Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда жемқорлық фактілері көбейіп барады

Қазақстанда жемқорлық фактілері көбейіп барады

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бекайдаров елімізде жемқорлықтың өршіп бара жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды  inform.kz.
«2017-2019 жылдары және 2020 жылдың алғашқы бес айында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері пара беруге қатысты мыңға тарта қылмысты тіркеді. Сонымен бірге кейінгі үш жылдағы динамика пара берушілерге қатысты фактілердің өскенін көрсетіп отыр. Мәселен бұл бағытта 2017 жылы 255, 2018 жылы 232, 2019 жылы 342 қылмыс анықталса, ал 2020 жылдың алғашқы бес айында 172 қылмыс тіркелген. Енді статистиканы салыстыра беріңіз: 2018 жылы пара берушілерге қатысты 232 қылмыс тіркелсе, бір жылдан кейін бұл қылмыс саны 342-ге дейін артқан», – деді Данияр Бекайдаров агенттіктің бүгінгі «Антикор LIVE» айдарында.
Осы аралықта Қазақстанда пара бергені үшін 586 адам сотталыпты. Олардың 154-і бас бостандығынан айырылса, 377-і айыппұл арқалаған. Тағы 67 адамның бас бостандығы шектелген.
«Биыл пара үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтардың бестен бірі, яғни 20 пайызы мемлекеттік қызметкерлердің өзі. Олар сотталудан бөлек мемлекеттік қызметтен босатылған және мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеу құқығынан айрылған азаматтар. Талдау жұмыстары көрсетіп отырғандай пара берушілердің көбі – жеке компаниялардың өкілдері. Олар лауазымды адамдарды сатып алу арқылы өз кәсібін жүргізгісі келеді, мемлекеттік сатып алу бойынша атқарылған жұмысқа қол қою үшін осындай іске барады», – деді ол.
Данияр Бекайдаров сөзін нақты мысалдармен шегелей түсті.
Оның айтуынша, Алматыда ЖШС өкілдерінің біріне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ол келісімге сәйкес соманың бес пайызын (33 млн теңге) Қарасай ауданы әкімінің орынбасарына берген. Ақшаны жалпы қамқорлық үшін ұсынған.
«Осыған ұқсас қылмыс бойынша елордада «Ақжайық Электро» ЖШС директоры жазаланып, оған 71 040 000 теңге айыппұл салынды. Ол Алматы ауданы әкімінің бұрынғы орынбасарына (3 жылға бас бостандығынан айырылған) жалпы қамқорлығы мен орындалған жұмыс бойынша жұмыс актісіне қол қойып беруі үшін 5 млн теңге пара берген», – дейді Данияр Бекайдаров.
19 маусым 2020 ж. 508 0