Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аллаға жақын адамдар өздерін өзгелерден төмен санайды

Аллаға жақын адамдар өздерін өзгелерден төмен санайды

Адамдардың көпшілігі өз нәпсілерінің кемшіліктерін білмейді. Кейбіреулер басқаның жүзіндегі кішкентай дақты көреді, ал өз денесіндегі үлкен жараны байқамайды. Жығылып жатып, сүрінгенге күледі. Басқаға әрдайым тергеуші, ал өзіне келгенде қорғаушы бола қалады.
Алайда, Алла Тағала бір құлына жақсылық қаласа, оған нәпсісінің кемшіліктерін көрсетеді. Сондықтан Аллаға жақын әулие адамдар өздерін әрдайым басқалардан төмен санайтын. Айып, кемшіліктер білінгенде оны емдеу, оны тәрбиелеу оңайға түседі.
Адамның өз кемшіліктерін көре білуге мына төрт жол жәрдем етеді:
 1. Алланың досы тақуа адамнан білім алып, шәкірт болу. Мұндай тақуа адам мен сенің жағдайың, оқушы мен оқытушы секілді. Ол саған нәпсіңнің айыптарын айтып, оны дұрыстау жолын көрсетеді.
2. Діндар, кемшілікті бетке айтатын адаммен дос болу. Омар (р.а.) «Менің кемшіліктерімді көрсеткен адамға Алла разы болсын» дейтін. Омар (р.а.) Салман Парсыдан өзінің кемшіліктерін сұрайтын. Онымен жолыққан сайын:
 «Саған менің қандай кемшіліктерім мәлім?» – деп сұрайды.
 Сонда Салман:
«Менен мұндай мәселе жайлы сұрама» – дейді. Омар қоярда-қоймай сұрап тұрып алады. Ақырында Салман:
 «Менің естуімше, сен бір дастарқаныңа екі айран қояды екенсің. Және екі киімің бар екен. Біреуін күндіз, екіншісін түнде киеді екенсің!» – дейді.
Омар (р.а.):
 – Бұдан басқа тағы да естігендерің болды ма?
– Жоқ.
 – Олай болса, мен бұл екеуінен де құтылдым, – деп, Омар өз қателігін Салман арқылы тауып, екі кемшіліктен құтылғанын айтады.
3. Нәпсінің кемшіліктерін дұшпаннан да білуге болады. Өйткені олар әрдайым қарсыласының кемшіліктерін санап отырады. Сондықтан кейбір жағдайда кемшілікті айтпайтын, әрдайым мақтай беретін достан кемшілік пен айыптарды санап шығатын дұшпан артық.
4. Көпшілікпен бірге болу. Көпшілік арасында жүргенде олардың арасынан түрлі кемшілігі бар адамдар шығады. Міне, соларды көріп: «Өзімде де мұндай кемшілік бар емес пе?» – деп кісі өз кемшілігін мойындай бастайды.
Мұсылман – мұсылманның айнасы. Сондықтан өзгенің бойынан жаман қылықтарды көргенде, сондай сипаттардан өзін аулақ ұстағаны, егер де бойында кездесіп жатса, онда олардан арылудың жолдарын қарастырғаны жөн. Хазірет Исадан (а.с.):
 «Саған әдепті кім үйретті?» – деп сұрағанда, ол:
«Маған ешкім үйретпеді. Тек үйренгенім жаманның жамандығынан жиіркендім және надандығынан сақтандым, бәрі осы ғана» депті.
mazhab.kz
 
22 желтоқсан 2020 ж. 899 0