Біздің отбасы - есірткіден алыс!

Есірткі! Бұл ұғым бәрімізге таныс әрине. Құлаққа түрпідей тиетін қандай жағымсыз сөз десеңізші! Қанша адамның түбіне жеткен, бақытты өмірлерін баянсыз еткен, қаншама отбасын ойрандаған улы зат болса да, әлі де тиылар емес. Қазіргі таңда есірткінің зиянын біле тұра, оған қарсы шығуға дәрмені жетпейтін жастар көбейді. Тек жастар ғана емес ересек кісілер де, өз балаларына үлгі болудың орнына, кері кетіп, келешек ұрпақты улауда. Есірткінің адам денсаулығына тигізер зияны көп екендігі бетке басып айтпаса да белгілі. Есірткі адам ағзасына өте тез бейімделеді, ағза оны көп мөлшерде қажет етіп тұрады. Есірткі – қасірет белгісі. Бұл «у» саған дәмді дәрумен емес, бір рет көріп тастап кететін. Бір рет дәмін тату шыңырауға қарай қадам басу. Осыдан бастап, оның дәмін татқанға дейінгі өмірің қайта оралмайды. Адам оны бір рет қолданып көрсе, одан кейін де ағза қажет етіп отырады. Осылайша адам бірте-бірте есірткіге тәуелді бола бастайды.
Есірткіге құмарту - адам үшін де, оның отбасы үшін де ауыр қайғы. Осындай қасіретке жол бермеу үшін әр адам өз отбасын сыйлап, құрметтей білуі шарт. Өз отбасың, өз үйің әрқашан жылу тартып, жанға жақын болады. Өйткені отбасы – табиғаттың әр адамға сыйлаған керемет бір сыйы! Соны мәңгі есте сақтап, ұмытпаған жөн!
Қорытындылай келе есірткі қасіреті туралы қаншама айтылып жүрсе де, азаймаған рас. Сондықтан да бұл дертпен жалғыз күреспей, бірлікте жұмыла күресейік. Еліміздің ертеңі болар жастарымызды есірткісіз болашаққа жетелейік!
Отанымда бейбітшілік орнасын,
Салауатты өмір салтын қолдасын
Әр отбасы дұрыс жолды таңдасақ,
Жарқын болар есірткісіз болашақ!
М.Наукеевтер отбасы
Арал ауданы