Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Шымкенттік ақсақал өліп тірілген ауылдасы жайлы адам сенгісіз оқиғаны айтып берді

Шымкенттік ақсақал өліп тірілген ауылдасы жайлы адам сенгісіз оқиғаны айтып берді

Шымкенттік 85 жастағы қария Замана басылымына бала кезіндегі таң қалаларлық оқиғаны баяндады. Айтуынша, бала күнінде о дүниеге аттанған ауыл тұрғынын қайта тірілгеніне куә болған.
Ақсақалдың сөзінше, оқиға 1943-жылы яғни Ұлы Отан соғысы жүріп жатқан кезде 22-мамыр күні сол кездегі Шымкент облысы, Шымкент ауданы, Қаратөбе ауылдық кеңесіне қарасты Сталин колхозында болған.
Ауылда ол кезде кәрі кісілер мен балалардан басқа ер адамдар болмапты. Себебі ағалары мен әкелерін майданға алып кеткен.
«Ауылда Сәрсенбай деген ата болатын. Колхоздың малын бағатын сол кісі бір күні кенеттен қайтыс болды. Жұрт жүрек талмасы ұстап қал­ған деп, есін жиюын күтіп денесін үш-төрт күн сақтағасын оны өлген деп ұйғарыпты.
Біз ол кезде бұғанасы қатпаған баламыз, бірақ колхоз жұмысына қатысамыз. Түске дейін сабақта боламыз, түстен кейін үлкендер бізді колхоздың жұмысына жегеді. Сол күні бізді бір-екі қарияға қосып, Сәрсенбай атаны жерлеуге жіберді. Ол кезде көп нәрсенің мәнісін біле бермейміз ғой, әйтеуір аталардың істе дегенін істеп, марқұмды жерлеп қайттық.
Содан бір күні қырманда жұмыста жүргенде басшымыз Асанбай ата шақырып алды. «Сәрсенбай аталарың тірі екен. Қазір көрдім. Үйіне келді. Бармайсыңдар ма?» – деді. «Ата, өлген адам қайтіп үйіне келеді? Қалай тіріліп кеткен?» – деп таңқалдым. Асанбай көкеміз үндемей қалды. Сосын: «Жұмыстан кейін үйіне барып қайтасыңдар ғой», – деді жай ғана.
Кейін естідік: Шаншарбай деген ата бір жұмыс­тармен Қарабұлақ базарына барып, түнделетіп қайтқан екен. Жол мазараттың жанынан өтетін. Сол жолмен келе жатса, мазаратта аппақ киінген бір адам отыр дейді. Содан қорыққанынан ауылға тез жетіп, көрген-білгенін Батырбек молдаға айтыпты. Сосын екеуі мазаратқа барса, әлгі адам сол жерде әлі отыр екен. Молда құран оқып, ақырындап жанына барса, ол: «Мені неге көмдіңдер?»– депті. Сонда барып олар әлгі адамның Сәрсенбай ата екенін аңғарады. Сосын оны үйіне ертіп келіпті», — деген қария бұл оқиға кейін көпке дейін ел аузында айтылып жүргенін айтады.
Ал Сәрсенбай атай одан кейін тағы да он жыл өмір сүріп, 1953-жылы, өзі бірін­ші рет «дүние салған күні», яғни тура 22-мамырда қайтыс болыпты.
www.qazbrand.info
25 ақпан 2019 ж. 1 738 0