Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

Ант

Қазақта ант деген ұғым бар. Бұл ұғым тек қазақта ғана емес, әлем халқының бәрінде де бар. Ант – аса қастерлі де киелі ұғым. Сондықтан да ата-бабаларымыз антты не болса соған пайдалана бермеген. Өйткені анттың жүгі орасан ауыр. Ант берген адам оған толық лайықты болуы міндет, оның талабын мүлтіксіз орындауы  шарт. Антты тек өлім ғана бұза алған. Қазақ антты бұзған адамды "Ант атқыр" деп қарғаған. Бұл өте ауыр қарғыс болды деп есептеледі.
Әйгілі Шынғыс хан татар Жамухамен бір-біріне адал, мәңгі дос болуға бармақтарын тіліп, қан шығарып, ант беріседі. Бірақ Жамуха уақыт өте келе, жеке дара билікке қызығып, уәдесінен тайып, антты бұзады. Шыңғыс хан қанша қиналса да, анттан тайғаны үшін Жамуханы өлтіруге мәжбүр болады.
Бауырлас адамдардың біреуінде бала болмаса, екіншісі оған өз баласын беріп, «бұл бала енді екі дүниеде де сенікі» деп ант берген және осы антты өмір бойы бұзбаған.
Бүгінде Президент те, мемлекеттік қызметкерлер де, сот судьялары да, әскерилер мен дәрігерлер де халық алдында ант беріп жатады. Бұл әрине өте дұрыс. Бірақ ол адамдар сол берген анттарына лайық па? Әрине, көпке топырақ шашуға болмайды. Өз қызметтеріне жауапты қарап, берген анттарына адал болатындары да көп. Бірақ, өкінішке орай, осы ант деген биік ұғымға біздің қоғамда бәрі бірдей лайық бола алмай жүрген сыңайлы. Кейбір мемлекеттік қызметшілер пара алып, бюджет қаржысын жымқырып, жемқорлыққа барады.
Дәрігерлердің де Гиппократқа берген анты болады. "Тура биде туған жоқ" дегендей, қара қылды қақ жаратын әділ судьялар да заңсыздыққа бармау жолында қызмет қылуды жадында ұстайды. Бұның бәрін біз күнделікті ақпарат құралдарынан көріп, оқып-біліп, куә болып жүрміз.
Ант демекші, ертеректе Тербенбес тауының Қарақұм бетінде бір Құлбай деген бай өмір сүріпті. Құлбайдың баукеспе бір ұрысы болған екен. Сол ұры бір күні шөмекейлердің бір үйір жылқысын барымталап, айдап келіпті.
Шөмекейлер де қарап жатсын ба, қолды болған жылқылардың шұбырған ізімен Құлбайдың ауылына келіпті.
– Құлеке, бір үйір жылқымыз қолды болды, ізі сенің ауылыңа келіп тұр, жылқылардың осы ауылда екені анық, ағайыншылықпен бізге малымызды қайыр, – депті.
Құлбай бір жағы ұры атанудан сескеніп, бір жағы бір үйір жылқыны қимай:
– Біздің ауылға жылқыларың келген жоқ, егер келген болса, қайтарып бермей нем бар, – депті.
– Олай болса, бізге ұрыңды шығарып бер, – дейді шөмекейлер. Құлбай болса, ұрыны шығарып берсем, өтірігім ашылып қалар деп қорқып:
– Ойбай, ұры деп отырғандарың бір бейшара ғой, атқа да жөндеп отыра алмайды, ол бір үйір жылқыны қайдан айдап келсін,– дейді.
– Осы сөзің рас па? – дейді шөмекейлер.
– Иә, рас, – дейді Құлбай, ойына ештеңе алмай.
– Біз сенің сөзіңе сенейік, бірақ бір шартымыз бар, осы сөзіңнің растығы үшін біз сенің антыңды аламыз, осыған келісесің бе?
– Иә, келісемін,– дейді Құлбай.
– Олай болса, мына төбенің басына үй тігеміз, соның ішіне жатып, өзіміз шық дегенде шығасың, – дейді шөмекейлер.
– Айтқандарың болсын, – дейді Құлбай, әлі де ештеңенің байыбына бармай.
Шөмекейлер жалма-жан үйді тігіп, үйдің оң жағына ши шыпта кереді. Құлбайды үйдің ішіне кіргізіп, түгелдей шешіндіріп, шыптаның ішіне жатқызады да, үстіне ақ матаны жаба салады.
Ақ матаны жауып жібергенде, Құлбайдың бойы тітіркеніп, өзіне не болғанын білмей қалады. Шамалы уақыт өткенде шөмекейлер Құлбайға «енді шыға берсең болады», – дейді.
Құлбай есіктен шыққанда, өзін-өзі ұстай алмай, есі ауып кетеді.Тәлтіректеп үйіне келіп:
– Әттеген-ай, антты басқасына берсем де, аққа бермеуім керек еді, енді ұзай алмаспын, – деп өкініпті.
Айтқандай-ақ, ол көп ұзамай дүние салыпты.
Міне, анттың құдіреті.
Ж.Төребеков,
мәдениет саласының ардагері
08 желтоқсан 2020 ж. 440 0