Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құқық қорғау органдарына қызметке тұру тәртібі өзгерді

Құқық қорғау органдарына қызметке тұру тәртібі өзгерді

Қазақстанда құқық қорғау қызметіне кіру тәртібі қайта қаралды. Енді прокуратура, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және экономикалық тергеу қызметінде жұмыс істегісі келетіндер міндетті бастапқы кәсіби даярлықтан өтуі тиіс, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Жаңашылдық құқық қорғау қызметіне қатардағы, кіші және орта басшы құрам лауазымдарына бірінші рет қабылданатын адамдарға қатысты, деп хабарлады Қазақстан бас прокуратурасы жанындағы құқық қорғау органдары академиясының сайты.
Мемлекет басшысының 2020 жылдың 13 мамырындағы жарлығымен Академияға аталған кәсіптік даярлықты өткізу жөніндегі функциялар жүктелген.
Прокуратура органдарына қызметке кіру үшін 1 жыл, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және экономикалық тергеу қызметіне 6 ай оқу керек.
Жоғары заң білімі бар отыз бес жастан аспаған үміткерлер қабылданады.
Оқуға түскендердің барлығы мемлекет есебінен стипендиямен, тамақпен және тұратын орынмен қамтамасыз етіледі.
Оқуға түсу үшін алдын ала мемлекеттік қызмет істері агенттігінде тестілеуден (құқық қорғау қызметіне кіру үшін), әскери-дәрігерлік комиссияларда медициналық және психофизиологиялық куәландырудан және полиграфологиялық зерттеуден, сондай-ақ Академияда іріктеуден өту қажет.
Бастапқы кәсіптік даярлыққа түсу, Академияға іріктеу тәртібі мен мерзімдері туралы толық ақпарат Құқық қорғау органдарының және Академияның ведомстволық сайттарында қосымша жарияланады.
kyzylorda-news.kz
29 мамыр 2020 ж. 975 0