«Nur Otan»: Үміткерлер сайлаушылармен кездесті

Сайлаушылар партия мүшелеріне облыс және қалаға қатысты маңызды деген халық көкейіндегі қадау-қадау мәселелер төңірегінде өз сауалдарын қойып, екі жақты пікір алмасты. Сондай-ақ, ел дамуының алдағы жылдардағы жоспары жайлы ойларымен бөлісті.
Айта кеткен жөн, сайлаушылар тарапынан қойылған сауалдардың басым бөлігі Сырдария өзенінің арнасын реттеу, облыстың экологиялық ахуалын жақсарту, қала көшелерін жарықтандыру, жөндеу төңірегінде болды.
Партия мүшелері «Nur Otan» партиясы өзінің Сайлауалды бағдарламасында халық тарапынан көтерілген мәселелердің назардан тыс қалмағандығын жеткізді.
«Соның ішінде өздеріңіз айтып отырған өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту бағытында Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалудың екінші кезеңін іске асыру, азаматтардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру мақсатында 27 денсаулық сақтау нысанын салу, 67 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту секілді өзекті мәселелерді шешетін болады»- деді өз сөзінде ҚР Парламенті Мәжілісіне үміткер Геннадий Шиповских.
Кездесу соңында Мәжіліс, облыстық және қалалық мәслихат депутаттығына үміткерлерге сайлаушылар сәттілік тіледі. Жалпы кездесу барысында барлық санитарлық норма талаптары сақталды.
kyzylorda-news.kz