Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет қуаты - заңдылық пен тәртіпте /6 желтоқсан – ҚР Прокуратурасы күні/

Мемлекет қуаты - заңдылық пен тәртіпте /6 желтоқсан – ҚР Прокуратурасы күні/

Қазақстан прокуратурасы ғасырға жуық уақыт қалыптасу мен дамудың ұзақ жолдарынан өтті. 1922 жылдан бастап, Әділет халық комиссариатының құрамында жұмыс істей бастады, 1933 жылы прокуратураның құзыреті кеңейтіліп, Әділет халық комиссариатының жанынан Прокуратура басқармасы құрылды. Қазақ КСР-ның тұңғыш дербес прокуроры - Қызылорда облысының тумасы  С.Есқараев.        
Қазақстан өз алдына Тәуелсіздік алғаннан кейін Прокуратура органдарының құрылымы мен қызметі өзгерді. Дегенмен, сала қызметінің басты бағыты – азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын, әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғау, ішкі саяси тұрақтылық пен қоғамдағы бірлікті сақтау, сыбайлас жемқорлыққа және қылмысқа қарсы күрес, кәсіпкерлікті қолдау аясында қолайлы ахуалды қалыптастыру бағытында тұрақты түрде жұмыс жүргізу болып қала берді.         
Мемлекеттің қуаты мен жауапкершілігі заңдылық пен тәртіпке негізделеді. Ал осы жауапты да абыройлы міндет құқық қорғау, оның ішінде прокуратура органдарына да жүктелген. Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаев ел дамуының алғашқы кезеңдерінен бастап құқық қорғау органдарын реформалау ісін жүзеге асыруға аса көңіл бөлді. Прокуратура қызметі әлемнің көшбасшы елдері талабына сай жаңғыртылып, 2017 жылдың 30 маусымында Елбасы Қазақстан Республикасының «Прокуратура туралы» Заңына қол қойды. Бұл өз кезегінде халық пен қоғамның мүддесін қорғайтын ашық, әділ және тиімді прокуратура жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Прокуратура - өзге құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіретіндіктен, құқықтық салада зор өкілеттіктерге ие.        
Қазақстан прокуратурасының бір ғасырға жуық тарихында 1938 жылы облыс құрылғанға дейін уездік-қалалық, учаскелік прокуратура ғана жұмыс істеген, ал Қызылорда уезі округке айналғанда екі прокурор ғана қызмет атқарған Қызылорда облысы прокуратурасының да өзіндік ізі мен еңбегі бар. Облыстың алғашқы прокуроры Д.Т.Ворожеев болса, соңғы жылдары прокурор қызметін атқарған Б.Есенбеков, С.Нұрпейісов, Х.Дәуешов және қазіргі прокурор Н.Бижановтың заңдылықты қадағалаудағы сіңірген еңбегі зор. Сондай-ақ Арал ауданының тұңғыш прокуроры Мықтыбаевтан бастап аудандық прокуратура қызметкерлерінің әрбір толқыны өзінің кәсіби шеберліктерін дәлелдеп және таңдап алған кәсіптеріне адалдық таныта отырып, қажырлы еңбектерімен өз үлестерін қоса білді. Олардың арасында әділет генерал-майоры А.Әлібаев, Б.Бұйраев, А.Аймағанбетов сынды азаматтар елеулі қызмет атқарған еді. Сондай-ақ Б.Елшібеков, Б.Тоқмырза, А.Тәженовтердің де қолтаңбалары бар.  
         Еліміздегі бүгінгі ахуалға орай азаматтардың сұраныстарына ықылас танытуға тиіс құқық қорғау органдарының алдына жаңа талаптар қойылуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезең" атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайтынын айта келе, прокурордың жинақталған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беруге, азаматтар құқығын бұзудың жолын кесуге, кінәсіз адамдардың қылмыс үдерісіне тартылуына жол бермеуге, сотта айыптау жағын қолдауға міндетті екендігін нақты айтты. Республика бойынша прокурорлар жылына бірнеше ондаған мың адамды қабылдайды. Олардың арыз-шағымы сотқа дейін тергеп-тексеру, азаматтық, әкімшілік, қылмыстық сот актілері, әлеуметтік сала мәселесімен байланысты.
         Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының 2004 жылғы бұйрығымен 6 желтоқсан - Қазақстан Республикасы прокуратура органдарының құрылған күні ретінде жарияланып, атап өту белгіленді. Ата Заңымызда көрсетілгендей, заңды­лықты қадағалаушы орган ретіндегі беделі мен рөлін көтеру, заңсыз­дық пен құқықбұзушылыққа жол бермеу, құқықтық мемлекет құру ісіне салмақты үлес қосу - прокуратура органы қызметкерлерінің басты борышы.
М.Бекпанов,
Арал ауданының прокуроры
05 желтоқсан 2020 ж. 1 620 0