Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАБЫС ОТБАСЫН САҚТАУҒА КӨМЕКТЕСЕ МЕ?

ТАБЫС ОТБАСЫН САҚТАУҒА КӨМЕКТЕСЕ МЕ?

Бүгінде от басы, ошақ қасындағы әңгімені дау қылып, сотқа жүгінетіндердің саны күн санап артып келе жатыр. Әрине, отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Дегенмен, не болса соған жанжал шығару да әсте дұрыс емес. Мамандардың айтуы бойынша, бүгінде отау құрған жастардың көбісінің дерлік дәм-тұзы жараспай, ажырасу үстінде. Оған айтар себеп те, сылтау да жетеді. Бірі–ішімдік пен құмар ойынның ізіне түссе, екіншісі–отағасысы табыс таба алмай, әйел, бала-шағасынан қол үзіп қалуы. Шаңырақ көтерген жастардың көбі мәселені әлеуметтік жағдайға әкеп тірейді. Мүмкін, дұрыс та шығар. Бүгінгідей қым-қуыт шақта ер мен әйелі қатар жұмыс істеп, табыс таппаса, жалғыз адамның тапқаны біріне жетсе, біріне жетпейді. Дегенмен, әркімнің мүмкіндігі де әрқалай...
Иә, жігіттер үй тұрғызып, жанұясын асырауды өзінің азаматтық міндеті һәм борышы деп санайды. Оған талас жоқ. Сірә болмаса екі қолға бір күрек тауып, табысын нәпақа етеді. Сондықтан, ер де, әйел де не нәрсеге де қанағат етіп, шүкіршілік қылған дұрыс сияқты. Онсыз да, қазіргі уақытта Қазақстанда ажырасқан отбасылар саны өршіп тұр. Елімізді былай қойғанда, ауданымыздың өзінде ажырасқан отбасылар жетіп артылады. Көбісіне жоғарыда айтқан мәселелер түрткі болған. Осыдан келіп, көкейге «Табыс отбасын сақтауға көмектесе ме?» деген сұрақ туындайды. Осы сауалға байланысты аудандағы әр түрлі сала мамандарымен және аудан тұрғындарымен тілдесіп көрдік. Алған жауабымыз төмендегідей:
–Қазір барлық адамдардың сана-сезімі, мақсаттары мен ойлауы айтарлықтай өзгерген. Жасыратыны жоқ, қазір жастардың жұмыссыз жүруі бірінің отбасын құруына қолбайлау болса, енді бірінде ерлі-зайыптылардың ара-қатынасын түбегейлі үзуіне душар етуде. Қаражат тапшылығы тағы бар. Бүгінгі күні бойдақ жүрген қыз-жігіттердің барлығының ең бірінші айтатын себебі осылар. Дей тұрғанмен, бұл себептер басты мәселе емес. «Үйлену оңай, үй болу қиын» екенін ескерсек, ажырасуға табыстың аздығын сылтау етпеу керек секілді. Шынтуайтына келгенде, бабаларымыз сонау жаугершілік кезінде, кешегі ашаршылық тұсында да отбасын құрып, үрім-бұтағын осы күнге жеткізді емес пе?! – дейді психолог маман Альфира Қанатбайқызы.
Айдана Ермекбаева, аудан тұрғыны:
–Жалпы, жастар жұмысқа орналасу, пәтер алу, материалдық жағдайды оңалтуға тырысып бағады. Үй-күйсіз жүру жас отбасылар үшін өте қиын. Пәтерден пәтерге көшіп-қону, қаражаттың жеткіліксіздігі жанұяның шырқын бұзып, ұрыс-керісті көбейтетіні тағы рас. Сонымен, кеше ғана көтерілген шаңырақ ортасына түседі. Бұндай келеңсіздік еліміздегі ажырасқандардың санын арттырмаса, кемітпейді. Сол үшін жастарды жұмыспен қамтуға жағдай жасау керек.
Жазира Айбергенова, мұғалім:
–Ұрпақтан-ұрпаққа мұраға қалып келе жатқан «Бас екеу болмай, мал екеу болмас» деген қазақтың даналық сөзі кімді де болса селт еткізбей қоймайды. Бұл отбасы құрудың құны мен жауапкершілігін күшейтеді. Алайда, қазіргі жастар бұл мәселеде құлықсыз. Мұның бір себебі – тұрғын үй мәселесі мен жұмыссыздық. Шынымен-ақ көпті қынжылтатын да осы дүние. Тапқан-таянғаны баспана түгілі, күнделікті тамағы мен пәтерақыдан аспайтын жандар да бар. Осындай келеңсіздіктер үй ішінде өзара кикілжің тудырады. Соның салдарынан түсініспеушілік белең алып, бөлек кетуге тырысып, жауапкершіліктен жалтаратындар көбейеді. Ал, дау-дамай тумас үшін тынбай еңбек етумен қатар екеуара түсіністік те қажет.
Данияр Оразұлы, зейнеткер:
–Отбасын құруда қазақтар тосылып қалады. Үйленіп алып, бала туғысы келмейтіндерді қайтерсің? Қазіргі жас отбасылар бір-екі баламен шектеледі. Өйткені, заманауи жастар «Бір қозы туылса, бір түп жусан артық өседі» деген тәмсілді ұстанбайды. Бәрінің сылтауы сол баяғы қаржы мәселесі. Бала тууды айтсаң, «Көп баланы асырайтын жағдай жоқ» деп ат-тонын ала қашатындар жетерлік. Негізі, адамзат баласының басты міндеті мен құндылығы – отбасын құрып, ұрпақ санын көбейту. Яғни, Қазақстанның демографиясына үлес қосу. Табыстың аздығын себеп етіп, бала санын көбейтпесек немесе ажыраса берсек не боламыз? Біздің отанымызға кім мұрагерлік етеді? Мынау тәуелсіз еліміз бен ұлан-байтақ жерімізді кім қорғамақ? Меніңше, бүгінгінің жастары осыны ойлауы тиіс.
Айтса айтқандай, табыс – адам өміріндегі қажеттілікті өтейтін негізгі нысан. Әсері болмай тұрмайтынын көзіміз көріп отыр. Әйткенмен, кез келген мәселенің ара-жігін ажыратып, байыппен қараса, шешілмейтін ештеңе жоқ. Жалпы, қандай қиыншылық болсын, еркек пен әйел отбасын сақтап қалуға тырысқаны жөн. Некенің де маңызы сонда емес пе?!
Діни тұрғыдан қарасақ, некелесу ер мен әйелге бірнеше жауапкершілік жүктейді. Ер адам – отбасының асыраушысы, ол әйелі мен баласын материалдық және рухани тұрғыдан қамтамасыз етуге міндетті болса, әйелдің міндеті – күйеуіне бағыну, өзін күнәлі істерден сақтау, ерінің тапқанына қанағат ету. Бұл мұсылман отбасында ерлі- зайыптылардың міндеттері мен орны діни және ұлттық салт-дәстүрмен бекітілсе ғана баянды болады дегенді меңзейді. Дінімізде ер мен әйелдің бірге өмір сүруі мүмкін болмаған жағдайда ғана ажырасуға рұқсат етілген. Исламда рұқсат берілгенімен, неке бұзу құптарлық іс емес екендігі әрбірімізге белгілі. Оп-оңай айрылысып кете салудан тартынбайтын жұптар елімізде жетерлік. Соның салдарынан мыңдаған отбасы бұзылып, қаншама адамдар зардап шегіп, қаншама балалар тірі жетімге айналуда. Ал, адамзатты адалдық пен тазалыққа үндейтін, әр мәселеге даналықпен қарайтын ислам діні бұндай жағдайларға түбегейлі қарсы. Сондықтан, қандай жағдай болса да, отбасын сақтауға екі тарап та күш салғаны дұрыс.
Қорыта айтқанда, ажырасу – жеңіл-желпі қарайтын дүние емес. Отанды құрайтын отбасы болса, оның құндылықтарының бұзылуына жол бермеу, еліне жанашыр әрбір азамат пен азаматшаның міндетіне айналуы тиіс. Осындай жауапкершілікті сезінгенде ғана, Қазақстанды жарқын болашақ күтпек.
Балауса ТӨРЕБАЙ.
05 сәуір 2018 ж. 1 036 0