Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Алланың қошеметі қажет

Алланың қошеметі қажет

  elana.kz Ертеде бір хан ел билеген екен. Бір күні түсінен қатты шошып оянып кетеді. Таңертең уәзірін шақырып:— Дайындал. Сарайдан сыртқа шығамыз, — депті. Екеуі қарапайым киім киіп, ел арасын аралай бастайды. Бір ауылға жеткенде, түсінде көрген жерін танып, тоқтайды. Адамдар көп, бәрі өз тіршілігін жасап жүр. Жерде бір адам өліп жатыр. Бірақ оған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Сонда Хан жергілікті адамдардан сұрапты:
— Ей Адамдар! Бұл кім? Неге бұлай тапталып қор болып жатыр?
— Бұл адам араққұмар біреу. Ол ешкіммен араласқан емес. Онымен 40 жылдан бері көрші тұрам. Бірақ көрші болып бас қосқан емеспіз. Өзі нағыз ағаш шебері. Таң атқаннан кешке дейін жұмыс жасайды. Бірақ тапқанына қай жерде арақ болса сатып алады. Тіпті үйіне жезөкшелерді әкетіп бара жатқанын көретінмін. Ешбір адамға жақсылығы тимеген. Сондықтан осылай болып жатыр, — деді.
Адамдар жан-жаққа тарап кетті.
— Жүріңіз Хан ием, біз де кетейік, — дейді уәзір де.
— Жоқ. Менің түсіме бұл адам неге кіргенін түсінбедім. Алла маған оны жерле деп аян етті. Мен Алланың қалауын орындаймын. Тек оны жуындыратын жер керек. Жүр оны мешітке алып барайық.
Мешітке алып барса, мешіттің имамы оларды кіргізбейді.
— Бұл адамды кіргізе алмаймын. Ол Аллаға қарсы шықты. Алла оның жазасын берді деп жолатпайды. Хан оны көрші ауылдағы мешітке алып барады. Ол мешеттің имамы оны көргенде жылай бастайды. Сонда Хан:
— Сіз оны танисыз ба? — дейді.
— Иә ол өте жақсы адам еді. Намазын уақытында оқып, Алланың жолында жүрген адам болатын, — деді.
Үшеуі оның жаназасын шығарып жерлейді. Хан неге әр адам ол жайында әртүрлі пікір айтады? Ол шын мәнінде қандай адам деп қызыға бастайды. Сұрастырып оның үйін тауып барады. Есікті бір әйел ашады. Хан оған күйеуін жерлеп келгенін, барлық мән-жайды айтады. Әйелі көзіне жас алады.
— Сіздің жолдасыңыз қандай адам еді?
— Мен онымен мақтанамын. Ол өз жанын Алланың жолында құрбан етті.
— Бірақ көршілеріңіз теріс пікірде. Олардың айтуы бойынша арақ құмар болған екен. Ешбір адамға көмегі тимеген деп наразы.
— Мырза, олар жолдасым қандай жақсылық жасағанын қайдан білсін? Иә ол арақ десе жанын беріп болса да сатып алатын. Бірақ өзі ішкен емес. Өзгелер ішпесін деп ауылдағы бүкіл арақты сатып алып, дәретханаға төгетін. Иә, ол жезөкшелерді үйге әкелетін. Бірақ олармен бірге болған емес. Өзгелер олармен бірге болып, күнәға батпасын деп, оларды үйге әкелетін. Мен сендердің уақыттарыңды сатып алдым дейтін. Ол уақытты қалай өткізсемде өз еркім дейтін. Түнімен оларға Алланы насихаттап, имандылыққа шақыратынбыз. Соның арқасында жеңіл жүрісті әйелдер біршама азайып қалған еді.
— Бірақ неге көршілерге ештеңе айтпаған?
— Мен оған қаншама рет айттым. Елге шыныңды айт. Олар теріс пікірде. Ертең біз дүние салсақ кім жерлейді? — деп. Бірақ ол тыңдамады.
— Менің жақсылығымды Алла көріп тұр. Маған сол жеткілікті. Адамдар қалай ойлайтынында шаруам жоқ. Ең бастысы Алланың алдында арым таза. Адамдарға айтып олардың қошеметіне ие болу үшін мен үшін қажет емес. Ақыретте Алланың қошеметі қажет. Сені кім жерлейді деп қорықпа. Алла сүйген құлын ешқашан ит-құсқа жем етпейді. Мен Аллаға сенемін. Егер Алладан әмір келіп жатса, тіпті Ханның өзі жерлеуі мүмкін, — деп күлетін. Ол намазын көрші ауылдағы мешітке барып оқитын. Неге өзіміздің ауылдағы мешітке оқымайсың десем.
— Бар жан тәніммен Аллаға берілген имамның артында тұрып намаз оқып жатып, көзімді жұмғанда Қағба көрінгендей болады, — дейтін.
Мұны естігенде Хан мен уәзірі аң-таң қалады. Расында да қайсібір адамның Аллаға деген сенімі қандай қиыншылыққа да қарсы шыға алады. Иманымыз әлсіремесін!

Дайындаған Кәмшат Айдарханова




05 қараша 2019 ж. 1 138 0