап қалмайсыңдар ма?
– Жоқ, аға, қайта тынысымыз енді ашылғандай. Терезеге телмірумен талай жылдар артта қалды, енді мұның керегі жоқ!
Терезе ашылды. Жанарын жұмып, танауын көкке көтерген қыздар томағасын ағытқан қыран құстай шын өмірдің, еркіндіктің самал желін сезініп, рахаттана тыныстады...
Бұл әңгіме шың өмірдене алынды. Мұнда біз әкені кінәлап жатудан аулақпыз. Бәлкім, жары мен баласынан бір күнде айырылған әке қыздарымнан да айырылып қалам, анасыз тәрбиесін бұзып алам деген қорқыныштан осындай қадамға баруы да мүмкін. Бұл әңгімеге арқау болған тағдыр иелері қазір қоғам өміріне араласып, тіршілік етіп жатыр. 
Назерке Бақыран
26 ақпан 2020 ж. 994 0