Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Елтай Рахманов: Әлем елдерінде алған білімім – тәжірибемде

Елтай Рахманов: Әлем елдерінде алған білімім – тәжірибемде

Қазіргі таңда әлем төртінші революциялық дәуірде өмір сүруде. Бұл кезеңнің ерекшелігі – мемлекеттердің негізгі байлығы шикізаты мен минералды ресурстары ғана емес, адами капиталды дамыту. Кез келген саланың мамандары сауат­ты, әлемдік бәсекеге қабілетті, зияткерлік деңгейі жоғары болса, ол ел дамуының негізгі көзі болады. Ал адами капиталдың сапасын арттырудың бірден-бір жолы – білім саласы озық елдерде оқып, тәжірибесімен танысу, талдау жасап, тағылымын алу, сол алған білімі мен тәжірибесін өз елінің дамуы жолында пайдалану. Бүгінге дейін қазақ елінің бірнеше мыңдаған жасы дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі жетекші, белді де беделді жоғары оқу орындарында білім алды. Олардың алды бүгінде еліміздің дамуына өз үлестерін қосып, еңбек етуде. «Туған елім Қазақстанға пайдамды тигізсем» деген мақсатпен ілім іздеп әлемнің бірнеше елдерінде медицина саласы бойынша білімі мен тәжірибесін жетілдірген жерлесіміз Елтай Рахмановтың ізденісті жолы - тәуелсіздіктің жемісі.        
Арал қаласында көп балалы отбасында туып-өсіп, 1991 жылы мектеп табалдырығын аттаған Елтай Өтемұратұлы қазіргі уақытта Назарбаев Университетінің профессоры, Медицина Мектебінің оқытушысы, Спорттық медицина және Реабилитология магистратура бағдарламасы директорының орынбасары, Еуропа Қазақ дәрігерлері ассоциациясының мүшесі.  
         2008 жылы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінен дәрігер дәрежесін алған ол, өзінің еңбек жолын университеттің әлеуметтік медицина және денсаулық сақтауды басқару кафедрасында оқытушы ретінде бастады. Одан соң, Италияның Акуила университетінде "Бейімделген және профилактикалық физикалық спорт" және "Медицина және хирургия" мамандығы бойынша  магистр дәрежесіне ие болып, Италияның Верона Университетінің дәрігерлік лицензиясын иеленді.
         - Магистратурада білім алуым еуропалық құндылықтарды, дағдылар мен білімді Орталық Азия елдеріне әкелуді мақсат тұтқан — Erasmus Mundus TOSCA стипендиясының қолдауымен 2011-2013 жылдары жүзеге асты. Профессор Гвидо Маккиарелли мен профессор Марко Валентидің басшылығымен "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ-мен Қазақстан Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясының әкімшілігімен ынтымақтастықта "Қазақстанда медициналық, әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан профилактикалық және бейімделген спортты дамыту" тақырыбындағы бірлескен жобаны басқардым, - деген жас ғалым профессор Лейла Фабианидің жетекшілігімен "Қазақстан Республикасы Арал өңірінің медициналық мекемелерінде "Рецепт бойынша жаттығу тағайындау" бастамасын іске асыруға ұйымдастырушылық және қоғамдық дайындық" тақырыбында магистрлік диссертация қорғаған.
  Орыс, ағылшын, түрік, итальян, қытай тілдерін жетік меңгерген Елтай Рахманов Түркия, Иран, Ирак мемлекеттерінде өткен түрлі конференцияларға қатысып, баяндамалары әлем ғалымдары тарапынан жоғары бағаға ие болды.
  2016 жылы Орталық Қытай ғылым және технология университетінің Тоңжи медициналық колледжінде "Спорттық медицина" мамандығы бойынша «Философия докторы» дәрежесін қорғап, профессор Хоң Бо Йоу тобында Тоңжи ауруханасының биологиялық және регенеративті медицина орталығында "Прекартилагинді бағаналы жасушалардың хондрогенді дифференциациясы" тақырыбында зерттеу жүргізген. Докторантура кезінде амбулаториялық клиникаларда, аурухана палаталарында клиникалық қызметпен айналысқан ғалымның негізінен спорттық жарақаттарды және шеміршек ақауына байланысты бағаналы жасушалармен емдеуден кейінгі қалпына келтіруге қызығушылығы мол болған. Ғылыми және клиникалық қызметі арасындағы үзіліс кезінде Қытайдың Халықаралық студенттік хирургиялық қоғамы Union және Тоңжи ауруханасында оқытушы болып қызмет атқарып, ортопедия, спорттық медицина, қалпына келтіру медицинасы кафедрасында шеберлік сабақтарын өткізіп, спорттық жарақаттарды жүргізу мен оңалту бойынша дәрістер оқуы датәжірибе жинақтауына үлкен мүмкіндік тудырды.
  Ғылым жолындағы талантты жас 2016-2017 жылдары "Медикобиологиялық дайындықтағы педагогика және дидактика" мамандығы бойынша Польшаның Померания қолданбалы ғылымдар университетінің аспирантурасын аяқтап, Италия елін бетке алды. Италияның Роверето қаласында Генетикалық және сирек кездесетін ауруларды зерттеу ғылыми-зерттеу институтында ғылыми-зерттеу, білім беру, ішкі қызметке қатысты және шақырылған зерттеушілерге арналған оқу-зерттеу жұмыстарын басқарды.      
  «Қай елге барсам да, шетелдіктердің Қазақстанның табиғи ресурстарға ғана емес, адами құндылықтарға да бай, ұлттық дәстүрлерін сақтаған, бауырмал, қонақжай, өнерпаз ел екендігін айтқанда бойымды мақтаныш сезімі кернейді», деген Елтай Рахмановтың Арал теңізі аймағының тұрғындарын сауықтыру және мүмкіндігі ерекше тұлғаларды оңалту тақырыбында ұсынған жобасы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының ұйымдастыруымен 2018 жылы Женевада өткен «Сауықтыру» Ғаламдық VII форумында жоғары бағаланды. Соның нәтижесінде, Арал аймағына арналған маңызды жобалары қолдау тауып, бүгінгі күнде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ "Генетикалық семіздікке шалдыққан тұлғаларға физикалық белсенділіктің генетикалық және эпигенетикалық механизмдері", "Генетикалық және сирек кездесетін науқасы бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру" тақырыбындағы ғылыми-зерттеу жобалары еуропалық биотехнологиялық тақырыптық қауымдастық, денсаулықты нығайту альянсымен бірлесіп, Тренто автономиялық провинциясының, Еуропалық комиссияның гранттарынан қолдау тапты.
  Қазіргі уақытта профессор Назарбаев Университетінің Медицина Мектебі лабораториясында бағаналы жасушаларды спорт жарақаттарынан кейінгі регенеративті емге қолдану жөнінде экспериментальды зерттеулер жүргізуді қолға алған ол:
  - Талай белесті бағындырған Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласында тұрып, еңбек етіп жатқаныма қуанамын. Жаңалығы жылдам дәуірге аяқ бастық. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының "Білімді болуға оқу керек, Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істек керек" деген көзқарасы бүгінгі күні де өте маңызды. Тәуелсіздіктің арқасында бірнеше шетелдерде білім алып, тәжірибе жинақтаған еңбегімнің нәтижелерін еліміздің медицина саласына енгізуде жаңа жаңалықтар әкелсем деймін, - деген жерлесіміз: - Менің кәсіби жағынан шыңдалуымда еріктілік тәжірибенің маңызы зор болды. Шәкірттеріме кәсіби бағыт бағдар беруде "Малым - жанымның садақасы, жаным - арымның садақасы, ал еріктілік - кәсібімнің садақасы" деген сөзді жиі қолданамын. Сол себепті, аралдық еріктілерге "Әрбір жасаған істеріңіз қоғам игілігіне жарап, тәжірибелеріңіз біліктіліктеріңізді жоғарылатып, таным көкжиегін арттырып, кәсіптеріңізге оңтайлы өзгеріс әкелсін деймін. Туған жеріме барған сайын сүйікті қалам Аралдың көркейіп, жан-жақты дамығанын көргенде бір марқайып қаламын. Тәуелсіздіктің сыйы мол болсын, ағайындар, - деп жерлестеріне игі тілегін білдірді. 
          Қазақ елі тәуелсіздік алған жылы мектеп табалдырығын аттаған басқан Аралдың алғыр ұлының ғылым жолындағы баспалдағы осылайша биіктеуде.
Лаура Иманбайқызы  
21 желтоқсан 2020 ж. 658 0