Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада бас бостандығынан айырылғандар кәсіппен айналысуда

Қызылордада бас бостандығынан айырылғандар кәсіппен айналысуда

Сотталғандарды жұмыспен қамту мәселесі Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті мекемелерінде жүйелі жүргізіліп келеді.
Ағымдағы жылы 468 сотталған жұмыспен қамтылса, оның ішінде 72 сотталған шаруашылық жұмыстарын жасайды. Бүгінгі таңда түзеу мекемелерінің өндірістік  аймағында 11 кәсіпкер жұмыс жасап, 175 сотталғанды жұмыспен қамтып отыр. Онда сотталған азаматтар әк өндіру, газоблок, құм блоктарын өндіру, колөнер мен аяқ киім тігу, кірпіш өндірісі, пластик терезелер шығару, жалюзи дайындау, автокөліктерді жөндеу, жұмсақ жиһаз даярлаумен айналысады.
Қауіпсіздігі барынша төмен ЗК-169/4 мекемесіндегі  жазасын өтеуші 99 сотталған қала аумағындағы 16 кәсіпкерде жұмыс жасайды. Олар пластик терезелер жасаумен, жалюзи тігумен, кірпіш өнімдерін шығарумен айналысады.  Мекемедегі 20-дан астам сотталғанды  ЖШС «Алтай-транс-Ойл» жұмыспен қамтып отыр. Олар пескоблок өнімдерін шығарумен айналысады.  Бұл серіктестік  2016 жылдан бері  мекемемен келісімшарт негізінде жұмыс жасап келеді, сотталғандарға еңбекақылар жасаған жұмысына қарай төленеді.
Жазасын өтеп жүргендердің бірі – Сухрабжан сот үкімімен 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған.. Мемлекет пайдасына өндіру қажет сот шығындарын өтеу мақсатында түзеу мекемесі жанындағы «Алтай-Транс-Ойл» ЖШС-на жұмысқа орналасады. Ол қазір пескаблок қышын өндірудің хас шебері. Бұл өнімге сұраныс та жоғары, соның нәтижесінде Сухрабжан тынымсыз еңбек ету арқылы мемлекет алдындағы берешегін толық көлемде өтеді.
кәсібін бастағандардың арасында Сұлтан есімді азамат қазіргі таңда жалюзи тігумен айналысады.
«Жалюзилерді тапсырыспен тігеміз, тапсырыстарды жылдам әрі сапалы орындауға тырысамыз. Өнімдерді кәсіпкерлер жеткізіп береді. Айлық жалақымыз да уақытылы, тапсырысымызды орындауымызға байланысты төленеді», –  деді тігінші Сұлтан.
Сондай-ақ «Еңбек-Қызылорда» филиалында 3 цех жұмыс жасайды. Атап айтар болсақ, тігін, нан шығару, ағаш цехы, онда 127 жазасын өтеуші еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр.
ЗК-169/5 мекемесінің аумағындағы РМК «Еңбек-Қызылорда» филиалының тігін цехында арнайы кәсіби білімі бар сотталғандар тігін тігеді. Пандемия кезінде осы сотталғандар көпреттік бетперде, қорғаныш костюмдерін  тікті. Мәселен, ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Асқар есімді азамат тігінші мамандығын оқып, дипломын алған. Бүгін де, мекеменің өндірістік аумағындағы тігін цехында жұмыс істейді.
ЗК-169/5 түзеу мекемесінің аумағындағы РМК «Еңбек- Қызылорда» филиалының «Наубайханасы» 2009 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Наубайхана нан пісіруге қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бір тәуліктің ішінде наубайхана 1500-ден астам бөлке нан пісіреді. Наубайханадан шыққан нан өнімдері Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты ЗК-169/1, ЗК-169/4, ЗК-169/5 мекемелеріне жеткізіледі.
Қанат, Наурызбай, Даулет есімді жазасын өтеушілер нан пісірудің бесаспап шеберлеріне айналған.
«Бостандықта жүргенімде ас пісіргенді ұнататын едім. Сондықтан болар нан пісіретін наубайшы қажет екендігін естігенімде ойланбастан келістім. Ай сайын жалақымды уақытылы алып тұрамын. Соның нәтижесінде мемлекет алдындағы сот шығындарын өтеп, артылғанын отбасыма жіберіп отырмын», – деді жазасын өтеуші Қанат.
Қанат түзеу мекемесінде жазасын 2015 жылдан бері өтеп келеді. Содан бері осы наубайханада нан пісіруші. Жазасын өтеп, темір тордан бостандыққа шыққан соң, наубайхана ашсам деген ойы бар.
«Еңбек- Қызылорда» филиалының өндірістік аймақтағы жауапты шебері Жангелді Құдайбергенұлы жұмыс барысын, нанның сапасын, наубайхананың тазалығын күнделікті тексеріп тұрады. Бұл азаматтардың жұмысқа деген адалдықтарын, жұмыс сапасын байқаған филиал басшылығы оларды бірнеше мәрте «Алғыс хатпен» марапаттаған.
07 желтоқсан 2020 ж. 409 0