Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Есірткі адамды адастырады

Есірткі адамды адастырады

Әрбір жанның жылы ұясы-берекесі берік отбасы болып табылады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің»,-деп қазақ бекер айтпаса керек. Мен де көп отбасылар сияқты қазақтың қасиетті шаңырағында балаларға тәлім-тәрбие беріп отырған анамын. Жалпы, отбасында бірлік пен бір-біріне деген жылылық жоқ жерде перзент жаман жолға түседі. Еш адамнан жылы сөз бен мейірімділік көрмеген балалар есірткіге, ішімдікке, темекіге әуес бола бас­тайды.
...Есірткі. Қандай құлаққа жағымсыз естілетін, түрпідей тиетін сөз десеңізші! Қанша адамның түбіне жеткен, бақытты өмірлерін баянсыз еткен улы зат болса да, оған деген құмарлық әлі де тыйылар емес. Қазіргі таңда есірткінің зиянын біле тұра, оған қарсы шығуға дәрмені жетпейтін жас­тар көбейді. Тек жастар ғана емес, ере­сек кісілер де өз жасында балаларына үлгі болудың орнына, кері кетіп, келешек ұрпақты улауда. Адамның әрекеттерінде, ой-сезімдерінде өзгерістер тудыратын табиғи және синтетикалық заттарды «есірткі» деп атаймыз. Нашақорлыққа көбінесе жасөспірімдер шалдығады. Бұл жаман әдетке ұрынған жас нашаны та­уып алу үшін неше түрлі әрекетке бара­ды. Қаражатты ұрлықпен табуды көздейді, ал ұрлық жазасыз болмайды. Бара-бара санасын есірткі тұмандағандар оның құлына айналады. Ал, осы есірткінің шырмауына жас­тар қалай түседі? Біреулер ермекке дәмін көрмек болып қабылдаса, енді біреулер аңдаусызда есірткінің құрған торына шырмалып жатады. Ал, одан кейінгі өмір бәрімізге мәлім болар. Ең алдымен өзіңді жоғалтасың, өмірге деген құштарлық, болашаққа деген сенім, жүзіңдегі әсем күлкі және отбасыңның саған деген сенімін, үмітін жоғалтасың. Осын­дай жат, жаман әдеттерден бойымызды аулақ ұстап, төзімділік, табандылық та­нытып, адамгершілік қасиеттерді жоғары ұстай білуіміз керек. Салауатты өмір салтын ұстанғаның пайдалы. Өзіңді тәні таза, денсаулығы мықты, ойы зерек, ақылды, күш-қайраты мол адам етіп тәрбиелеп шығара біл. Ойна, күл, уақытыңды көңілді өткіз және достарыңмен бірге спортпен ай­налыс. Ең бастысы-өмірге сенімді көзбен қара. Алланың табиғатты адам үшін жаратқанын және парыз еткенін, тіршілігіңде қажетіне дұрыс пайдалану, денсаулығына зиян келмейтіндей жағдай жасау–әр пенденің өз қолында.

Зибагүл ТАҢБЕТОВА,
Арал қаласы.
23 қаңтар 2018 ж. 2 516 0