Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Пара бергені үшін жаза күшейтілді – жаңа заңның негізгі нормалары

Пара бергені үшін жаза күшейтілді – жаңа заңның негізгі нормалары

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтуге арналған заңның негізгі нормаларын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Пара алғаны үшін ғана емес, пара бергені үшін және делдалдық жасағаны үшін жауапкершілік күшейтіліп отыр. Мәселен, бұрын Қылмыстық кодекстің 367-бабы, 2-бөлігі бойынша айтарлықтай мөлшерде пара бергені үшін ары кетсе, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы болған.
«Сондықтан да бұл орта дәрежедегі қылмыс ретінде қарастырылды. Енді, жаңа редакцияға сәйкес, бас бостандығын айыру жазасы 7 жылға дейін артып отыр. Осылайша, ол автоматты түрде ауыр қылмыстар санатына жатқызылады», – деді Бектенов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, осы қылмыс үшін мерзімінен бұрын шартты түрде босату қарастырылмаған. Ал сотталғандар бірден минималды қауіпсіздігі бар түрмеге қамалады.
«Азаматтар жемқорлыққа қарсы күрестің маңыздылығын түсінуі керек. Пара алатындар да, пара беретіндер де қатаң жазаланады», – деп атап көрсетті Бектенов.

Заңда тағы кімдердің жауапкершілігі күшейді

Агенттік төрағасының бірінші орынбасары заң аясында құқық қорғаушылар мен судьялардың да жауапкершілігі күшейтілгенін тілге тиек етті.
Нақтылай түссек, бұрын пара алғаны үшін жазаның деңгейі ақшаның көлеміне қарай анықталған. Енді, Қылмыстық кодекстің 366-бабына құқық қорғау органдары қызметкерлері мен судьяларға қатысты санкциялар бөлек енгізілді.
«Ал бас бостандығынан айыру жазасы 5 жылдан 6 жылға дейін көтерілді. Былай қарағанда, санкцияны бір жылға ғана арттырды. Дегенмен, жаңа нормалардың құқықтық салдары қатты. Енді, құқық қорғаушы немесе судья 138 900 теңгеге дейінгі параны алса, осы әрекет ауыр қылмысқа жатқызылады. Бұрынғы редакцияда ол орташа деңгейдегі қылмыс болып саналған. Ал сотталғандар қауіпсіздігі орташа мекемеге жіберіледі. Ал аса ірі мөлшерде алған немесе берген адамдар максималды қауіпсіздігі бар мекемелерде қамалады», – дейді Бектенов.
Айта кетейік, өткен аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған болатын. Соның аясында жемқорлық үшін жаза күшейтілді. Мемлекеттік қызметшілерге, парламент депутаттарына және судьяларға шетелдік банктерден шот ашуға да тыйым салынып отыр.
21 желтоқсан 2020 ж. 363 0