Медиация тағы бір отбасын сақтап қалды
Арал аудандық сотында медиация институтын көпшілікке түсіндіру, ақпараттандыру шаралары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Сот отырыстарында тараптарға олардың дауды медиация тәртібімен реттеу құқықтары және оның салдары түсіндіріледі.
Осындай шаралардың нәтижесінде, аудандық сотта күнделікті азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер өндірістен медиация тәртібімен тоқтатылып жатады.
Айталық, Арал аудандық сотында талап қоюшы Б-ның жауапкер Т-мен арасындағы некені бұзу туралы азаматтық ісі қаралды.
Талап қоюшы талабында, жауапкер Т-мен 2012 жылдан бері заңды некеде тұратынын, ортақ некеден екі балаларының барын, бүгінде бір-бірінен бөлек тұратынын,отбасын сақтап қалудың мүмкін еместігін көрсетіп, араларындағы некені бұзуды сұраған.
Істі сот талқылауына дайындау барысында, судья С.Бертаймен дауды татуластыру рәсімдері арқылы шешудің тиімділігі, отбасылық құндылықтардың маңыздылығы жайы түсіндірілген. Осыдан соң тараптар дауды медиация арқылы шешуге ыңғай танытып, отбасылық қарым-қатынасты сақтап қалу жөнінде медиативтік келісім жасасқан.
Сот ұйғарымымен келісім бекітіліп, азаматтық іс өндірістен тоқтатылды. Мемлекеттік баж алымы талап қоюшыға қайтарылды.
Арал аудандық сотының баспасөз қызметі